18.07.2024, 16:00
Оқылды: 253

Жанболат Қонақбаев: «Криминалист болу – тағдырдың маған тартуы шығар...»

Криминалист – қылмыс болған оқиға орнына басқадан бұрын жететін зерттеуші. Күдіктілерді анықтау, оқиға орнынан алынған айғақ заттар арқылы мән-жайдың ақ-қарасын ажыратумен айналысу криминалистің мойнында. Жуырда аса тиянақтылықты талап ететін жұмысты атқарып келе жатқан криминалист маманмен тілдесудің сәті түсті. Бүгінде ішкі істер органдарының ардагері атанған, кезінде БҚО жедел криминалистика басқармасының бастығы болған, запастағы полиция полковнигі Жанболат Қонақбаевты төмендегідей әңгімеге тарттық.

157B03EE-72B4-4131-982C-E3196AB4ACE4

– Жанболат Жанқуатұлы, ең алдымен криминалист мамандығының ерекшелігіне тоқталсаңыз. Оның қылмысты ашудағы рөлі қандай?

– Криминалистика – тарихы терең, күрделі қызмет.  Ол қылмысты ашуда ең маңызды рөл атқарады. Былайша айтқанда, қылмыстың ашылуы криминалистерге тікелей байланысты. Ол ғылыми-техникалық білімді талап етеді. Бұл салаға келген жас маманның алдына таңдау беріледі. Жас криминалист мінезіне, мамандығына және қызығушылығына байланысты әртүрлі бағытты таңдап алуына болады. Осы ретте таңдаған бағыттарда өмір бойы біліктілігін арттырып, аталған саланың нағыз шебері атануға мүмкіндік бар. Сондықтан криминалистика қызметінде көптеген мамандық иелері қызмет атқарады.

Кейбір криминалистикалық зерттеуді жүргізу барысында математика, физика, химия сияқты ғылымдардан хабарың болуы керек. Мысалы, «полиграф» құралының көмегімен арнайы психофизиологиялық зерттеулер жүргізу үшін криминалист психологияны жетік білуі қажет. Баллистикалық зерттеулерді жүргізу үшін физика мен химия ғылымдарын толық меңгеріп, заңдылықтарын қолдана білуі керек. Сонымен қатар аутотехникалық сараптама жасаған кезде инженерлік мамандық болғаны жөн. Баллистика, трассология ілімін білу қажет.  

ДНК зерттеулерін жүргізу барысында биология мен басқа да жаратылыстану ғылымдарынан толық хабары болса, құба-құп. Оқиға орнын қарау барысында маман көңіл көкжиегі кең, ой-өрісі дамыған, ойлау қабілеті көпшіліктен өзгеше болатын адамдар болса, қылмыстың қалай болғанын, қылмыскердің қандай іс-қимыл жасағанын, қылмыскерді табу жолын бірден анықтай біледі. Осындай әртүрлі бағыттағы ғылым және білім иелерімен бір бөлім немесе бір басқармада қызмет атқару өте қызықты. Біздің әр қызметкер құпия мен сырға толы тұлға десек, артық болмас.

Криминалист болу түрлі саланы қамтиды дедік, математика, медицина, физика, химия, биология білімдерімен тығыз байланысты. Мысалы, адамның қан құрамын анықтау үшін, ДНК сараптамасын алу үшін медицина ғылымынан білімі білу керек. Болған оқиғаны, айғақтарды фотосуретке түсіріп жатамыз. Фотографияның қыр-сырынан хабардар болғаны дұрыс. Фотографияның өзі қазір де толыққанды бір сала. Осы сала арқылы әлемге әйгілі болып жүрген фотографтар жетерлік. Осындай шығармашылық бағытта белгілі бір шектеуге келмейтін саланы меңгеріп, оны қылмысты зерттеуде қолдана білсе, нұр үстіне нұр. Қазір технологияның дамыған заманы. Сондықтан IT мамандығын бірінші кезекте білген дұрыс.

– Дактилоскопиялық зерттеулер саласында қандай жаңалықтар мен өзгерістер бар?

– «Дактилоскопия», яғни қол, саусақ іздерін зерттеу саласының 100 жылдан артық тарихы бар. Қазіргі күні осы саланы терең зерттеп, қызығушылық білдіретін әріптестерім жетерлік. «Дактилоскопиямен» шектесіп жатқан «дермотоглифика» сынды бүгінгі күні бөлек ғылым болуға үміткер болып жүрген бағыттар да бар. Осындай ғылымдарды да меңгерген әріптестерімді көрдім. Саусақ ізінің ерекшелігі сол оның баламасы болмайды. Яғни әр адамның өзіне тән ізі болады. Тіпті егіздердің түрлері бірдей болса да, саусақ іздері әртүрлі болады. Бүгінгі күні төлқұжаттарға саусақ іздерін тіркеудің өзі енді ғана келіп жатыр, шындығында бұл баяғыдан айтылған әңгіме. 2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап төлқұжат пен жеке куәлікті алған кезде азаматтарды өз еркімен дактилоскопиялық тіркеу енгізілген болатын. Саусақ ізін тіркеудің мақсаты – адам мүдделерін қорғау, оның заңды құқықтарын, денсаулығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Артықшылықтары айқын. Біріншіден, бұл іс-шаралар жеке тұлғаларды биометриялық сәйкестендіруді жетілдіруге бағытталған, бұл заңсыз құжаттау фактілерін болдырмауға, құжаттарды қолдан жасаудан, олардың иелерін алаяқтық және өзге де қылмыстық әрекеттерден қорғауға мүмкіндік береді.

Екіншіден, дактилоскопиялық тіркеу біздің азаматтарымыздың басқа елдердің мемлекеттік шекараларын кесіп өту рәсімін жеңілдетуді көздейді.

Үшіншіден, бұл күнделікті өмірде де, жазатайым оқиғалар кезінде де, оның ішінде техногендік және табиғи сипаттағы жеке басын куәландыратын құжаттарды қалпына келтіру рәсімін жеңілдетіп қана қоймай, жеделдетеді деп ойлаймын.

– Криминалист жұмысының арқасында ізі суымай ашылған қылмыстар бар ма?

–  Мен ішкі істер органдарында 22 жылдай қызмет еттім. Бұрын қалада анасы мен баласын өлтіріп кету фактісі тіркелді. Қылмыскер жәбірленушілерді пышақтап кеткен. Тексеру жұмыстары жүргізілді, күдікті ізін барынша жасырған. Алайда бір ғана із дәлел бола алды. Ол – қылмыскердің қылмысты жасағаннан кейін қол жуғышқа қолын жуып болып, шетін ұстаған кезде қалдырған ізі. Соның көмегімен қылмысты ашу мүмкін болды.  

Сол секілді Плодовощный ауылында адамның күйген денесі табылды. Оның кім екенін табу керек, алайда, қол іздері түгел күйіп кеткен. Содан сот медициналық сараптама қызметкерлерімен бірге арнайы дәрі арқылы күйген қол іздерін қайта қалпына келтіру мүмкін болды. Сол арқылы адамның кім екенін анықтай алдық.

Криминалистика қызметі – өте қызықты, бірақ ауыр сала. Криминалист болу үшін адам психологиялық, физикалық тұрғыдан мықты болу қажет. Жүрегі шыдамды, өлген адамдарды көргенде қорықпауы  керек.

– Жанболат Жанқуатұлы, криминалист мамандығына қалай келгеніңіз жайында айтып өтсеңіз?

– Бала кезімде туған күнімде жездем келіп, салтанатты шараға киетін киімнің капитан погонын ұстатып «Криминалист-эксперт бол!» деп батасын берді. Жездемнің неліктен олай дегенін білмеймін. Мен ол кезде 10 жаста едім. Бірақ жездемнің сол айтқанын орындадым. Әкем әскери ұшқыш боласың деп күткен еді, бірақ мүмкіндік болмады. 1991 жылы Оралдың А. Пушкин атындағы пединститутының физика-математика мамандығына оқуға түстім. Бірінші курста оқып жүргенімде әскер қатарына алып кетті. Кейін келіп оқуымды жалғастырып, 1993 жылы оқуды аяқтадым.

Ол  заманның аумалы-төкпелі кезі еді. Жұмыс жоқ, мұғалімдер саудаға кетіп жатты. Сөйтіп, бір күні досым Николайды кезіктірдім, ол маған сенің мамандығың криминалист болуға келеді деп, осы іске итермеледі. Ол кезде милиция болу ойымда жоқ, тіпті криминалистің қызметін де түсінбеймін. Алдымен қалалық басқармадан бастадым. Содан криминалистиканың шемоданын жинадық. Қазір бәрі бар, ал біз қажетті заттарды өзіміз жинадық. Бұрын саусақ іздерін алу үшін типографиядан паста алып, оны тіске арналған кремнің ішіне құйып, жасақтадық. Кейін, әрине, арнайы құралдардың бәрі шыға бастады, толықтық. Мені Әділет департаментіне сарапшы ретінде де шақырған, бірақ жұмысым өзіме ұнағандықтан, ауыспаймын деп шешіп, кейін аға криминалист, одан әрі басқарманың орынбасары, басшылық қызметке дейін жеттім. Бәлкім, криминалист болуды тағдыр маған тартқан шығар...  

Бір қызық айтсам, мен жұмысқа 5 қараша күні орналастым, басшылық лауазымға 5 қарашада тағайындалдым және осы күні қызымның туған күні. Қазір екі қызым, жиенім бар. Екеуі де педагогикалық қызметте.

Содан зейнетке шыққаннан кейін 2018 жылдан бастап Орал қаласындағы Қазақстан инновациялық және телекоммуникациялық жүйелер университеті мемлекеттік емес білім беру мекемесінде педагогикалық білімімді қайта қолға алдым, жас криминалистерді дайындау жолындамын. Генерал-майор Р. Хайдаров атындағы криминалистикалық полигон аштық, яғни БҚО полиция департаменті мен институтымыз арасында ынтымақтастық  меморандумға  қол қойылды.  Бізге полиция қызметкерлері келіп тәжірибесімен бөлісіп жатса, біздің де студенттеріміз  практика кезінде криминалист мамандардың жұмысымен таныса алады.

Қазіргі күні компьютерлік технологияның дамуына байланысты көптеген қылмыс осы виртуалды кеңістікте жасалады. Бұл кеңістіктің шекарасы жоқ болғандықтан, бір қылмыс бірнеше мемлекетпен байланысты болады. Соның салдарынан мұндай қылмысты ашу түрлі қиындықтар әкеледі. Десе де, мұндай кеңістіктерде де іздер қалады екен. Бұл іздерді сол баяғы криминалистика зерттейді. Мұндай сала қазіргі уақытта «компьютерлік криминалистика» деген атауға ие. Бұл салада да біз шет қалып отырғанымыз жоқ. Бүгінде департаментімізге IT саласының мамандары қызметке алынып, зерттеу түрлерінің әдістемесін даярлауда.

Сөз жоқ, криминалистика – күрделі де қызық, жауапты мамандық. Осындай күрделі қызметтің маманы болғаныма іштей мақтанамын.

Сұхбаттасқан Асылай Талғатқызы

БҚО ПД ақпараттық саясат бөлімінің қызметкері

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале