26.01.2023, 10:01
Оқылды: 23

Жаңарған орталықта таланттар тәрбиеленуде

Қаңтардың 24-і күні Круглоозерный кентіндегі «Шұғыла» комьюнити орталығы жаңғыртылып, қайта ашылды. Аталмыш ғимарат 2019 жылы клуб ретінде жұмысын бастап, 160-тан аса баланы тәрбиелеген. 

IMG_9645

Салтанатты іс-шара басталмас бұрын орталықтың алдында көрме ұйымдастырылды. Онда оқушыларды қолөнерге баулып, жиі шеберлік сағаттарын өткізіп тұратын ерікті тұрғындардың өздері жасаған бұйымдары мен қолдан тоқыған киімдері қойылған.

Орал қаласының әкімі Миржан Сатқанов орталық қызметкерлерінің алдағы жұмысына сәттілік тіледі.

– Бала – елдің болашағы. Сол балалардың бой түзеп, дұрыс азамат болуына ортаның әсер ететіні белгілі. Балғындардың бос уақытта спортпен шұғылданып, кітап оқып және түрлі үйірмелерге қатысып, өзін дамытуына жағдай жасауымыз керек. Сондай-ақ олардың осындай орталықта жиі бас қосып, пікір алмасып, шығармашылықпен еркін айналысуына мүмкіндік тудыру – біздің міндет. Осында тәрбиеленген оқушы балалардың ойы озық болсын, – деді Миржан Мұнайдарұлы.

Кенттегі ақсақалдар кеңесінің төрағасы Сағидолла Кенжеғалиев жас таланттарды қолдап, олардың басын біріктіретін орталықтың жаңаша жабдықталуымен құттықтады. Сонымен қатар ауылға мәдениет үйі керек екенін, тұрғындардың басқа да ұсыныс-тілегін  айтты.

Қала әкімі мен жиын қонақтары әрі қарай орталықтың жұмысымен танысты. Әр үйірмеде жас өнерпаздар өңір ақындарының жырларын оқып, айтыстың әдемі үлгісін көрсетіп үлгерді. Тамашалаған жұрт қошемет білдіріп, өнерлі өрендерге үлкендер жағы батасын берді. Ал шаһар басшысы Миржан Мұнайдарұлы «Шұғыланың» ұжымына су жаңа ноутбукті сыйға тартты.

Айта кетейік, бұл күнге дейін аула клубы аталған ғимаратқа енді өнерге  құштар  балдырғандармен қатар, ересектер де жиі бас сұғып, бос уақытын тиімді өткізе алады. Қазіргі  таңда  орталықта «Қазына» көпұлтты әжелер ансамблі, «Алтын қолдар» (қолөнер), сондай-ақ «Алтын  сақа» (спорт), «Зейін» көркемсөз және «Жас тілші» (журналистика) үйірмесі қызмет атқарады.

Орталықтың меңгерушісі Әсел Хайруллинаның айтуынша, ұжымда 5 қызметкер жұмыс істейді. Олар ауылдың ісмер қыз-келіншектерімен байланыс орнатып, балдырғандарға бар білгенін үйретіп жүр.

– Осы уақытқа дейін көршілес алыс-жақын ауылдарда концерттер ұйымдастырдық. «Болам деген баланың бетін қақпа, белін бу!» деген бабаларымыз. Өнерге, әдебиетке құштар оқушыларымыз түрлі деңгейдегі сайыстарда бақ сынап жүр. Біз олардың әр жетістігіне шын қуанамыз. Алдағы күндері таңғы 9:00-ден кешкі 18:00-ге дейін балдырғандардың, ал 18:00-ден 21:00-ге дейін ересек адамдардың үйірмелері жұмыс істейді. Кез келген баланың бір іске, не бір салаға қарай бағыт алып, соны тереңнен танып, меңгеруі үшін біз тынбай еңбектенудеміз, – деді Әсел Нұрланқызы.

Өлең-жырды жатқа айтып, ән-күйге әуес болған балақайларды көріп, қуанып қалдық. Олардың арман-мақсаттарын сұрасаңыз, тіптен бөлек. Іштей риза болып, еріксіз шын тілеулес жанға айналасың. Алақандай ауылда алып арманына алқынып, соның жолында өзін шыңдап жүрген оқушыларға сүйсініп қарадық.

– Мен түрлі тақырыптың төңірегінде өз ойымды қағаз бетіне түсіргенді ұнатамын. Жалпы іздену мен жазуға осы жасымнан бастап бейімделгім келеді. Сол себепті «Жас тілші» үйірмесінен қалмаймын. Болашағымның бастауы да осы деп есептеймін. Келешекте ақпарат саласында қызмет еткім келеді. Ол үшін үздіксіз ізденіп, жазуға әбден машықтану керек екенін де білемін, – деді талабы таудай  бүлдіршін Данара Ғұмарова.

Аманжол Исламғали,

zhaikpress.kz 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале