9.02.2017, 18:22
Оқылды: 52

Жаңа реформаға - жаңа көзқараспен


FFaktorrr  Бүгін Салтанат сарайында «Қазақстандағы конституциялық реформалар тұрақты дамудың негізгі факторы»  тақырыбында конференция өтті. Конференция жұмысына облыс әкімінің орынбасары Марат Тоқжанов төрағалық етті.


  Конституциялық реформаларды жан-жақты талқылау мақсатында ұйымдастырылған шараға ҚР Парламенті Сенатының депутаты Ерболат Мұқаев, жергілікті мәслихат депутаттары, мемлекеттік органдардың басшылары, жоғары оқу орындарының ректорлары мен проректорлары, ғалымдар, үкіметтік емес ұйым мүшелері, саяси партия және ұлттық мәдени орталықтардың өкілдері қатысты.

  - Президенттік билік орнаған 25 жылда қазақ елін ең бастысы әлем мойындады. Биылдан бастап БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің 2017-2018 жылдардағы тұрақты емес мүшесі атанды. Бұл үлкен жетістік. Тарих өзі дәлелдеп кеткендей, осы күнге дейін басқару жүйелерінде ешқандай өзгерту енгізбеген  бірде-бір мемлекет жоқ. Әлемдік жағдайлардағы түрлі үдерістер Қазақстанға да жаңа өзгерістер қажет екенін дәлелдеп отыр. Біз мұндай қадамдардан қорықпауымыз керек. Өйткені әлемнің алпауыт мемлекеттеріне айналған елдердің бәрі де осындай реформаларды түрлі жолдармен жүзеге асыру арқылы қол жеткізді. Президент өзінің 40-қа жуық өкілеттілігін Парламент пен Үкіметке бергенімен, Президенттік билік өзінің күшін сақтап қалмақ. Тек басқару жүйесіндегі кейбір өзгерістер атқарушы және заң шығарушы биліктердің жұмысын бұрынғыдан да ширата түспек. Жаңа реформаға қатысты көптеген ұсыныстар түсіп жатыр. Тіпті, пікір қайшылығы да кездеседі. Елбасының тапсырмасымен құрылған жұмыс тобы әр ұсынысты егжей-тегжей тексеріп, Конституциялық заңдарға қайшы келмейтін, халыққа пайдалы ортақ шешім қабылдайтын боламыз, - деді ҚР Парламенті Сенатының депутаты Ерболат Мұқаев.

  Ал М.Өтемісов атындағы БҚМУ-дың тарих, экономика және құқық кафедрасының доценті, тарих ғылымдарының кандидаты Альфия Байболсынова «Конституциялық реформалар – тарихи талдау тұрғысынан» тақырыбындағы баяндамасында қазақ елінің қалыптасу жолында, хандық жүйеде көптеген реформалардың жүзеге асқандығын, оның ішінде «Қасым ханның қасқа жолы», «Есімханның ескі жолы», Тәуке ханның «Жеті жарғысы» қазақ халқының одан әрі бірігу жолында зор рөл атқарғаныдығын атап өтті.

  Бұдан кейін «Саяси жүйені жетілдіру – тұрақты дамудың кепілі» тақырыбында  «Қазақстан Коммунистік Халық партиясының» облыстық филиалының екінші хатшысы Сұлтанбек Сұлтанғалиев, «Конституциялық реформа – бизнесті жаңғыртудың жаңа бағыты» тақырыбында «Еврзаия Лайн» ЖШС директоры Сергей Хегай, «ҚР Конституциясының болашағы» тақырыбында облыстық әділет департаменті басшысының орынбасары Хамидолла Құсдәулетов баяндама жасап, билік тармақтары арасындағы өкілеттіліктерді қайта бөлу мәселесін кеңінен талқылады.

  Жиын соңында тыңдаушылар тарапынан біраз сұрақтар қойылып, ұсыныстар айтылды.

Ләззат ШАҒАТАЙ

www.zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале