2.01.2026, 12:00
Оқылды: 61

Жаңа жылдарыңызбен!

WhatsApp Image 2026-01-02 at 10.57.35

Нәсіпқали  Қайырқомов, еңбек  ардагері, ІІІ  дәрежелі «Еңбек  даңқы» орденінің иегері:

– Мен әкесі қан майданнан оралмаған ұрпақтың өкілімін. Әкем Қайырқом жарықтық 1942 жылы соғысқа аттанғаннан оралмады. Отағасынан бір қыз, бір ұлмен қалған қайран шешем қайратты кісі еді. Жылдар бойы бел жазбай еңбек етті. 2012 жылы 104 жасында өмірден озған анам Қайша мені жалғыз ұл деп шолжыңдатпай, еңбекпен ерте пісіріп, қаршадайымнан қара жұмыспен құрыштай шыңдады. Одан қор болған жоқпын. Бастапқыда мал бақтым. Бертін келе Орал ауыл шаруашылығы техникумында сырттай оқып, зоотехник мамандығын алып шықтым. Сосын Ресей асып, Орынбордағы су шаруашылығы техникумын тәмамдап, гидротехник мамандығын меңгердім.

Мал маманы ретінде де, су шаруашылығының маманы ретінде де ұзақ жыл бүгінгі Ақжайық ауданының әлеуметтік-экономикалық  дамуына  бір  кісідей  үлес  қостым. 2004 жылы шаруа қожалығын құрып, асыл  тұқымды мал шаруашылығын дамытуға, төрт түлікті түлетуге әулетіммен ден қойдым. Қайырымдылықтан бас тартқан кезім жоқ. Қысылған жан мен табыс-кірісі аз жанұяларға  жылдар  бойы  қолұшын  берумен  келемін.

Өткен жылғы Ауыл шаруашылығы қызметкерлері күні қарсаңында Мемлекет басшысының Жарлығымен ІІІ дәрежелі «Еңбек даңқы» орденімен марапатталдым. Міне, еңбектің  еленуі  деген осы!

Жаңа жыл құтты болсын, үлкен-кіші! Бәріңізге зор денсаулық, әулеттеріңізге бақ-береке мен ырыс-ынтымақ тілеймін! Жемісті еңбегімізбен туған  еліміз  бен өскен  өлкемізді  өркендете берейік!

WhatsApp Image 2026-01-02 at 10.57.22

Ермек  Едіресов, Жаңақала  ауданындағы «Бірлік» мал зауыты» ЖШС механизаторы, ІІІ дәрежелі «Еңбек даңқы» орденінің  иегері:

– Жұмыр жер бетіндегі адамзат баласы Жаңа жылды қарсы алды.  Он екі айда қайталанып келетін Жаңа жылды асыға күтіп, одан жақсылық күтетініміз рас. Әдетте біз «Жылан жылы – жайлы, жылқы жылы – жұтсыз» деп  айтамыз. Бұл – ата-бабамыздан жеткен сөз. Ылайым, солай болсын, Жаңа жылымыз елімізге  құт-береке,  тыныштық,  табыс   әкелсін!  Әрине, әр жылдың әрқайсысымызға беретін несібесі бар. Өткен жыл жаман болмады. Мемлекет басшысы 2025 жылды Жұмысшы мамандықтарының жылы деп жария етті.

Қырық жыл темір тұлпар тізгіндеген менің адал еңбегім ескеріліп, ІІІ дәрежелі «Еңбек даңқы» орденін кеудеме тақтым. Еңбек жолымды 1983 жылы көлік жүргізушісі болып бастағанмын. Екі жылдан кейін тракторға отырып, шөп шабу, мал қыстақтарына жем-шөп тасу жұмыстарына кірісіп кеттім. Содан бері ауыл шаруашылығындағы қысы-жазы бітпейтін, аптап жазда, қысқы үскірік аязда тоқтамайтын науқандық жұмыстардың бел ортасында келемін. Бір кездері аудан халқы депутат етіп сайлап, сайлаушылар аманатын қал-қадерімше орындағанмын. Соның нәтижесінде Отанымның «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталып, мерейім тасыды. Адал еңбек, төгілген терге, қарапайым еңбек адамына көрсетілген құрмет деп білемін мұны. Қыркүйекте зейнеткерлікке шықтым. Соған қарамастан әлі де қатардан қалмай, елімнің, ауылымның өркендеуі жолында  үлесімді  қосудамын.

WhatsApp Image 2026-01-02 at 10.57.54

Қойшыбай  Шапанов, «KazContructionGroup» ЖШС арматуршысы, ІІІ дәрежелі «Еңбек даңқы» орденінің  иегері:

– Мен 1966 жылы Сырым ауданының Бұлдырты ауылында дүниеге келдім. Ауылдық орта мектепті тәмамдаған соң, Орал қаласындағы №24 кәсіптік-техникалық колледжде металл жонушы мамандығына оқуға түстім. 2012 жылдан бері «KazContructionGroup» компаниясында еңбек етіп келемін. Осы серіктестікте он жылдан аса құрылыс саласында жұмыс істеп, облыстағы әртүрлі нысандардың бой көтеруіне атсалыстым. Олардың ішінде, Орал қаласындағы теміржол және әуежай ғимараттары, Сарыарқа шағынауданындағы «Келешек мектебі», Ақжайық шағынауданындағы кәріз сорғы стансасында қалдырған қолтаңбамыз бар. Көлемі үлкен бетон құймасына арматура тоқылады. Бетон беріктігі – іргетастың қақ жарылмауына, қабырғаның опырылып кетпеуіне кепіл. Мен өз жұмысымды жақсы көремін әрі әркез сапалы, тиянақты орындауға тырысамын.2025 жыл Жұмысшы мамандықтары жылы деп аталуы біз секілді еңбеккерлер жұмысының оң бағалануына әсерін тигізді. Құрылысшылар күні қарсаңында Мемлекет басшысының Жарлығымен ІІІ дәрежелі «Еңбек даңқы» орденімен марапатталдым. Өткен жылан жылына еш өкпем жоқ. Өмірлік серігіммен екі ұл тәрбиелеп өсіріп, олардан төрт немере сүйген бақытты ата-әжеміз, тату жанұямыз. Босағадан аттаған жылқы жылының сәуір айында мерейлі 60 жасқа толамын. Қазақ халқы жылқы жануарын кие тұтқан. Мінсең көлік, ішсең ас деп бұрын үлкен-ер айтып отыратын. Жылқы жылы да жыл атауындай мемлекетімізге, тату-тәтті ғұмыр кешіп жатқан халқымызға жақсылығы көп болса екен. Барша Ақ Жайық жұртшылығын Жаңа жыл мерекесімен құттықтай отыра, дендеріне саулық, отбасына  амандық,  кәсіптеріне  береке  тілеймін!

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале