«Менің таңдауым – балаларға көмек көрсету» ұранымен «Мектепке жол» дәстүрлі республикалық қайырымдылық акциясы №20 жалпы орта білім беретін мектебінде де жалғасын тапты.
Басты мақсат – арнайы санаттағы балаларды киім-кешек, оқу құралдары, кеңсе тауарларымен қамтамасыз ету және қаржылай көмек көрсету. Акция шеңберінде 62 оқушыға қаржылай көмек берілді. Атап айтсақ, мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек алуға құқығы бар отбасылардан шыққан 43 балаға, мемлекеттік атаулы көмек алмайтын, табысы күнкөріс деңгейінің шамасынан төмен отбасы санатына жататын 4 балаға, жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған 5 балаға және білім беру ұйымының алқалы басқару органы айқындайтын өзге санат бойынша 10 балаға көмек көрсетілді. Сондай-ақ жалпыға бірдей мектеп қорынан атаулы әлеуметтік көмек алатын 38 отбасындағы және қамқорлыққа алынған 4 оқушыға, 1 жетім оқушыға мектеп формасы мен оқу құралдары берілді.
Акция барысында демеушілер де белсенділік танытып, 50 оқушыға қолұшын созды. Атап айтсақ, «Жәңгір хан» сауда үйі 10 оқушыға сөмке мен оқу құралдарын алып берсе, мектеп ұстаздары 10 оқушыға дәл осылай көмектесті. «Партнер» дүкені 10 оқушыны, «Жайық» кафесі 10 баланы және Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университеті 3 баланы оқу құралдарымен қамтамасыз етті. «Аманат» қоры 1 балаға мектеп формасын алып берсе, жеке кәсіпкер Зарубин 7 оқушыға демеушілік танытты.
Құралай Жақсығұлова,
№20 мектептің әлеуметтік педагогі,
Орал қаласы