Ауыл шаруашылығын дамыту және ауыл тұрғындарының өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған «Ауыл аманаты» жобасы Жаңақала ауданында сәтті жүзеге асырылуда. Ауылдағы кәсіпкерлікті қолдау, жаңа технологияларды енгізу, жергілікті өнімнің сапасын жақсартуға бағытталған жоба игілігін көрушілер аз емес. Жаңақала аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Светлана Бекқалиеваның айтуынша, былтыр аталған жоба аясында 46 жоба жүзеге асырылса, биыл 96 тұрғынның құжаты дайындалған.
– Былтыр «Ауыл аманатына» 86 жоба тапсырылған. Оның 46-сы қаржыландырылды. Биыл 96 тұрғынның құжаты дайын. Кәсіп бастағандардың нобайы ауыл шаруашылығы өнімін өңдеу, сүтті бағыттағы мал басын көбейту және қызмет көрсету салаларын таңдаған. Былтыр қаржыландырылған екі ауыл шаруашылығы кооперативі құрамына кірген 46 жеке кәсіпкердің 44-і алған қаржыны игеріп, кәсібін сәтті жүзеге асырып жатыр, – деді Светлана Бекқалиева.
Алыс ауылдардағы инфрақұрылымды дамыту және әлеуметтік мәселелерді шешуге бағытталған «Ауыл аманаты» жобасы елдің экономикалық тұрақтылығын нығайтып, ауылдың әлеуметтік-экономикалық жағдайын жақсартуға оң әсер етеді. Аталған бағдарламаның игілігін көріп отырғандардың бірі – Көпжасар ауылының тұрғыны Мариям Мусина. Былтыр жобаға құжат тапсырып, қомақты қаржыға ие болған. Биыл ол шағын цех ашып, ет өнімдерін өндеуді жолға қойды.
– Негізінен, қазы-қарта, қақталған қазы, шұжық шығарамыз. Көбіне тапсырыспен жұмыстанамыз. Облыс орталығындағы жәрмеңкеге тауарымызды апарып тұрамыз. Апта сайын бір ірі қара және бір жылқы сойып, етін өңдейміз, – деді Мариям Мусина.
Бір жылдан бері Мариям апамыз ауылдың үш тұрғынын жұмыспен қамтып отыр. Өткен аптада Жаңақала ауданына іссапармен барған облыс әкімі Нариман Төреғалиев аталмыш аудандағы бірқатар игі шараларды көріп, тұрғындармен кездесті. Өңір басшысы алдымен «Ауыл аманаты» жобасының қатысушылары дайындаған өнімдер көрмесіне қатысты. Өңір басшысы әр тауар өндірушімен жеке тілдесіп, жобаның тиімділігі мен артықшылықтары жайында сұрап білді. Өз өнімдерін таныстырған ауыл тұрғындары пікірлері мен ұсыныстарын да айтты.
– Алғашында пилоттық жоба ретінде іске қосылған «Ауыл аманаты» өз тиімділігін көрсетті. Ауыл шаруашылығы мен шағын кәсіпкерлік – ел экономикасының негізі. Алдағы уақытта ауыл шаруашылығын жаңғыртуға үлкен үлес қосатын кәсіп иелеріне қолдау көрсетіледі, – деді облыс әкімі.
Жобалар бойынша өнімдердің таныстырылымынан соң Нариман Төреғалиұлы тауарлық несие алуға құжат тапсырған ауыл тұрғындарына арнайы сертификаттар табыстады.
Ауруханаға екі жылда – 8 көлік Ел Президенті ҚасымЖомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес, Үкімет қаулысымен былтыр «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» пилоттық жобасы аясында 2023-2025 жылдары облысымызда 50 медициналық нысан салу жоспарланған. Оның біразы ел игілігіне берілді.
Десе де, ауданауылдарда «Жедел жәрдем» көліктерінің жетіспеушілігі байқалады. Жаңақала ауданына жұмыс сапарымен барған облыс әкімі аудан дәрігерлеріне төрт «Жедел жәрдем» көлігінің кілтін табыс етті. Алғашқы дәрігерлік көмек көрсетуге арналған көліктер толығымен заманауи медициналық жабдықтармен қамтылған. Бұл науқастарға шұғыл көмек көрсету кезіндегі тиімділікті арттырады.
Аудандық аурухана директоры Ербол Сәрсенғалиевтің айтуынша, емдеу мекемесіне былтыр төрт көлік берілген. Жаңа көліктер аудан орталығынан шалғай орналасқан ауылдарға беріледі.
– «Жедел жәрдем» көліктері, ең алдымен, шалғайдағы Мәстексай, Пятимар, Қызылоба және Жаңажол ауылдарына беріледі. Өйткені ол елді мекендердегі медициналық көліктер ескірді. Жаңа көліктер аудандағы 11 елді мекеннің тұрғындарына қызмет көрсететін болады, – деді ауданның бас дәрігері.
12 отбасының қуанышы
Жаңақала ауданы тұрғындарымен кездесу алдында облыс әкімі Нариман Төреғалиев үй кезегінде тұрған 12 тұрғынға жаңа үйлер кілттерін табыстады. Олар қазіргі заманғы стандарттарға сай етіп салынған. Баспана кілтін табыс еткен өңір басшысы тұрғындардың өмір сүру жағдайын жақсарту, әлеуметтік мәселелерді шешу бағытындағы жұмыстар мұнымен тоқтап қалмайтынын атап өтті.
Биыл Жаңақала ауданында 67 үй салынуда. Оның бесеуінің қаржысы республикалық бюджеттен бөлінген.
Әр үйдің құны 17,9 миллион теңге. Бес үйдің әрқайсысының ауданы 80 шаршы метрді құрайды. Бұл ақпаратпен аудандық сәулет және қала құрылысы бөлімінің басшысы Арман Мұсағалиев бөлісті.
– 62 үй әлі салынып жатыр. Олардың әрқайсысының бағасы 19 миллион теңге. Осыған дейін Жаңақазан ауылында 10 пәтерді тұрғындардың игілігіне бердік. Тағы екі үйдің құрылысы біте келді. Үйлер тек жетім балаларға, мүгедектігі бар азаматтарға және көпбалалы отбасыларға беріледі. Жылдың аяғына дейін барлық 67 үй өз иесін табады, – деді Жаңақала аудандық сәулет және қала құрылысы бөлімінің басшысы Арман Мұсағалиев.
Облыс басшысы аудандық мәдениет үйінде жергілікті тұрғындармен кездесті. Аудан әкімінің атқарған жұмысы сараланып, тұрғындарды мазалаған сауалдарға жауап берілді.
Негізінен ауыл шаруашылығын дамытуды қолға алған аудан биыл да аталған саланың көкжиегін кеңейтпекші. Алпамыс Көшкінбаевтың айтуынша, биыл 9 айда аудан шаруалары 729,8 миллион теңге субсидия алған. Оның нобайы, дәлірек айтсақ, 653,4 миллион теңгесі мал шаруашылығын дамытуға бағытталған.
– Ауыл шаруашылығы техникасын жаңарту бағытындағы жұмыстар да жоспарлы жүріп жатыр. Мемлекет қолдауын тиімді пайдаланған шаруалар биылғы 9 айда 51 трактор және ауыл шаруашылығына арналған 71 техника алды, – деді аудан әкімі Алпамыс Көшкінбаев.
Негізі, Жаңақала ауданындағы серпінді салалардың бірі – құрылыс. Бұрыннан жол мәселесі көлденең тұрған Жаңақалаға қарасты екі ауылға кірер жол салынып жатыр. Сонымен қатар аудан орталығы мен Мәстексай ауылындағы 10-ға жуық көше жолдары күрделі жөндеуге жабылған. Облыс басшысы соңғы жылдардағы ауылдық жерлерге үй салу мәселесі бір жыл ішінде қарқынды жүргізілгеніне тоқталды.
– Соңғы кезде ауылдың инфрақұрылымын дамытуға зор көңіл бөлінуде. Кей ауылдарда медициналық пункттер мен ФАП-тар, кей елді мекендерде спорт кешендері бой көтеруде. Солардың құрылыс сапасына жіті көңіл бөлу керек. Биыл облыстағы ауыл-аймақтарда 758 үй салынды. Бұл бағыттағы жұмыс келер жылы да жалғасатын болады. Облысымызда ғана жүзеге аса бастаған «Қаладан ауылға» бағдарламасы да жалғаса береді. Биылдың өзінде жаңағы бағдарлама аясында 66 отбасы, 350-дің үстінде адам қаладан ауылға көшті, – деді Нариман Төреғалиұлы.
Жиын барысында жергілікті тұрғындар Жаңақала– Сайқын бағытындағы жолды жаңғырту жұмысы баяу жүріп жатқанын айтты. Аталған мәселені көтерген аудан тұрғыны Закария Сисенғали жол салушы мердігерлерге қойылатын талапты күшейту керек екеніне тоқталды. Сонымен қатар жаңақалалықтар Мәстексай ауылын аудан орталығымен қосатын жол биыл бітпей қалады-ау деген қорқыныштары бар екенін жеткізді. Аталған мәселеге қатысты жауап берген мердігер компания өкілі Дінмұхамед Сәтбаев көктемгі су тасқыны салдарынан жол салу мәселесі қиынға соғып жатқанын айтты.
– Тамыздың соңына дейін толыққанды жұмыс бастап кете алмадық. Бұл – облыстағы барлық жол салушылар тап болған мәселе. Одан бөлек, топырақ мәселесі көлденең келді, – деді мердігер компания өкілі.
Жол салуды мойнына алып, енді түрлі сылтау айтқан мердігерге облыс басшысы жол құрылысына қажетті қаражат уақтылы берілгенін айтып, ескерту берді.
– Былтыр осы ауданның тұрғындарының алдына келген кезде жол болатынын айттым. Енді сіздердің түсініксіз сылтауыңыздың кесірінен мен ұялып отырмын. Қиыршықтас пен топыраққа қажет болған барлық қаржы бөлінді. Оны уақтылы табу, қажетті жерге жеткізу – сіздің мойныңыздағы шаруа, – деді өңір басшысы.
Кездесу барысында киік, аудан орталығына жаяу жүргіншілер жолын салу, медициналық мекемелерді құрал-жабдықпен қамту секілді мәселелер айтылды. Облыс әкімі тұрғындар көтерген әр мәселенің шешілу жолдары қарастырылатынын алға тартты.
Бірлік мектебі келер жылы жөнделеді Жаңақала ауданына барған сапарында облыс басшысы аудан орталығына 45 шақырым жердегі Бірлік ауылына тоқтады. Биыл ауылға кірер 14 шақырым жол жөнделуде. Екі жылға жоспарланған құрылыстың биыл жартысы, келер жылы қалған жартысы салынады. Аудандағы басты мәселе ауылдарға қатынайтын жол екеніне тоқталған өңір басшысы аудан әкіміне жол жөндеу жұмысын қатаң бақылау қажеттігін тапсырды.
«Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» пилоттық жобасы аясында 2023-2025 жылдары облысымызда 50 медициналық нысан салынады. Былтыр 12 нысан ел игілігіне берілді. Биыл және келер жылы қалған 38 нысанның құрылысы аяқталуы керек. Сол 38-дің ішіне Бірлік ауылында құрылысы басталған дәрігерлік амбулатория кіреді. Емдеу мекемесін салуға кіріскен мердігер келер жылы пайдалануға тапсырмақшы. Облыс әкімі мердігерге құрылысты сапалы жүргізу керек екенін айтты.
Ауылдағы ең басты мәселе – салынғанына 30 жылдан асқан білім ошағының қазіргі жай-күйі. Осы кезге дейін бір рет қана сылақ көрген мектепке күрделі жөндеу керек-ақ.
– Мектеп 2008 жылы бір рет жөнделді. Сол кезде білім ошағының ішіне кафель төселгені болмаса, есік-терезелері мен төбесі және іргесі сол күйі қалған. Мектебіміздің қазіргі жай-күйі ауыл тұрғындарының да, оқушылардың да көңілінен шығады дей алмаймын, – деді ауыл мектебінің директоры Әкежан Жамбылов.
Білім ұясының жағдайымен танысқан облыс басшысы биылғы оқу жылы аяқталысымен мектепті күрделі жөндеуге жабу керек екенін айтты. Оған қажетті барлық құжаттар дайындалған. Сондай-ақ ауылдағы асыл тұқымды қой зауытының тарихымен танысқан өңір басшысы аудан, ауыл әкімдеріне болашақта Бірлік ауылын облыстағы үлгілі ауылдар қатарына қосу үшін қолға алуға тиіс жұмыстарды тапсырды.
Түгелбай Бисен
zhaikpress.kz