17.01.2024, 15:30
Оқылды: 65

Жәңгір хан университетінің қызметкерлері 6,5 мыңнан астам генотиптеу үлгіcін жүргізді

Үкіметте Премьер-министрдің орынбасары Серік Жұманғариннің төрағалығымен өткен отырысқа Ұлттық аграрлық ғылыми-білім беру орталығына еншілес жоғары оқу орындарының басшылары қатысты. Бұл туралы ҚР Премьер-министрінің ресми ақпараттық ресурсы хабарлады.

Мемлекет басшысы 2023 жылғы 1 қыркүйектегі Жолдауында Ұлттық аграрлық ғылыми-білім беру орталығын тігінен интеграцияланған агротехнологиялық хаб ретінде қайта құруды тапсырғаны белгілі. Қазіргі уақытта аталмыш орталықтың құрылымын қайта ұйымдастыру бойынша еншілес ұйымдардың өкілдері ұсыныстар әзірлеп жатыр. Үкімет отырысында Қазақстанның үш аграрлық жоғары оқу орнының ректорлары атқарылған жұмыстар жөнінде баяндады.

Укимет отырысы

Фото: primeminister.kz

Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінің басқарма төрағасы-ректор Асқар Наметов оқу орнында бүгінде өндіріске ғылыми жетістіктерді енгізу бойынша белсенді жұмыстар жүргізіліп жатқанын, ғылыми әзірлемелерді практикаға енгізу үшін жағдай жасалғанын, барлық ғылыми қызмет бизнеспен ынтымақтастыққа бағытталғанын айтты.

– Біз жануарларды генотиптеу бойынша қызмет көрсетеміз, 60 асыл тұқымды шаруашылықпен толық ғылыми жағынан көмектесуге шарттар жасастық, 6,5 мыңнан астам генотиптеу үлгіcі жүргізілді. Шаруа қожалықтары базасында қазақтың ақбас тұқымды ірі қара малының 4 зауыттық желісі, «Бішкөл» құс фабрикасы базасында үйректердің 1 кросс және 2 зауыттық желісі құрылды, «Әлем» ШҚ-да Көшім жылқы тұқымының Жәнібек түрі құрылды. Жануарлардың жараларын емдеуге және жұқпалы ауруларға қарсы фитокомпоненттерге негізделген екі антисептикалық препарат жасалды, – деді Асқар Мырзахметұлы.

Сонымен қатар БҚАТУ ғылыми жаңалықтарының қатарында шаруашылықтарда еріген қар суы және жаңбыр суларын сақтау үшін модульдік контурлар жасау бар. Бұл қондырғылар 7 ай ішінде 100 бас жануарды сумен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Сақтау сыйымдылығын сол бағамен тағы 50 басқа арттыру мүмкіндігі бар.

БҚАТУ ғалымдары өндіріс нарығында сұранысқа ие емес, шамамен 75%-ын өртеп құтылатын қой жүнін пайдалану туралы шешім тапты. Технология жылыжайларда гидропоникалық жүйеде пайдалану үшін жүнді төртбұрыш төсеніштер ретінде қайта өңдеуге мүмкіндік береді. Өнімдер әдеттегі базальт төсеніштерден екі есе арзан. Технология зерттеудің соңғы кезеңінен өтуде.

Сондай-ақ Үкімет отырысында батысқазақстандық университеттен басқа Астанадағы С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық зерттеу университеті мен Алматыдағы Қаз ұлттық аграрлық зерттеу университетінде де жасалып жатқан жұмыс мәлім болды.

Премьер-министрдің орынбасары С.Жұманғарин жоғары оқу орындары қызметінің тиімділігін арттыру және аграрлық сала үшін кадрлар даярлау жөнінде ұсыныстар жасауды тапсырды.

БҚАТУ медиа орталығы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале