18.12.2025, 12:15
Оқылды: 7

Жаңарған тынымбақ – қала  көркі

Орал қаласындағы Некрасов көшесінде орналасқан  тынымбақ  жаңғыртудан  өтіп,  Тәуелсіздік күні мерекесі  мен  Жаңа  жыл  қарсаңында  ел игілігіне  берілді. Бірнеше  айға  созылған  абаттандыру  жұмыстарынан  кейін  демалыс орны  қайта жаңарып, қала  тұрғындарына  жайлы  әрі  көрікті  кеңістік  ретінде  есігін  айқара ашты.

5339053238864514511

Жаңартылған тынымбақтың жай-күйімен облыс әкімі Нариман Төреғалиев танысты. Демалыс орнына арнайы барған өңір басшысы тұрғындармен кездесіп, атқарылған жұмыстарға қатысты олардың пікірін тыңдады. Көп жылдан бері осы маңда тұратын Надежда әжей саябақтың жаңарып, халық демалатын орынға айналғанына ризашылығын білдіріп, қала және облыс  басшылығына  алғысын жеткізді.

Абаттандыру барысында бұрын азып-тозып, көшенің сәнін кетіріп тұрған тынымбақтың келбеті түбегейлі өзгерді. Мұнда үш субұрқақ, үш ротонда, демалуға арналған алты орындық (беседка) орнатылып, үш балалар ойын алаңы мен екі Workout алаңы салынды. Сонымен қатар 27 жаңа бағана қойылып, 30 жарықшам ілінді. Тынымбақ ішіне жарықдиодты арка орнатылып, жаңадан отырғызылған ағаштар аутоматты суару жүйесіне қосылды. Оған қоса тартан жабындысы бар веложол да пайдалануға берілді.

Мердігер компания басшысының орынбасары Владимир Климовтің айтуынша, алдағы уақытта тынымбақ аумағында қоқысты бөлек жинауға арналған арнайы жәшіктер орнатылмақ. Бірнеше айға созылған жаңғырту жұмыстарын атқарған жергілікті компания жұмысқа да жергілікті мамандарды тартқан.

Жалпы аумағы 1,25 гектарды құрайтын тынымбаққа 50 түп қайың мен 50 түп қарағаш отырғызылды. Бұдан бөлек 4500 метр асфальт, 3840 метр тротуар, 2012 метр тартан жабындысы және ұзындығы 946 метр жасанды көгал (газон) төселді. Студенттер көп шоғырланған М. Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан университеті маңындағы бұл орын қала келбетіне ерекше  көрік  беріп  тұр.

5339053238864514507

Қала әкімі Мұрат Байменовтің айтуынша, жаңарған тынымбақ алдағы уақытта қала тұрғындарының ең сүйікті демалыс орындарының біріне айналады. Бұған дейін «Журналистер» саябағы ашылып, Жайық жағалауы абаттандырылған. Мұның барлығы тұрғындар мен қала қонақтарының жайлы демалысы үшін жасалып отыр. Сондай-ақ тынымбақ айналасында көлік қозғалысы шектеліп, жылдамдықты төмендетуге арналған арнайы белгілер орнатылмақ.

Айта кетейік, тынымбақты жаңғырту жұмыстарына барлығы 384,2 миллион теңге қаражат  бөлінді.

Түгелбай  Бисен,

«Орал  өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале