3.09.2020, 23:59
Оқылды: 58

Жаңа өндіріс ел экономикасына серпін береді

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауындағы басты бағыт-бағдар талқыланған облыс активі жиынында «Конденсат» акционерлық қоғамы директорлар кеңесінің төрағасы, облыстық мәслихаттың депутаты Фарид Бахтиозин өнеркәсіп саласын өркендету бағытында Президент бастамасымен қолға алынатын жобаның әлеуеті зор екенін айтты.

aktiv (8)

– Қазақстаның Батыс аймағында мұнайхимия кешені құрылысына инвестия тартатын орталық құрудың маңызы зор. Бұл кешен жоғары деңгейдегі өнім бермек. Ірі өнеркәсіп кәсіпорнының жетекшісі ретінде айтарым, бұл идеяны толықтай қолдаймын. Аталған орталықты Қарашығанақ базасында құруды ұсынамын. Қарашығанақ кешенінен өндірілген газ екі бағытқа жөнелтіледі. Алғашқы бөлігі құбыр арқылы Орынбор газ өңдеу зауытында өңделіп, облысты отындық газбен ішінара қамту үшін қолданылуда. Ал екінші бөлігі жер асты қыртысынан айдалуда. ҚР Үкіметінің қолдауы арқасында әр бағыттағы ағыннан шикі газды ішінара бұрып алуға болатын жаңа мұнайхимия өндірісін қолға алуға болады. Біз шикі Қарашығанақ газын өңдеу және одан полиэтилен мен сығымдалған көміртекті газ және этапеполипролин өндірудің технологиялық әдісін қолданып көргенімізді айтқым келеді. Сонымен қатар сұранысқа байланысты жеңіл өнеркәсіпте синтетикалық жіп өндіруге мүмкіндік беретін шикізат – этиленгликоля мен мотор отынына қажет жоғары сапалы қосымша өнімдерді өндіруге болады.

1 млрд. Қарашығанақ шикі газын бұру арқылы облыста 1 мың жұмыс орны құрылады және жыл сайын 100 млн. теңге көлеміндегі салық төлемі бюджетке аударылып отырады. Президент ұсынған қуатты жоба көптеген өндіріске серпін береді. Мәселен, жаңа өндіріс орнынан алынған полимер пластмассадан жасалған тауарлар үшін таптырмас шикізат болмақ. Жоғары сапалы автокөлік отынын өндіруге, транспорт құралдарын сығымдалған газбен қамтамасыз етуге мүмкіндік бермек. Қарашығанақ шикі газын химиялық өнеркәсіп үшін өңдеу бірден облысқа қажет отындық газ алуға жағдай туғызып, тұрғындар үшін қолайлы баға қалыптастырады, – деді Ф.Бахтиозин.

«Ақжайық – адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің жетекшісі Әлия Салиева халықтың әлеуметтік жағдайын жақсартуда жергілікті өзін-өзі басқарудың маңызы зор екенін тілге тиек етті. Оның айтуынша, қазақстандықтардың құқық аясы кеңейіп, мәселе шешімін табуға биліктің орталық құрылымдарына немесе Президенттің өзіне тікелей үндеу жолдай алады. Мемлекет басшысы тапсырмасымен онлайн-петиция жасаудың бірыңғай заңды институты құрылмақ. Азаматтар құқын қорғау ісіне мұндай реформалар игі ықпалын тигізеді. Жиында облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Қаймен Есендияров Жолдау аясында бұқаралық спортты дамытуға серпін берілетініне сенімді екенін айтты.  

aktiv (3)

– Спорт саласындағы өзекті мәселелердің бірі – балалар-жассөпірімдер спорт мектептерінде жаттықтырушы мамандардың тапшы болуы. Оған жаттықтырушы еңбекақысының төмен болуы себеп болуда. Мектепте сабақ беретін дене шынықтыру пәні мұғалімдері 18 сағаттық жұмыс жүктемесімен 172 333 теңге еңбекақы алады. Ал спорт саласындағы жаттықтырушылар 24 сағаттық жүктемемен 72 588 теңге алады. Соған байланысты жоғары оқу орнын тәмамдаған мамандар педагогикалық салада қызмет етуге тырысады. Бұл жағдай спорттың жоғары деңгейде дамуына кері әсерін тигізуде. Осы аталған мәселелерді шешудің бір нұсқасы – спорт саласындағы штаттық бірліктерді оңтайландыру деп есептеймін. Бұл туралы мемлекеттің басшысы да айтуда, – деді Қаймен Есендияров.

Жиын барысында «Alfa 99» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры, Орал қалалық мәслихатының депутаты Марат Каженов, Ақжайық ауданы «Мұқадес» шаруа қожалығының жетекшісі Ақылбек Сағитов сөз алып, Жолдау ауқымында жүзеге асуы тиіс міндеттемелер жөнінде өз ұсыныстарын айтты.

Айта кетейік, бүгін ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауы аясында облыс әкімі Ғали Есқалиев төрағалығымен актив жиналысы өтті. Оған облыстық мәслихат депутаттары, қала және аудан әкімдері, облыстық басқармалар мен департамент басшылары, саяси партиялар филиалдарының, үкіметтік емес және жастар ұйымдарының жетекшілері, зиялы қауым өкілдері қатысты.

 Нұртай Текебай,

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале