Бүгін Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінде Ұлыстың ұлы күніне орай «Наурыз-думан» көпшілік іс-шарасы өтті.
Ұлттық құндылықтарды ұлықтауға бағытталған мерекелік шараға университеттің оқытушылары мен қызметкерлері, білім алушылар және Зашаған кентінің тұрғындары қатысты. Күмбірлеген күймен, әсем әуен ырғағымен мерекеге жиналған көпшілік бір-бірін Наурыз мейрамымен құттықтап, қол алысып көрісіп, қазақ халқының салт-жоралғыларын жаңғыртты. Ұлттық киімдегі ардагерлер мен ұстаздар, жастар ұлы күннің шырайын келтірді.
Шараның салтанатты ашылуында сөз алған Жәңгір хан университетінің басқарма төрағасы-ректор Асқар Наметов Көрісу айттан басталған «Наурызнама» онкүндігінің маңызына тоқталды.
– Амал мерекесінен басталған әр күніміз айрықша маңызға ие болып, түрлі іс-шара атқарылуда. Жәңгір хан университеті де осы жаңаша үрдісті жылы қабылдап, әр атаулы күнге орай түрлі шаралар ұйымдастырды. Студенттеріміз, оқытушыларымыз бен қызметкерлеріміз ұлттық деңгейдегі мерекеміздің маңызын арттыруға белсене үлес қосуда. Соның нәтижесінде ұлттық дәстүрлеріміз ұлықталып, отбасы құндылықтары дәріптеліп, айналамыз жаңарып, ынтымағымыз артуда. Қазақ халқы қашан да елдікке, соның ішінде елдің берекесінің тұрақты болуына баса мән бергенін білеміз. Ендеше, Наурыз мейрамының ауқымды философиялық маңызымен үндесетін осындай іс-шаралар жалғасын таба берсін, – деген университет басшысы жиналғандарды мерекемен құттықтады.
Мерекелік концерттік бағдарламада білім ордасының «Тұмарым» вокалдық ансамблі, «Ерке-Нұр» ұлттық би ансамблі, «Нарын сазы» ұлттық аспаптар ансамблі өз өнерлерін көрсетіп, Ұлыстың ұлы күніне арналған театрландырылған көріністер қойылды. Сонымен қатар жиналған көпшілік арқан тартыс, асық ату, қол күресі, тоғызқұмалақ секілді ұлттық ойындар сайысына қатысты. Қолөнер шеберлерінің қолынан шыққан ұлттық бұйымдар көрмесін тамашалады. Бас ғимараттың фойесінде және Жәңгір хан музейінде қазақтың ұлттық тағамдары қойылған дастарханнан дәм татқан мереке қонақтары ризашылықпен тарқасты.
БҚАТУ медиа орталығы