8.01.2021, 17:56
Оқылды: 37

Жаңа жыл қоныстоймен басталды

Жаңа жыл қарсаңында Орал қаласының Зашаған кентінен тоғыз қабатты көппәтерлі тұрғын үй пайдалануға беріліп, 180 жанұя жаңа баспанаға қол жеткізді. Жалпы көлемі 11 мыңға жуық шаршы метрді құрайтын тұрғын үйдің құрылыс жұмыстарын «Альтаир-СК7» ЖШС  жүзеге асырған.

 IMG-20210108-WA0027

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Қазақстан халқына арнаған Жолдауында отбасылық табыстың түрлі деңгейіне сай келетін бірыңғай тұрғын үй саясатын әзірлеуді тапсырған болатын. Президенттің тапсырмасына орай облысымызда тұрғындарды қолжетімді және сапалы баспанамен қамтамасыз ету үшін жаңа тұрғын үйлердің құрылысы белсенді жүргізілуде. Айталық, Орал қаласында «Нұрлы жер» мемлекеттік тұрғын үй бағдарламасы аясында 2020 жылы 64,8 мың шаршы метрді құрайтын көппәтерлі 7 тұрғын үй кешені толықтай аяқталып, пайдалануға берілген болатын. Оның ішінде 5-еуі «Отбасы банк» салымшыларына, екеуі тұрғын үй кезегінде тұрғандар үшін беріліп, 1251 отбасы қоныстойын тойлаған еді.

IMG-20210108-WA0029

Тұрғын үйдің ашылу салтанатына Орал қаласының әкімі Абат Шыныбеков қатысып, баспаналы болған тұрғындарды арнайы құттықтады.

- Қайырлы күн, құрметті жерлестер! Ең алдымен баршаңызды келіп жеткен жаңа жылмен құттықтаймын! Жаңа жылда жаңа табысқа жетулеріңізге шын жүректен тілектеспін! Жаңа жылымыздың алғашқы күндерінде тағы да 180 оралдық жаңа баспанаға ие болғалы отыр. Тұрғын үймен қамтамасыз ету қазақстандықтардың әл-ауқатын арттыруға бағытталған Елбасымыздың бастамасымен қолға алынған «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы аясында жүзеге асырылуда. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына арнаған Жолдауында бірінші кезекте тұрғындарымыздың баспаналы болуына, оған тиісті инфрақұрылымдардың тартылуын уақытылы қамтамасыз етуді жергілікті атқарушы органдарға жүктеген болатын. Өткен жыл қиындықтарға толы болғанымен, табысты жыл болды деп анық айта аламыз.

басп

Бүгін міне, бірқатар өңір тұрғындары өз шаңырақтарына ие болуда. Бұл ел игілігінің артқандығының белгісі, мемлекет саясатының оң нәтижесі. Осындай қуанышты сәттер көп болғанын қалаймыз. Өздеріңіз білетіндей, Зашаған кенті жылма-жыл дамып, кеңейіп, тұрғын үй құрылыстарын салу қарқынды жүруде. Екі-үш жыл бұрын бос жатқан жерлерде қазір бірнеше көпқабатты тұрғын үйлер салынып, халық игілігіне берілуде. Алдағы уақытта осы кенттегі мектептердің сыйымдылығын арттыру мақсатында осы аймақта жеке инвестордың есебінен 900 орындық мектеп салынатын болады. Осы жылдың аяғына дейін жаңадан салынатын  балаларға арналған спорт мектебін беруді де жоспарлап отырмыз. Сондай-ақ тұрғын үйдің аулаларына жолдар салынып, абаттандыру жұмыстары да басталып кетті. Үйлеріңізде жақсылық пен қуаныш салтанат құрсын, жаңа қоныстарыңыз құтты болсын! - деген қала әкімі Абат Шыныбеков бірнеше отбасыға тұрғын үйдің кілтін салтанатты түрде табыс етті.

 

Ләззат Шағатай,

zhaikpress.kz

 

 

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале