1.08.2025, 14:45
Оқылды: 222

Жәнібектегі инвестициялық жобалар

Жәнібек ауданы – еліміздің  қиыр  батысындағы  шекаралық  ауыл-аймақ. Кейінгі  жылдары  бұл  ауданда  инвестиция  кірісі  артып  келеді. Жаңа  жобалар жүзеге  асып, инфрақұрылымдық  жүйелер  жаңарып-жаңғыруда. Ауданның  болашағы  баламалы  қуат  көзінен  бастап  ауылдағы  кооперативтерге  дейін қамтылған  ауқымды  инвестициялық  бағдарламалармен  айқындалып  отыр.

Өнегедегі өзгеше станса

Аудан үшін 2025-2027 жылдарға жоспарланған ең ауқымды жоба – 6 миллиард теңгеге бағаланған жел және күн электр стансасының құрылысы. Жоба Өнеге ауылы маңында салынады. Инициаторы – «Green Spark Power» ЖШС, негізгі инвестор – америкалық «Green Spark Limited» компаниясы.

«Бұл жоба іске қосылғанда, Жәнібек ауданының Ресейден келетін электр қуатына тәуелділігі едәуір азаяды. Электр қуаты өзіміздің өңірде өндіріледі, демек тариф те қолжетімді болады», – дейді Жәнібек аудандық ауыл шаруашылығы және кәсіпкерлік бөлімінің бас маманы Батырхан Өтеғалиев (суретте).

Жақсыбайдағы МСКэ

Жоба үш кезеңге – 2025, 2026 және 2027 жылдарға жоспарланған. Биыл басталуы тиіс құрылыс жұмыстары үшін 2 миллиард теңге бөлінбек. Құрылыс кезінде 20 адам, ал станса іске қосылғаннан кейін 16 адам тұрақты жұмыспен қамтылады.

Станса құрылысы жөнінде облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасынан ақпарат сұраттық.

«Бұл кешенді құрылыс болып есептелінеді. Жаңа станса көгілдір отыннан және күн сәулесінен қуат алады. Газ генераторы мен күн панельдері біріктірілген станса. Осы нысанды салу үшін және басқа да жабдықтарды іске қосу үшін Мұратсай ауылынан электр желісі тартылады.  Станса күндіз күн сәулесінен қуат алса, түнде газ поршенді қозғалтқыш іске қосылады», – деп түсіндірді энергетика  және перспективті даму бөлімінің бас маманы Арман Сәрсенбаев.

4,6 млрд теңгеге – 14 жоба

Жәнібек ауданы бойынша 2025 жылы жалпы сомасы 4,6 миллиард теңгені құрайтын 14 инвестициялық жоба жүзеге асады. Бұл – соңғы жылдардағы ең жоғары көрсеткіш.

Басты жобалар тізімі:

– Жақсыбай ауылындағы  мәдени-спорттық кешен, құ­ны – 800 млн теңге;

– «Нефтек» жанармай құю стансасы – 800 млн теңге;

– 2 тойхана құрылысы – 350 млн теңге;

– 2 аутокөлік жуу орталығы – 60 млн теңге;

– жеке инвесторлар есебінен 2 мал сою пункті салынады:

Өнеге ауылында – «Агрокомплекс Арсен» ЖШС (иесі – Мирболат Танкешев), құны – 50 млн теңге, Жәнібек ауылында – «Исаев Алтынбек» ЖК, құны – 150 млн теңге;

– Қымызхана, жылыжай, тері өңдеу цехы – ауыл шаруашылығы кооперативтері бастамасымен.

Жәнібек аудандық ауыл шаруашылығы және кәсіпкерлік бөлімінің бас маманы Батырхан Өтеғалиевтің айтуынша, мұндай нысандар санитарлық талаптарға сай жұмыс істеуі тиіс және әр округте мал сою пункті болғаны тиімді, себебі бұл – ет өнімін ресми нарыққа жеткізудің басты шарты.

«Ауыл аманаты» бағдарламасы – ауылдағы жеке бастамаларды қаржыландыратын тиімді құрал. 2023 жылы бағдарлама аясында ауданның 52 тұрғыны 237,8 млн теңгеге несие алып, жеке кәсібін ашты. Ал 2024 жылы табиғи қиындықтарға байланысты тек 14 адам 78,3 млн теңге көлемінде несие алған.

2025 жылдың алғашқы жартыжылдығында жеті адам несие алды, 47 адам құжат жинақтап жатыр, төрт ауыл шаруашылық кооперативі өз жобаларын (қымызхана, жылыжай, тері өңдеу) ұсынды.

Бұл – ауылдық кәсіпкерліктің кеңеюін көрсететін көрсеткіштер.

Жол – экономиканың күретамыры

2024 жылы басталған Жәнібек–Казталов–Ресей шекарасы бағытындағы республикалық маңыздағы аутожолдың құрылысы аяқталуға жақын. Соңғы 300 метрлік бөлігі ғана қалып отыр. Бұл жол ауданды облыс орталығымен және  шекарамен тікелей байланыстырады.

«Жол тек көлікке емес, инвестиция тартуға да үлкен әсер етеді. Қазірдің өзінде бірнеше инвестор жол бойынан кемпинг, тамақтану және жанармай құю орындарын салуға қызығушылық танытып отыр», – дейді Батырхан Хамитұлы.

_те5алиев

Осы жолдағы шекара өткізу бекеті алдағы уақытта алты жолақты болып жаңғыртылады. Соның нәтижесінде Қазақстан мен Ресей арасындағы жүк пен жолаушы тасымалының көлемі ұлғаятыны сөзсіз.

«Мұндай инфрақұрылым – өңірдің экспорттық әлеуетін арттырады. Инвесторлар үшін жол мен шекара логистикасы – шешуші фактор. Енді шетелге шығу да, тауар жеткізу де жылдамырақ, қолайлырақ болады», – деп нақтылады бас маман.

P.S.  Жәнібек ауданы инвестициялық тартымдылығы артқан, инфрақұрылымы жаңартылған өңір ретінде жаңа дәуірге қадам басып отыр. Жел электр стансасы, жаңадан салынып жатқан кәсіпкерлік нысандар, кеңейіп жатқан ауыл кәсіпкерлігі және шекаралық жол – бәрі өңірдің экономикалық картасында жаңа белес қалыптастырып жатыр. «Инвестиция – тек қаржы емес. Бұл – халықты жұмыспен қамту, жаңа мүмкіндік, болашаққа салынған сенімді іргетас», – деп  түйіндеді  Батырхан Хамитұлы.

 

Нұртай Алтайұлы,

Жәнібек ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале