Жаңа Су кодексінің жобасы әзірленді. Қазақстан Республикасы Су ресурстары және ирригация Министрлігі баспасөз қызметінің хабарлауынша, заңнамалық өзгерістер су ресурстарын басқару тәсілдерін Қазақстанның су әлеуетін сақтауға басымдық беру жағына қарай қайта бағытталды.
Фото: gov.kz
Су ресурстары және ирригация министрлігі кодекс жобасын әзірлеу барысында Австралия, Германия, Израиль, Канада, Өзбекстан және тағы да басқа мемлекеттердің тәжірибесі мен су ресурстары саласындағы заңнамасын зерттеді.
Қолданыстағы су заңнамасының әлсіз жақтарын анықтау үшін өңірлерді аралап, сарапшылармен және ғылыми ұйымдармен бірнеше мәрте кеңес өткізді.
Парламент Мәжілісінің депутаттары және тәуелсіз сарапшылардың қатысуымен жаңа Су кодексінің жобасын талқылау бойынша жұмыс тобы 37 отырыс өткізді.
2003 ЖЫЛҒЫ ҚОЛДАНЫСТАҒЫ РЕДАКЦИЯДА:
- 20 жылда 272 өзгеріс енгізілді
- Көптеген нормалар декларативті немесе оларды жүзеге асыру механизмі қарастырылмаған
- Кей нормалар бір-біріне логикалық тұрғыда сәйкес келмейді және қарама-қайшылықтар кездеседі
- ГТҚ қауіпсіздігі, суару және дренаж, ауыз су және сумен қамтамасыз ету мәселелері шешілмеген
СУ КОДЕКСІНІҢ ЖАҢА РЕДАКЦИЯСЫНДА:
- Кодекс нормалары жүйеленді
- Декларативті, қайталанатын нормалар алынып тасталды
- Су кодексінің принциптері мен міндеттері оларды іске асыру тетіктерімен қоса айқындалды
- ГТҚ қауіпсіздігі, суару және дренаж, ауыз су және сумен қамтамасыз ету мәселелері жеке бөлімдерге бөлінді
ЖАҢА СУ КОДЕКСІНІҢ БАСТЫ МАҚСАТЫ:
1. Су пайдаланудың қауіпсіз деңгейіне қол жеткізу және оны сақтау
2. Экономиканың тұрақты дамуын қамтамасыз ету
3. Азаматтардың өмір сүру сапасын жақсарту және қоршаған ортаға ұқыпты қарау.
НЕГІЗГІ ПРИНЦИПТЕР:
1. Суды қоршаған ортаның ажырамас бөлігі, халықтың тіршілік әрекеті мен экономикалық дамуының негізі ретінде тану
2. Мемлекеттің су ресурстарын пайдалану кезінде олардың экономикалық құндылығын тануы
3. Жерүсті және жерасты су ресурстарын кешенді пайдалану
4. Су үнемдеу
5. Су қорын сақтау және пайдалану жөніндегі міндеттерді шешуге қоғам өкілдерін тарту
6. Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық нормалар мен келісімшарттар негізінде трансшекаралық су ресурстарын пайдалану
ЖАҢА РЕДАКЦИЯДА:
1. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша елді мекендер мен нысандарды тасқын және еріген қар суынан қоғау және алдын алу іс-шаралары енгізілді
2. Алғаш рет шағын көлдерді, өзендер мен тоғандарды, сондай-ақ мұздықтар мен сулы-батпақты аймақтарды қорғау жөнінде нормалар енгізілді
3. Климаттың өзгеруіне бейімделуге және су үнемдеу принциптерін енгізуге баса назар аударылады
4. Су ресурстарын басқарудағы үйлестіруді жақсарту үшін мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдардың, жергілікті уәкілетті органдардың құзыреттерін мұқият реттейді
5. Алғаш рет «экологиялық ағын» ұғымы енгізіледі, бұл – су объектілерінің экожүйелерін сақтау үшін судың ең төменгі рұқсат етілген деңгейі, сарқылудан және басқа да жағымсыз салдардан қорғайды
6. Елді мекендердегі сумен жабдықтау, су бұру және гидротехникалық құрылыстардың қауіпсіздігіне ерекше назар аударылады
7. Тазартылған ағынды суларды қайта пайдалануға басымдық беріледі
8. Бассейндік инспекцияларға мемлекеттік бақылау функцияларымен қатар тергеу функциялары да беріледі. Бассейндік инспекция қызметкерлерінің саны 1,5 есе өсіп, жалпы штат саны 242 адамға жетті
9. Жаңа Су кодексінің жекелеген ережелері елімізге инвестиция тартуды ынталандыруды көздейді.
КҮТІЛЕТІН НӘТИЖЕ:
1. Қолданыстағы заңнамада және құқық қолдану практикасындағы олқылықтарды жоя отырып, су ресурстарын қорғау және пайдалану саласындағы қатынастарды реттеудің нормативтік негізін тұжырымдамалық жаңарту;
2. Су пайдалану тиімділігін арттыру және өнімсіз шығындарды азайту арқылы су қорын болашақ ұрпаққа сақтау;
3. Су ресурстарын мемлекеттік басқару және оларды қорғау мәселелерінде мемлекеттік органдар мен қоғамдық ұйымдардың іс-қимылын үйлестіру;
4.Судың халыққа, қоршаған ортаға және ел экономикасына зиянды әсерінің алдын алу;
5. Су ресурстарын қорғау және пайдалану саласында ғылымды және кадрлық әлеуетті дамыту;
6. Су саласында қолда бар озық технологиялар мен цифрландыру құралдарын әзірлеу мен енгізуді ынталандыру;
7. Трансшекаралық су нысандарын бірлесіп пайдалану бағытында мемлекетаралық ынтымақтастықты жетілдіру.