30.04.2024, 11:19
Оқылды: 81

Жанды дауыс. Жан тебіренткен кеш

29 сәуір күні «Атамекен» өнер ордасының ұйымдастыруымен «Есті әндер есімізде...» атты ретро концерт жоғары деңгейде өтті. Өйткені, жанды дауыс, ескі әндер һәм есті әндер елді ерекше тебірентті. Олай болуы заңды секілді де. Арайлы Ақ Жайық жұртының жүрегінен орын алған даусыз дарын, сөзсіз әншілер Жаскелең Ғайсағалиев, Жаңылсын Хасанова, Марат Сарбөпеевтер жанды дауыста ән шырқап, сазды кеште көпшілік көрерменге көтеріңкі көңіл-күй сыйлады. Көңіл қылын шерткен әртістер халықтың құрмет-қошеметі мен ыстық ықыласына бөленді.

438260619_2208488666160069_1363990433404691927_n

Думанды кешті жүргізген айтыскер ақын Бауыржан Ширмединұлының да шеберлігі шараның шырайын кіргізе түсті. Оның сүбелі сөз саптауына ел бірден елти қалды...

Кеш барысында аты аңызға айналған Шәмші Қалдаяқов, Әсет Бейсеуов, Нұрғиса Тілендиев, Ескендір Хасанғалиевтердің ескермейтін есті әндері табиғи дауыста орындалды. Жадымызда жатталып, жүрегімізде сақталған ән жауһарларын есті әуендерге емеурін танытып келген ел-жұрт танымал әншілермен қосыла шырқады.

438262695_2208488756160060_6160304212168370090_n

Думанды ән кешінің билеттерінен түскен қаржының бір бөлігі су тасқынынан зардап шеккен жандарға қайырымдылық көмегі ретінде аударылатын болады.

438301441_2208488606160075_2243775740994509848_n

- Соңғы кезде «Атамекен» өнер ордасында өтетін мәдени іс-шараларға жиі келіп тұрамын. Себебі, мұндағы залдың кеңдігі, дыбыстың тұнықтығы, сахнаның әсемдігі ерекше ұнайды. Өзім зейнеткермін. Дегенмен рухани, мәдени кештерден қалыс қалмаймын. Шамам келгенше, көріп, куә болуға тырысам. Жалпы, жас ұлғайған сайын адам баласы жастық шағын, балалық кезін аңсайтыны анық. Меніңше, сағынышқа айналған сәулелі сәттерді еске түсірудің төте жолы – сол дәуірде жарыққа шыққан әндерді тыңдау.

Өңіріміздің өнерпаздары шырқаған мән-мұзмұнға бай әндерді тыңдап, кароке арқылы бірге орындап, бір жасап қалдық. Әрі әр әнді жанды дауыста орындаған әншілерге риза боп отырдық. Көңілден шыққан кеш болды. Эстрада қанша жерден тегеурінді болғанмен, ескі әндерді де ұмытпаған жөн. Осындай әсерлі ән кешін ұтымды ұйымдастыра білген өнер ордасы ұжымына алғысымды айтамын, - деді кештен алған әсерімен бөліскен Орал қаласының тұрғыны, зейнеткер Аққойсын Анесова.

440572447_2208488622826740_3214571065070705918_n

Алтынбек Ермекқалиев,

Орал қаласы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале