Бүгін Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында дәстүрлі түрде өткен баспасөз мәслихатына Жәнібек ауданының әкімі Азамат Сафималиев қатысып, ауданның тәуелсіздік жылдарындағы әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы баяндап берді.
Айта кетейік, аталған аудан 1922 жылы құрылған. Облыс орталығынан оңтүстiк-батыс жағында 500 шақырым қашықтықта орналасқан. Аудандағы тоғыз ауылдық округ бойынша 18 елді мекен бар. Тәуелсіздік алған жылы ауданда халық саны 21 мың адамды құраса, кейін тұрғындар саны азайып 2001 жылы 19 мың адамды құраған. 2011 жылдан бері халық санының динамикасы тұрақтанып, күні бүгін ауданда 16 мың адамды тұрып жатыр.
- Биыл рухы асқақ, тұғыры биік төл мемлекетімізге 30 жыл толады. Қарапайым тілмен айтқанда, нағыз ердің жасында, ұлы мақсаттардың басында тұрмыз. Тарих тұрғысынан алғанда, отыз жыл – көзді ашып жұмғандай қас-қағым сәт. Дегенмен, бұл көпшілік үшін қиындығы мен қуанышы, дағдарысы мен дамуы алмасқан тұтас дәуір деуге болады. Бұл – біздің өткеніміз, бұл – біздің тағдырымыз. Тәуелсіздік алған жылдар ішінде Егеменді еліміздің қиыр шетінде, облыс орталығының батысында орналасқан, Ресей Федерациясының Волгоград, Саратов облыстарының аумағымен шектескен Жәнібек ауданының инфрақұрылымын дамыту, ауыл халқының тұрмысын өркениетті жолға қою, сапалы қызмет көрсету мақсатында жарқын істер атқарылды, - деді А.Сафималиев.
Баспасөз мәслихатында аудан әкімі ауыл шаруашылығын қолдау, кәсіпкерлікті дамыту, тұрғындарды таза ауыз сумен, көгілдір отынмен, баспанамен қамту, білім мен мәдениет, спорт пен денсаулық салаларындағы атқарылған істерге тоқталып өтті.
Нұрбек Оразаев,
zhaikpress.kz