Батыс Қазақстан облысында инспекторлар киікті заңсыз атқан азаматтарды құрықтады деп хабарлайды ҚР ауыл шаруашылығы министрлігі орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті.
Желтоқсанның 17-сі күні сағат 03:30 шамасында Батыс Қазақстан облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі инспекция басшысының орынбасары З.Туралиев және «Охотзоопром» ӨБ» РМҚК Орал өңірлік филиалының инспекторлары Батыс Қазақстан облысы, Жаңақала ауданы, Жаңажол ауылдық округіне қарасты «Сарыкөл» мекенінің аумағында ВАЗ-2107 маркалы автокөлікті тоқтатты. Автокөлікте 1987, 1988, 1990 жылдары туған үш тұрғын болды.
Тексеру барысында аталмыш автокөліктен және оқиға болған жерден 4 дана киіктің мүйіздері, бір қолды ара, 16 калибрлі 1 ұңғылы мылтық пен мүйіздері кесілген 4 дана аталық киіктің төшкесі табылды. Оқиға болған жерге Жаңақала аудандық ІІБ жедел тергеу тобы шақырылып, қылмыстық іс қозғалды.
18 желтоқсанда сағат 02:40 шамасында «Охотзоопром» ӨБ» РМҚК Орал өңірлік филиалының инспекторларымен Қазталов ауданы, Қарасу ауылдық округі, Жұлдыз ауылы маңында далалық жерде УАЗ «Патриот» автокөлігі тоқтатылды.
Тексеру барысында аталмыш автокөліктен және оқиға болған жерден 12 калибрлі 1 ұңғылы мылтық, 10 дана мылтықтың оқ-дәрісі, 10 дана ересек және 1 дана ұрғашы киіктің төшкесі табылды. Оқиға орнына Қазталов аудандық ІІб жедел тергеу тобы шақырылып, қылмыстық іс қозғалды.
zhaikpress.kz