15.10.2024, 16:45
Оқылды: 97

Жәнібектегі «Жайлаудан» әлі талай жеңімпаздар шығады

Жәнібек ауданындағы Жәнібек ауылында  «Жайлау» ат спорты кешені 2020 жылдан бері жұмыс істеп келеді.

ca996212-1595-4441-be97-cb00bcb19c6a

Т. Жаро­ков атындағы жалпы білім беретін орта мектеп түлектері Серік Дәулетов пен Биболат  Сағиров мектеп бітіргендеріне 40 жыл толуына орай кешен құрылысын қаржыландырып, мемлекет меншігіне табыстаған.

Бүгінде «Жайлау» ат спорты кешенінде этно-ауыл жобасы іске қосылған. Жоба аясында тұрғындар тынығатын орындар ашылып, кешендегі кейбір алаңқайға өрнектас төселген. Сондай-ақ садақ ататын арнайы орын мен ипподром алаңы дайындалып жатыр. Ауыл балаларын аударыспақ, теңге ілу, көкпар, садақ ату секілді ұлттық ойын түрлеріне баулуға басымдық берілмек. Ат спорты кешенінде жаттыққан жастардың ұлттық спорттағы жетістігі артқан. Ауыл жастарынан құрылған «Ер Тарғын батыр» көкпар командасы күні бүгінге дейін бірнеше жарысқа қатысып, жеңімпаз атанған. Жәнібек спорт клубының директоры Бекжан Нығметовпен қайта жанданған этно-ауыл құрылысы мен жолға қойылған жаңа бастамалар жайында әңгіме тарқаттық.

– Спорт кешені бәйге аттарын жаратумен ғана шектелген жоқ. Қазақтың ұлттық ойындары саналатын аудары-спақ, көкпар, теңге ілу, садақ ату секілді спорт түрлерімен жастарымыз жан-жақты айналысу үшін кешенде құрылыс жұмыстары жүріп жатыр. Спорт кешенін қайта жаңғырту үшін құрылыс мердігері «Mansur Market» ЖШС 24 640 000 теңге жұмсады. Ауыл іргесіндегі этно-ауыл аумағы 1,6 га жер учаскесін алып жатыр. Оның ішінде 10 сәйгүлікке арналып салынған көлемі 288 шаршы метр ат баптау орны бар. Біз үшін жас шәкірттеріміздің денсаулығы  қымбат. Ұлттық спортқа аяқ  басқан жасөспірімдерге қа­уіпсіз дайындық алаңы қажет. Осыған орай биыл этно-ауылда көлемі 50х70 метр ипподром салынды, жақын арада құм төсеу жұмыстары аяқталады. Бейсенбі күні мемлекеттік қызметкерлер, ал жұма күні ауыл тұрғындары сағат 18:00-ден 20:00-ге дейін атпен тегін серуендей алады. Біз мемлекеттік меке­ме болғандықтан ақылы жасай алмаймыз, барлығы те­гін. Келемін деушілерге есік ашық. Адам атқа мінгенде  барлық буыны мен де­несі қозғалысқа түседі. Әсіресе, бел, арқа бұлшықетте­рінің жұ­мы­сы жақсарады. Бұл денсаулы­ғы жағынан дұрыс жетілмеген балаларға өте пайдалы. Қазіргі таңда ата-аналар баласын емдету үшін шетел асып жатады. Ал қазақ қай аурудың болмасын емін ертеректе тауып қойған. Бала атқа мінгенде ең алдымен ат үстіндегі қозғалысты реттеуге тырысады, бұл баланың дене бітімінің сымбатын қа­лыптастырып, бүкіреюден сақтайды. Сондықтан ат спор­тына ден қойып, оны ауылымызда дамыту басты міндет деп есептеймін. Этно-ауыл құрылысы толық аяқталғасын, аудандық аурухана басшылығымен бірлесіп «иппо­терапия» әдісі арқылы са­уықтыру жұмысын қолға аламыз деген ойдамыз, – деді өз сөзінде.

e4875697-045f-4eac-ae94-0d56a28eb24d

Ауыл азаматы Бейбіт Аронов этно-ауыл жобасы іске қосылғанына дән риза. Бала күнінен жылқыны жанына серік еткен ол ат спортының қыр-сырына қанық. Ол – бү­гінде аударыспақтан республикалық деңгейдегі спорт шебері, облыстық ұлттық құ­рама ойыншысы, «Ер Тарғын батыр» аудандық көкпар командасының мүшесі. Қазір «Жайлау» ат спорты кешенінде спортшы жасөспірімдерге жетекшілік етіп жүр.

– Ат спорты Жәнібек ауылында 2015 жылы қолға алынды. Аудан әкімдігі жастарға әртүрлі жарыстарға қатысуға мүмкіндік беріп жатыр. Мен өзім 2016 жылдан бері жаттықтырушы қызметін атқа­рып келемін. 2020 жылы жа­­ңадан ат спорты кешені қолданысқа берілгенде қуаны­шымызда шек болмады. Қа­зіргі таңда «Жайлау» ат спорты кешенінде 10 атты баптап отырмыз. Атқа қызығушылық білдірген балаларға ат әбзелдерін таныстырып, ат ерттеуді үйретуден бастаймыз. Ертоқымның әр бөлшегі өзіндік қызмет атқара-ды. Оны дұрыс ұғынған шабандоз жүйріктен оңай жығылмайды. Отыздан аса бала ат спорты кешенінде  тыңғылықты дайындық үс­тінде. Спорт кешенінің қыз­метін нәтижелі еңбекпен дә­лелдеп келе жатырмыз. Биыл облыстық ұлттық спорт федерациясы ұйымдастырған ересектер арасындағы аударыспақтан қалалық ашық лиганың екі дүркін шемпионы атандық. Ал ізімізді басқан інілеріміз осы лигада жасөс­пірімдер арасындағы аударыспақтан жүлделі үшінші орынды иеленді. Наурыз айы қарсаныңда Ақтөбеде өткен республикалық аударыспақ турнирінде Батыс Қазақстан облысы 6 жүлде алып, командалық есепте 3-орынға тұрақтады. Жүлде алған жігіттердің бірі сырымдық болса, бесеуі – жәнібектік азамат. Күні кеше теңге ілуден республикалық жастар арасындағы сында шәкіртіміз Ерболсын Мақашов үшінші орын алды. Оған қоса, жасөспірімдер арасындағы республикалық турнирге аударыспақтан екі спортшымыз, садақ атудан төрт қыз бала аттанып барады. Қазіргі таңда Жәнібек ауданы бойынша он үш жасөспірім аударыспақтан спорт шебері атанды. Алдағы жарыстарда спортшы шәкірттерімізге артқан сеніміміз мол, – деді Бейбіт Аронов.

a39b1054-bfa7-4a8f-9928-301511c805ab

Ауыл – ұлттық спорттың қайнаған ошағы. Жәнібек ауылындағы «Жайлау» ат спорты кешені қайта жанданып, этно-ауылға айналуы – қуантарлық жайт. Болашақта ұлттық спорт ойындарының жарқыраған жеңімпаздары шығады деген үміттеміз.

Нұрым Ғұмар

Жәнібек ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале