23.12.2021, 11:50
Оқылды: 99

Жәңгір хан университеті студенттері Хадиша театрында болды

Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінің білім алушылары Х.Бөкеева атындағы облыстық қазақ драма театрында қойылған «Жусан» қойылымын көріп, салмақты ой түйіп қайтты.

1

«Егер қоғамда жара болып жатса, оны театр емдеуге, не «бәрі жақсы болады» деп сендіруге тиісті емес, театр сол жақты саусағымен нұсқап көрсетуі керек. Сонда ғана қоғам алдындағы парызы өтеледі» деген екен Михаэль Тальхаймер. Расымен де, адам жүрегіне жетудің бірден-бір жолы –театрлық қойылым. Осы айтылған сөздердің дұрыстығына Хадиша театрында сахналанғанМарлен Ғилымханның «Жусан» психологиялық драмасының көрермені ретінде көз жеткізіп қайттық. Қойылымның режиссері – Самал Әбуов.

Қойылымның шымылдығы ерекше әсерлі дыбыс және бейнелермен басталды. Алғашында барлығы аңтарылып қалғанмен, кейіннен актерлардың шеберлігінің арқасында көрерменді өздеріне бірден баурап алған «Жусан» драмасына көп уақыт пен еңбектің кеткені бірден байқалды. Бұл драмада елімізде айтарлықтай маңызды мәселеге айналған жастардың саналарының уланып, діннің жат ағымына ілесіп, шетел асып кететіндердің тағдырын шынайы эмоциялар арқылы көрермен жүрегіне жеткізді. Себебі театр – біздіңқоғамды басқа қырынан көрсететін мәдениет ошағы.

Бұл қойылымды көрген әрбір өнерсүйер жан өмірлеріне азық болатындай мол тәрбие мен тағылым алып шықты деп ойлаймын. Бір жылатып, бірде мұңға батырған драманы сахналаған режиссер Самал Әбуовке, білім алушылардың рухани жан-дүниесін байытуға септігін тигізген университет ректоратына алғысымыз шексіз.  Театр әлемінде «Жусан» сияқты психологиялық драмалар жалғасын таба берсе, біздің де рухани жан азығымыз түгенделеріне сенімім мол. Өзімнің ойымды «Театр – өмірлік сұрақтарға шешім табатын жоғарғы интенция» деген Александр Герценнің сөзімен қорытындылағым келеді.

Шамшырақ Есенғалиева,

БҚАТУ-дың 1-курс студенті

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале