28.08.2025, 16:30
Оқылды: 731

Жаңа оқу жылында жаңалықтар  бар

Облыста биылғы  оқу  жылында  10,6 мың бала  1-сыныпқа  барады.  Олардың 76%-ы  қазақ  тілінде  білім  алады.  Өңірде  қызмет  ететін 379  мектепте  126 мыңнан астам  оқушы  оқиды.  Мектептердегі  жаңа  оқу  жылы  «Мектебім –  мейірім  мекені» тақырыбындағы  іс-шарамен  басталады.  Ал  оны  өткізу  сипатын  әр  білім  беру ұйымы  өзі анықтайды.  Өңірлік  коммуникациялар  қызметі  өткізген  брифинг тақырыбына  жаңа  оқу  жылы арқау  болды. 

WhatsApp Image 2025-08-26 at 11.45.58

Облыстық білім басқармасының басшысы Елдос Сафуллиннің айтуынша, биылғы оқу жылы қарсаңында жергілікті бюджет есебінен жалпыға бірдей білім беру қорынан 433,5 млн теңге қаражат қарастырылған. Бүгінгі таңда ата-аналардың есепшоттарына 8208 балаға 46 мың теңгеден барлығы 379,4 млн теңге аударылыпты. Сонымен қатар жыл сайын ұйымдастырылатын «Мектепке жол» акциясы аясында 700-ден астам балаға 10 млн теңгеге жуық қаражатқа кеңсе тауарлары, киім-кешек алынып, қаржылай демеушілік көмек көрсетілді.

– Мемлекет басшысының білім саласына қатысты тапсырмаларын сапалы жүзеге асыру бағытында ауқымды жұмыстар атқарылуда. Жаңа оқу жылына дейін Казталов ауданы Қоныс ауылында «Қарашығанақ Петролеум оперейтинг б. в.» компаниясының әлеуметтік жобалары аясында салынған 60 орындық мектеп пайдалануға берілмек. Сонымен қатар жыл соңына дейін «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында салынып жатқан алты  білім ұясының  құрылысы аяқталады. Одан бөлек, білім беру инфрақұрылымын дамыту қорының қаражаты есебінен құрылысы жүріп жатқан Орал қаласындағы №8 облыстық дарынды балаларға арналған мектеп пайдалануға беріледі. Бүгінгі күні облыс бойынша алты  білім беру нысанында күрделі жөндеу жүргізілуде.

Біреуі жаңа оқу жылында аяқталуы мүмкін, қалғандары  жыл соңына дейін аяқталады. Білім беру ұйымдарының материалдық әлеуетін нығайту мақсатында биыл 23 кабинет жабдықтарын сатып алуға облыстық бюджеттен 299 млн теңге қарастырылды. Бұдан бөлек «Қазақстан халқына» қоры есебінен төрт ауыл мектебінің 20 кабинеті жабдықталуда. Білім беру мекемелерін қауіпсіздік құралдарымен қамтамасыз ету мақсатында жергілікті бюджеттен 304,3 млн теңге қаражат бөлінді, – деді басқарма басшысы Елдос  Набиоллаұлы.

2025-2026 оқу жылында оқушыларды оқулықтармен және оқу-әдістемелік кешендермен қамтамасыз ету үшін жергілікті бюджеттен 1998,8 млн теңге бөлінген. Облыстың техникалық және кәсіптік білім беру жүйесінде 35 колледж (26 мемлекеттік және 9 жеке меншік) жұмыс істейді. Жаңа оқу жылына мемлекеттік тапсырыс бойынша 4000 студент қабылдау  жоспарланған.

Тоғыз «Келешек» мектебі  салынады

2025-2026 оқу жылында «Цифрлық сауаттылық» және Информатика пәндеріне жасанды интеллект элементтері енгізіле бастайды. Орта білім беру жүйесінде ЖИ-ды қолданудың этикалық стандарттары бекітілген. Биылғы оқу жылынан бастап елімізде  мектептердің ішкі безендіруін біріздендіру бойынша бірыңғай дизайн-код кезең-кезеңмен енгізіледі. Бүгінде жаңадан салынған «Келешек мектептері» бекітілген брендбук негізінде безендірілуде. Бұл алдағы уақытта жөндеу жүргізіліп жатқан мектептерге де қолданылады. Келешекте дизайн-код елдегі барлық білім беру ұйымын қамтымақ.

– Биылғы республикалық тамыз конференциясына ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы қатысты. Мемлекет басшысы білім саласындағы маңызды мәселелерге тоқтап, нақты 5 міндетті айқындады. Өз сөзінде білім сапасын жақсарту, «Адал азамат» біртұтас тәрбие бағдарламасын жоғары деңгейде іске асыру, өскелең ұрпақтың санасына «Заң мен тәртіп» қағидатын сіңіру, балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, білім беру үдерісіне жасанды интеллектіні енгізу, ұстаз құқығын қорғау жөнінде бірқатар тапсырма берді. Мемлекет басшысы мұғалімдердің құқықтарын қорғауға және оларды қызметіне жатпайтын міндеттерден босатуға ерекше назар аударды. Президент айқындаған тапсырмаларды жүзеге асыру – білім беру жүйесін дамыту жолындағы ортақ борышымыз, әрбір педагогтің жауапты міндеті, – деді ҚР Оқу-ағарту министрлігі Батыс Қазақстан облысы білім саласындағы сапаны қамтамасыз ету департаментінің басшысы Зәуре Ғұмарова. Спикер білім саласындағы жобаларға  тоқталды.

«Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында облыста 8100 оқушы орнына арналған тоғыз мектеп салу жоспарланған. Соның 3-еуі былтыр іске қосылса, қалғанының құрылысы жалғасуда. Аталған жоба аясында салынған мектептер бұрынғы типтік мектептерден едәуір ерекшеленеді. Әр мектепте роботтық техника кабинеттері, STEM-зертханалар, хореография залдары, коворкинг аймақтары мен бірнеше спортзал қарастырылған. Зәуре Базарғалиқызының айтуынша, бұл мектептерде қызмет ететін  кәсіби білікті педагогтер даярлау ісі де қолға алынған.

Олар тегін кәсіби біліктілікті көтеру курстарын оқыған. Жаңа педагогикалық тәсілдер, әдістемелер және цифрлық құралдарды меңгеруге көмектесетін бағдарлама әзірленген. Ал мектеп директорын тағайындайтын кезде «Білім беру саласындағы  өзгерістің 1000 көшбасшысы» жобасы бойынша даярлықтан өткен үміткерлерге басымдық берілген.  Бұл  жоба білім саласындағы жаңа форматтағы  басшыларды  іріктеуге және даярлауға бағытталған.

Екі жылда осы жоба аясында облыстағы 46 педагог кадр резервіне енген. Соның 28-і басшы болып, ал 4-еуі директордың орынбасарлығына  тағайындалған.

Өңірдегі әкімдіктер 2025-2027 жылдарға арналған орта білім беру ұйымдарын реновациялау  жоспарларын әзірлеген. Реновация аясында мектептер күрделі жөндеуден өтіп, заманауи пәндік кабинеттермен жабдықтау, мектеп жиһаздарын жаңарту, кітапханалар мен асханаларды жаңғырту, спортзалдарды қайта жаңарту, қауіпсіздік жүйелерін орнату жұмыстары жүргізіледі. Аталған жоба аясында биыл алты мектепте реновация жүргізілуде.

Мектеп асханасында – жаңа  мәзір

Қыркүйектің 1-інен бастап білім беру ұйымдарында жаңа тамақтану стандарты енгізіледі. Соған сәйкес балалардың тамағында қант пен тұз мөлшері азаяды. Көкөністер, жемістер мен сүт өнімдері артады. Тәтті газдалған сусындар мен шырындар берілмейді. Олар газдалмаған су, сүт, қышқыл сүт өнімдері, жеміс шайлары, компоттар, қанты аз жеміс-жидек сусындарына (термиялық өңделген) ауыстырылады. Бұл өзгерістер мектеп тамағының сапасын жақсартуға бағытталған және тиісті қаржыландыруды қажет етеді. Облыста 369 мектепішілік асхана мен 7 буфет бар. 1-4 сынып оқушылары 100% ыстық  тамақпен  қамтылады.

– Жаңа оқу жылы қарсаңында білім беру нысандарына мониторинг жүргізілді. Зерделеу барысында оқу үдерісін ұйымдастыру жағдайына, ағымдағы және күрделі жөндеу жұмыстарына, сумен жабдықтау, кәріз, жылыту және желдету жүйелеріне ерекше назар аударылды. Жиһазбен, санитарлық-техникалық жабдықтармен қамтылуы, жеке гигиенаны сақтау шарттары қаралды. Тамақтандыру және медициналық көмек көрсету жағдайларына ерекше мән берілді. Жүргізілген мониторинг қорытындысы бойынша мектептердің жаңа оқу жылына дайындық деңгейі туралы 108 ұсыныс берілді. Білім беру ұйымдарының басшыларына жөндеу жұмыстарын уақтылы аяқтау, материалдық-техникалық әлеуетті нығайту, қолайлы оқу-тәрбие ортасын қалыптастыру және оқушылардың сапалы әрі қауіпсіз тамақтануын ұйымдастыру бойынша қажетті шараларды қабылдау ұсынылды, – деді облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Гүлдана Кереева.

Ясипа Рабаева,

«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале