«Атамекен» өнер ордасында Батыс Қазақстан облыстық камералық оркестрі Жаңа жылға арналған концертін өткізді.
«Әуен-fest» I республикалық фестивальдің лауреттары атанған облыстық оркестр әлемге танымал «Үйде жалғыз қалғанда» фильмінен, «Мұзды өлке» және «Қар ханшасы» мультфильмінен де музыка орындап көрермен құлағының құрышын қандырды.
«Жаңа жылдық неформат» атауымен өткен кеш Джеймс Курноудың «Рождественская тройка» музыкасымен басталды. Оркестрдің бас дирижері әрі көркемдік жетекшісі Асхат Хасанов дирижер болды.
Концерт барысында оркестрдің «SENim & MEN» бейнебаяны көрсетілді. Мінсіз махаббаттан туған шығармашылық өнерге деген адалдық екені сөзсіз. Ал кәсіби мамандардың шығармашылықтағы тандемі жаңа форматты тудырмауы мүмкін емес. Осындай көрініске куә болу үшін оркестр «SENim & MEN» тақырыбындағы Макс Рихтер - Антонио Вивальдидің «Времена года» туындысын заманауи тілде сөйлеткен коллаборацияны ұсынды. Туындының идеялық авторы әрі қоюшы режиссері, «Асанәлі» сыйлығының иегері - Гауһар Адай. Грим әрі киім суретшісі, «SENim & MEN» деген атауының әрі жазылуының авторы - ҚР Суретшілер одағының мүшесі, «Мәдениет саласының үздігі» Гүлдана AliNa. Бейнебаяндағы актер – «Дарын» Мемлекеттік жастар сыйлығының иегері Жасқайрат Валиуллиева, солисі - Бейбарыс Зұлпықар. Жан рөлінде - 4 жасар Хақназар Жасқайратұлы. Музыкаға жауапты әрі камералық оркестрға бейімдеп жазған, облыстық камералық оркестрдің бас дирижері, «Мәдениет саласының үздігі» Асхат Хасанов. Операторы әрі монтаж режиссері - Олег Писаренко.
Концертте Брендан Грэмнің «Новогодние свирели», Пэт Баллардтың «Мистер Санта», Жаңа жыл гимніне айналған ағылшын халық әні «Merry Christmas» музыкасы, Петр Чайковскийдің «Щелкунчик» балеті ойналды.
Кеште Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері Жаңылсын Хасанова, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері Айбар Хайырханов та ән айтып, көрермен көңілін бір серпілтті.
Жаңа жылдық кештің шымылдығы Бенни Андерсонның «Happy new year» әнімен жабылды.
Динара Тілекқызы,
суретке түсірген автор
zhaikpress.kz