24.11.2020, 10:08
Оқылды: 19

Жаңа шағынауданда құрылыс қарқынды

Орал қаласындағы Қадыр Мырза Әли шағынауданында бірқатар нысандар бой көтеруде. Нақтырақ айтсақ, аталмыш ауданда элиталы тұрғын үйден бастап мәдениет сарайы, төрт жұлдызды қонақүй салынуда. Ал Тұңғыш Президент алаңы келер жылы биылғыдан да көз тартарлықтай көркейе түспек. Соған орай облыс әкімі Ғали Есқалиев бірқатар құрылыс нысандарын аралап, жасалып жатқан жұмыстарға куә болды.

85A353B2-C8E0-4A28-84A7-E89EBB5E02E6

Өңір басшысы алдымен Қадыр Мырза Әли шағынауданындағы сегіз қабатты элиталы тұрғын үйге барып, құрылыс жұмыстарын бағамдады. Аталмыш үйді «Alem Group Kazakhstan» ЖШС-ның тапсырысы бойынша «Biali Group Kazakhstan» ЖШС мердігер мекемесі жүзеге асыруда. Тұрғын үй құрылысының аумағы 1,3 гектарды алады. Мұнда 134 пәтер болмақ.

– Құрылыс жұмыстарын 2018 жылдың мамыр айында бастаған едік. 100-ден астам жұмысшы еңбек етуде. Құрылысшылар – жергілікті тұрғындар. Пәтерлердің барлығы элиталы-комфорт класты. Тұрғын үйдің қасбетіне травертин секілді табиғи тастар қолданылады. Бөлмелердің биіктігі – 3 метр. Бірінші қабат коммерциялық бағытта болғандықтан, жалға берілмек. Яғни мұнда балалардың спорттық алаңдары болады. Пәтерлердің шаршы метрі 190-нан басталады және әр шаршы метрі 280 мың теңгеден сатылымға шығарылатын болады. Тұрғын үй келесі жылдың қыркүйек айында пайдалануға беріледі. Сондай-ақ «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің» салымшыларына «Өз үйім» бағдарламасы бойынша несие рәсімдеп алу мәселесі қаралып жатыр, – деді «Alem Group Kazakhstan» ЖШС директорының бірінші орынбасары Нұрболат Қылышев.

22A7768A-1C0E-4856-9939-B6A59A42C590

Өз кезегінде облыс әкімі мемлекет тарапынан қандай қолдау қажеттігін сұрап, жұмыстарына сәттілік тіледі. Содан соң ол Орал қаласындағы мәдени шараларды жоғары деңгейде өткізуге мүмкіндік беретін және 1000-ға жуық көрерменді қамтитын мәдениет сарайының құрылыс жұмыстарымен танысты.

– Осы кезге дейін облысымызға шетелден немесе елімізге танымал әншілердің келіп концерт беруіне мүмкіндік болмады. Енді, міне, 926 орындық көпбейінді мәдениет сарайы бой көтеруде. Мұнда барлық мәдени ұжымдар орналасады. Соның ішінде облыстық әкімдіктің эстрадалық-симфониялық оркестрі, жастар музыка театры,  бишілер ұжымы, этно-фольклорлық ансамбль, вокалды аспаптар ансамблі секілді өнер ұжымдары болмақ. Сондай-ақ көрме залы мен жергілікті суретшілердің зертханасы да қамтылады. Мәдениет сарайы келесі жылы пайдалануға берілмек. Еуропалық стандарттағы дыбыс, жарық аппаратуралары орнатылады, – деді Жастар шығармашылық орталығының директоры Марат Қалиев.

«Альтаир» ЖШС-ның құрылыс бойынша директоры Нұрлан Қуанғалиевтің айтуынша, бұл нысанда 200-ге жуық жұмысшы еңбек етуде. Мәдениет үйі үш қабатты болмақ. Көрермен залының аумағы 1000 шаршы метр. Көрермендерге арналған 926 орынның 121-і балконда орналасқан. Сахнаның да бірқатар ерекшеліктері бар. Яғни оркестр немесе әнші ортаға шыққанда сахнаны сәл биікке көтеріп, кейін төмен түсіруге болады.

Құрылыс жұмыстарымен танысқан Ғали Нәжімеденұлы мердігер компанияға құрылысты уақтылы және сапалы атқаруды тапсырды. Ал сала мамандарына мәдениет сарайы пайдалануға берілгеннен кейін кабинеттер мен залдардың бос қалмауы қажеттігін жеткізді.

Қадыр Мырза Әли шағынауданында  салынып жатқан тағы бір нысан – төрт жұлдызды  қонақүй  кешені.

– Төрт жұлдызды қонақүйде 105 бөлме, яғни 85-і стандартты, 10-ы люкс, 10-ы апартамент болмақ. Сондай-ақ қонақүйде фитнес, тренажер залы қамтылады. Бірінші этажда 100-120 адамға арналған еуропалық үлгідегі мейрамхана, лоунч бар және бассейн жабдықталмақ. Екінші этаж конференция залдарға арналған. Үшінші қабаттан бастап қонақ бөлмелері орналастырылады. Құрылысқа жұмсалған қаражатты өз қалтамыздан шығарудамыз және ғимараттың ішкі жұмыстарын атқаруға несие алмақпыз. Құрылыс аяқталып, қонақүй пайдалануға берілгенде 100-150 адамды жұмыспен қамтуды көздейміз, – деді жобаның бастамашысы, «Орал офис» ЖШС-ның директоры Азамат  Ғұбайдуллин.

Өз кезегінде өңір басшысы құрылыс жұмыстарына оң баға беріп, саяхатшыларды тарту мәселесін ойластыру қажеттігін жеткізді.

91D488C3-C034-45F4-A0F8-029165ECC16A

Орал қаласындағы  Коняхин көшесінде «Кодокан» атауымен жаңа спорт кешені бой көтеруде. Дзюдо күресіне балалар мен жасөспірімдерді баулу мақсатында салынып жатқан кешеннің жоба құны 150 млн. теңге.  

– Ғали Нәжімеденұлы, сіз биыл жазда бұл ауданда көркейту, әсіресе спорттық бағыттағы әлеуметтік нысан салу қажеттігі туралы бастама көтерген едіңіз. Дзюдодан спорт шеберлігіне үміткер болғандықтан, сол бастамаңыз ойымнан кетпеді. Содан қазан айында құрылысты бастап кеттік. Мұнда дзюдо спортына арналған олимпиадалық екі татами болады. Татами халықаралық деңгейде орналастырылады. Дзюдо залынан бөлек массаж, тренажер, йога залдары және тренерлердің кабинеті, киім ауыстыру бөлмесі қамтылады. 300 көрерменге арналған орын саламыз. Сондай-ақ спорттық киімдер мен тағамдар сататын дүкен,  спортшыларға арналған физиокабинет ашу да ойымызда бар, – деді жобаның инвесторы Ғайса Жұмалиев.

Облыс әкімі өз кезегінде қалада спортшыларды оңалту орталығының жоқтығын айтып, егер инвесторлар ықылас танытса, мемлекеттік қолдаудың болатынын жеткізді. Ал жұмыс сапарының соңында өңір басшысы Тұңғыш Президент алаңының абаттандыру барысымен танысып, қала тұрғындарының таза ауамен серуендеуіне және спортпен айналысуына мүмкіндік мол екеніне куә болды.

Гүлсезім Бияшева,

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале