28.11.2023, 10:00
Оқылды: 47

Жандарбек Бұлғақов: «Сын айту әдебінен ажырап қалғандаймыз...»

– Жандарбек Айтақынұлы, Ақ Жайық өңіріне қош келдіңіз! «Атамекен» өнер ордасында «Арманда» атты форум өте керемет өтті. Есте қалатын есті әңгімелер айтылды. Сіз тәлім-тәрбие тақырыбында ой толғадыңыз. Жалпы баланың жеке тұлға ретінде қалыптасуы үшін не істеген жөн?

Жандарбек

Жандарбек Бұлғақов

айтыскер, Мемлекеттік «Дарын» сыйлығының иегері

– Бала күнімізде «р» дыбысын айта алмай қиналушы едік қой. Қазіргі таңда «н» мен «ң»-ды ажырата алмайтындар көбейген. Бұл туралы логопедтер мен филологтар дабыл қағып айтып жатыр. Заманауи технология қарыштап дамыған сайын адамдар бір-бірімен тілдесуді азайтты. Сол себепті осындай мәселелер туындауда. Қысқасы, адамдар рухани дертке ұшырады. Ата-аналар шырылдап, әлеуметтік желілерде бізге сауал-сұрақтарын жолдайды.

Форум барысында сөз өнері, шешендік өнер төңірегінде де біраз мағлұмат айттым. Балалардың ойын еркін жеткізуге дағдылануы да жанұядағы тәлім-тәрбиеге тікелей байланысты. Көбі баласының сөз бастар алдында қобалжып, ойын ұмытып қалатынын алға тартады. Ол – қалыпты нәрсе. Сахнаға жиі шығатындарда да осындай бір уайым кездеседі. Бастысы – сол уайымды сейілте білу керек. Сөйлер алдындағы уайым – сіздің бойыңыздағы жауапкершілік сигналы.

– Иә, сөз өнері, шешендік өнер жайындағы ойларыңыз жастарды елең еткізді. Жалпы шешендік өнер дегеніміз не? Адамның шешен сөйлеп тұрғанын қайдан аңғаруға болады?

– Шешендік өнер – қоғамға қажетті саланың бірі. Негізі кез келген саланың форматы заманға сай жаңарып, даму үдерісі, мақсат-мұраты өзгеріп отырады. Соған орай шешендік өнер де біраз түрленді. Осы тақырып төңірегінде ізденгенімізде, шешендіктің түр-түрі бар екенін байқадық. Көпшіліктің алдында сөз бастау – бөлек әңгіме. Кәсіби тұрғыда пікір алмасу кезінде ешкімнің ар-намысын таптамай ойыңды жеткізу де – шешендіктің бір түрі. Кішкентай балалар өз алдына, лауазымды тұлғалардың өзі көпшіліктің алдында сөз бастарда кібіртіктеп қалып жатады. Олар бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерімен кездескен уақытта ойларын орнықты жеткізе алмай қиналады. Камера алдында толқып, мемлекет тарапынан жүзеге асырылып жатқан жақсы жобалар жөнінде жеріне жеткізіп айта алмай қалады да, ештеңе істелмей жатқандай әсер қалдырады. Анығында біз жұмыс нәтижесін насихаттай білуге тиіспіз.

Жұртшылықтың арасында шешен сөйлеу – көркем сөйлеу деген көзқарас қалыптасқан. Шешен сөйлеу – қарапайым тілде ойыңды анық әрі дәл жеткізе білу. Шешендік өнердің талабы – сөз бен істі үйлестіру. Сатушы сата білу керек, қорғаушы қорғай алу керек. Яғни, сөз арқылы бір істі жүзеге асыру – шешендік өнер деп аталады. Ұстазымыз Алмас Алматов: «Кісінің көңіліне тимей сөйлеу де шешендік өнерге жатады» дейді. Әлеуметтік желі дамыған заманда бізге осы нәрсе аса қажет секілді. Әрине, қоғамда орын алып жатқан түрлі жағдаяттар жайында пікір айтуға болады. Бірақ, адамды табаламай, қараламай, ойды жеткізе білу – Абай айтқан «қиыннан қиыстырған ердің данасының» ғана қолынан келеді. Теледидардан көптеген байқауларды көрсетіп жатады. Сол байқауларда әділқазы болып отырған белгілі тұлғалар өнерпаздардың талантына емес, жеке басына қатысты сын айтып отырады. Сын айтудың әдебінен ажырап қалғандаймыз...

– Осы бағытта біраз ізденіп, «Сөз менеджменті» атты кітап шығардыңыз. Осы кітапты жазу барысында қандай бағытта іздендіңіз? Кімнің еңбектерін оқыдыңыз? Жалпы бұл кітапты жазуға не түрткі болды?

– Мен Астана қаласында орналасқан Л. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде білім алдым. Бакалаврды да, магистратураны да филология мамандығы бойынша оқыдым. Сол уақыттарда ұстаздарым сөз өнері, шешендік өнер, әлем әдебиеті, әсіресе, Рим шешендерінің сөйлеу технологиясы және олардың сөйлеу кезінде қандай әдіс-тәсілдерді қолданғаны туралы көп айтатын. Сабақтар барысында Рим шешендері мен қазақтың би-шешендерін салыстыра оқыдық. Сөйтіп, осы бағытта іздене бастадық.

«Сөз менеджменті» кітабын ғылыми тілде емес, жастарға түсінікті қарапайым тілде жазып шықтым. Бұл – ой-пікірін жеткізуге қысылатындарға, көркем сөйлей алмаймын деп уайымға салынатындарға көмекші құрал. Кез келген нәрсе ойда пісіп жүреді ғой. Сұхбат жанрын зерттеп-зерделеп, көптеген талдау жасадым. Ең алдымен сол зерттеу материалдарымның бейнежазбасын дайындадым. Кейіннен қағаз бетіне түсірдім. Бір жылға жуық уақыт жұмсадым. Талдап-талқылау жұмыстары жөнінде егжей-тегжейлі әлеуметтік желілерге жазып отырдым. Осы кітапты жазу барысында айтыс сахнасындағы тәжірибемнің үлкен көмегі тиді.

– Жандарбек Айтақын-ұлы, өзіңізді айтыс ақыны ретінде дүйім жұрт жақсы біледі. Ендігі әңгімемізді айтысқа бұрсақ... Сахнада жоғары деңгейде айтыс жасау үшін жастарға қандай қасиеттер қажет? Олар айтысқа дайындалғанда ең әуелі нені ескеруі тиіс?

– Айтыс ақындарына ең әуелі үлкен ізденіс керек. Ізденіс тоқтап қалса, шумақтар әсерлі өрілмейді. Айтыс тұрақты түрде оқуды, ізденісті қажет ететін өнер. Қазіргі айтыс қоғамда орын алған оқиғаларды ой елегінен өткізіп, сол жөнінде сүбелі сөз айтуды талап етеді. Айтысқа жиі қатысу кей ақынға жақсы әсер етуі мүмкін. Ал кей ақынға кері әсерін тигізеді. Неғұрлым айтысқа көп шықсаң, соғұрлым көп шыңдаласың деген ұғым бар. Әрбір айтыстан соң ақынның өз-өзіне анализ жасап отырғаны жөн. Өзінің ұтылғанын мойындай білу де ерлік. Ұтқыр шумақтарды да еске түсіру керек. Өз-өзіне баға беріп, өз-өзін сынап, өзгелердің де пікіріне құлақ асқан айтыскер дамиды деген ойдамын. Айтыстың бәріне бірдей қатысқан ақын қатты қарқын алады, жоғары деңгейде өнер көрсетеді дегенге сенбеймін. Айтқан сөздеріне тұрақты түрде сараптама жүргізбеген айтыскердің жеңіске жете беруі екіталай.

– Кішкентайыңыздан айтыскерлердің арасында өс­тіңіз. Оған әкеңіз Айтақын Бұлғақовтың да әсері тиген шығар. Әкеңіз айтысқа дайындалған кездеріңізде көмектесіп тұра ма? Жалпы сіз кейінгі кездері айтысқа шығып жүрсіз бе? Айтпақшы, алғаш рет айтысқа 6-сыныпта шығыпсыз ғой. Қандай сезімде болдыңыз?

– Тәжірибелі адам қашанда дұрыс бағытқа жол сілтейді. Әкем 40 жылдық тәжірибесіне сүйеніп, әр кез ақыл-кеңесін айтып отырады. Жастықтың буымен эмоцияға беріліп, жеткізгім келген дүниелерді басқа бағытта айтсаң қалай болады деп өзінің нұсқасын ұсынады. Әрине, мен оны қуана қабылдаймын. Айтыс алдындағы дайындығым шырқау шегіне жеткен шақта алдынан өтемін. Ол ақыл-кеңесін аямайды.

Қазіргі таңда айтысқа жиі шықпаймын. 12 жасымнан бастап айтысқа қатыстым. Аға буын өкілдерімен де айтысып көрдім. Солардың айтыстарын көп тыңдағаннан ба, менің өзіміз жасап жүрген айтысқа мүлде көңілім толмайды. 2005 жылға дейінгі айтыстарды тұшынып отырып тыңдаймын.

6-сыныпта оқып жүрген кезімде оқушылар айтысына қатыстым. Әрине, қатты толқыдым. Осы айтысқа қатыспай-ақ қойсам қалай болады деген ой да болды. «Шешінген судан тайынбас» демекші, армандағаным осы емес пе деп өз-өзімді қамшылап, іске кірісіп кеттім. Бұл айтыс үлкен айтыстарға жол салып берді.

– Тәуелсіздік құрдасысыз. Сіздің ұғымыңызда Тәуелсіздік деген не?

– Бұл – өте ауқымды ұғым. Қазіргі уақыттағы қазақтың қадірлейтін дүниесі – Тәуел­сіздік. Әлемдегі геосаяси жағдайларды бақылап отырып, біз осыны ұғындық. Бірлікті сақтау – басты мұратқа айналуы тиіс.

Сұхбаттасқан Марлен Ғилымхан,

«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале