10.09.2021, 9:22
Оқылды: 55

Жаңабайдың сырын ашар күн таяу

Осыдан тоғыз жыл бұрын Теректі ауданының Долин ауылында «Алтын ханшайым» табылды. Кейін Қазақстанның археологиялық жалпыұлттық қасиетті нысандары тізіміне кірген ол таңғажайып олжа болып, ел тарихынан орын алды. Ел ішінде бұл мүсін «Тақсай ханшайымы» аталып кетті. Сол маңайда қазір бес оба бар. Бүгінгі таңда ол жақта қазба жұмыстары жалғасын тауып, басқа да тарихи жәдігерлер зерттелуде. Жақында Теректі ауданының Новопавловка ауылының маңынан темір дәуіріне тән, қару-жарақтары өзімен бірге жерленген екі сарбаздың бейіті табылды.

ca2ae046-1849-43a7-aa2c-7df5465be745

Облысымызда осыдан кейін араға жылдар салып, тағы бір археологиялық оқиға орын алды десек, артық айтқанымыз емес. Себебі жуырда облыстық тарихи-өлкетану мұражайы тарих және археология бөлімінің археологиялық тобы, аға ғылыми қызметкер Яна Лұқпанованың жетекшілігімен қазба жұмыстарын жүргізіп, орта ғасырда салынған құрылысы ерекше және сирек кездесетін мавзолей тапты.

Қорымды көріп қайтпаққа ниеттеніп, 6 қыркүйек күні Теректі ауданына қарасты Сарыөмір ауылына сапарладық. Ауыл Шалқар көлінің жағасында. Көл айнала қаз-қатар тізілген киіз үйлер бұл маңнан қонақ арылмайтынын аңғартып тұр. Тұрмыс-тіршілігі жақсарып, әл-ауқаты артқан ауыл тұсына сәл аялдадық та, діттеген жерімізге бет алдық. Діттеген жеріміз – сол ауылдан оңтүстік-шығысқа қарай 20 шақырым жерде орналасқан жеті обадан тұратын Жаңабай  қорымы.

Бүгінде біз  шиырлап  жүрген  жолдармен сонау  ықылым  замандарда  кімдер  өтті  екен? Піл сауыр, қайран,  қара жер  қойнында  талай  сыр мен  жұмбақ  жасырынып  жатыр-ау!  Күні,  сағаты,  минуты  соққанда  олар да  әйгілі  болар-ау, дейді  үміті үзілмейтін  көңіліміз. Қорымның  қасиетті  топырағына  табанымыз  тигенде  осындай  ойлар  қылаңдай  берді.

Мавзолейдің орта ғасырда тұрғызылғандығының айғағы – тастардың ұзындығы мен енінің 25 см, ал  қалыңдығының 6 см болуында. Дәл осындай көлемдегі тастарды қалау арқылы салынған көне құрылыстарға тек ортағасырлық ғимараттар жатады. Құрамында суретшісі, ғылыми қызметкері, көлік жүргізушілері мен маусымдық жұмысшылары бар археологиялық топтың үзіліссіз еңбектенуінің арқасында осындай олжаға тап болған.

0b4145c4-4121-4473-a2de-9eb93980924e

2018 жылы археологиялық барлау кезінде табылған кесенеге 2020 жылдың 15 қыркүйегі мен 5 қазаны аралығында қазба жұмыстары жүргізілген. Ауыл тұрғындарының айтуы бойынша көне жәдігер орналасқан аймақ Жаңабай атауымен белгілі. Алайда сол аймақтың неліктен Жаңабай аталып кеткенін, Жаңабайдың кім болғанын ешкім білмейді. Әрине, бұл ономастикалық зерттеуді қажет етеді.

Яна Лұқпанованың айтуынша, кесененің жартысы темір дәуіріне, жартысы орта ғасырға тиесілі. Биіктігінің қанша метр болғанын ашып айту қиын. Бірақ ғылыми қызметкер бұзылмаған 2 метр қабырғаны тапқан. Кесененің қабырғасы 5 метр жерге құлаған.

Қазба жұмыстары арнайы техниканың көмегінсіз қолмен жүргізілген. Қазіргі уақытта архитектуралық құрылым элементтері тазартылып, зерттеліп жатыр.

Қорымнан адам және жануар сүйектері, ангобамен жабылған қыш ыдыстың сынықтары, қоңыр түсті тегістелген корнели моншақ табылған. Төрт қатар құйма тастармен қоршалған, әлі ашыла қоймаған зираттың қасына төрт жылқы жерленген. Зиратқа жүргізілетін қазба жұмыстарын жалғастыруға күзгі жауын-шашын кедергі келтіріп тұр. Алайда зиратты зерттеу, жалпы мавзолейдегі қазба жұмыстарын биыл толық аяқтау жоспарлануда.

Кесенеге жақын маңнан кірпіш күйдіретін пеш те табылуы мүмкін. Себебі салынып жатқан нысанға пештің жақын болғаны тасты тасуға оңай. Күйдірілген кірпіштерге үш саусақтың көмегімен сызықтар түсірілген. Тастың қақ ортасында қиылысатын алты сызық шаңырақты еске салады. Алайда сызықтардың белгілі бір мәнге ие екені анық. Мамандар оны  тастың қай қатарға қаланатынын анықтау үшін салынған белгі болуы мүмкін екенін айтады. Кейбір кірпіштер бір-біріне берік байлануы үшін ойылып, қалыңдығы 1,6 м қабырғалар 7 қатар таспен қаланған.

– XIV ғасырда далалық ақсүйекке арнап салынған осы оба кешені табылғаннан кейін археологиялық және этнографиялық зерттеулерді қатар жүзеге асырып жүрміз. Алайда Жаңабай қорымының тарихын білетіндер кездескен жоқ. Былтыр Алтын орданың 750 жылдығына орай кесенені аштық. Обаның бірнеше рет тоналғанын
анықтадық. Кесененің солтүстік бөлігінде ғана еден сақталған. Орталық бөлігін қарақшылар қиратқан. Еденнің астынан адам жерленген орын таптық. Ол орында ер адамның жерленгенін және бойының 1 м 80 см екенін білдік. Алайда  «алтын іздеушілер» күректерін қаттырақ сілтеп жіберсе керек, қаңқа  қозғалып  қалған.

Архитектуралық құрылыс ретінде сирек кездесетін кесенеден Алтын орда дәуіріне жататын тағы бір қорым
табылды, - деген Яна Аманкелдіқызы біраз ақпараттың басын қайырып, Жаңабайдың басты  жаңалығымен  бөлісті.

Ғалымдардың айтуынша, мұндай монументалды құрылымдар бай феодалдардың қабірінің үстіне салынған. Ал кедейлер мұндай құрметке ие болмаған. Даладағы осындай ғимараттар алғаш пайда болған жылдардан бастап қоғамдық маңызы бар нысандарға, қасиетті ғибадат орындарына  айналған.

– Қабырғалары саман тастармен өрілген обалар – орта ғасырдың архитектуралық жетістігі. Мұндай мавзолейдің біздің өңірден табылғаны, әрине, кеудеге қуаныш  ұялатады.

Өздеріңізге белгілі, Шалқар көлінде өңір тұрғындары ғана емес, туристер де демалады. Жаңабай қорымын қайта қалпына келтірсек, ішкі туризмді дамытуға едәуір үлес қосар едік. Қонақтарымызды тарихымызбен, құнды жәдігерлерімізбен таныстыруға мүмкіндік туып, осы обаны зерттеген археологиялық топ еңбегінің жемісін көрер еді, – деді Батыс Қазақстан облыстық тарихи-өлкетану мұражайының директоры Мирболат  Ерсаев.

Кесененің айналасынан ешқандай үй, ауыл көрінбейді. Бұл маңдалаға қайдан келген қорым? Демек, осы маңайда әлдебір елді мекен болған болса керек. Бәлкім, ол да мәңгі топырақ жамылып жатуға бекінген қорымдар секілді жер астына жұтылған шығар...

 

Марлен Ғилымхан,

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале