Бүгін Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінде «Академиялық адалдық: парасыз оқу ортасын қалыптастыру» атты дөңгелек үстел өтті. Бұл туралы БҚАТУ медиа орталығы хабарлады.
«Саналы ұрпақ» клубы аясында ұйымдастырылған шараға университетіміздегі Политехникалық және Индустриалды-технологиялық институттардың студенттері, оқытушылар және комплаенс-офицер қатысты.
Дөңгелек үстел барысында академиялық адалдықтың қағидаттары мен оның білім беру жүйесіндегі маңызы, парасыз оқу ортасын қалыптастырудағы студенттердің рөлі, университеттің жемқорлыққа қарсы шаралары мен адалдық мәдениетін қалыптастыру жолдары талқыланды. Аға оқытушы, философия докторы (PhD) Мақсот Жанғожиев адалдық принциптерінің тұлғалық дамуға әсері туралы әңгімелесе, оқытушы, магистр Мұхтар Сүлейменов парасыз білім беру әдістері мен оның артықшылықтарын түсіндірді. Комплаенс-офицер Айнагүл Дюйсенгалиева білім ордасындағы жемқорлыққа қарсы қабылданған механизмдер мен студенттердің адалдықты сақтаудағы рөлі туралы баяндады.
Политехникалық институттың студенті Айтуған Мизам «Сыбайлас жемқорлық – ауру, оған қарсы күрес – менің борышым» атты эссесін оқып берді. Бұл шығарма студенттер арасында үлкен қызығушылық тудырып, жемқорлықсыз қоғам қалыптастырудың маңызын тереңірек түсінуге ықпал етті. Жастар тақырып аясында өздерін толғандырған сауалдарын комплаенс-офицерге қойып, академиялық адалдықты сақтау және жемқорлыққа қарсы күрес бойынша толық әрі мазмұнды жауаптар алды.
Дөңгелек үстел студенттер мен оқытушылар үшін академиялық адалдықтың маңызын арттырып, парасыз оқу ортасын қалыптастыру жолындағы маңызды қадам болды.