10.01.2023, 9:30
Оқылды: 28

Жәнібектіктер жарады!

Ресей Федерациясының Волгоград қаласында шағын футболдан «Новые имена» атты халықаралық турнир өтті. Ресейдің Волгоград,  Астрахань, Саратов облыстары мен Элиста,  Волжск, Палласовка сияқты үлкенді-кішілі  қалаларының 2008-09, 2010-11, 2012-13, 2014, 2015  және 2016 жылдары туған жеткіншек футболшылар арасында бақ сынаған жарысқа Қазақстаннан Жәнібек ауданының үш командасы қатысты.

398FB284-2D98-423D-AC17-A098E03493F5

Алты жас ерекшелігі бойынша өткен футбол бәсекесінде 48 команда бақ сынасты. Ал ел атынан шыққан «Жәнібек-Искра 2010», «Жәнібек-Искра 2012» және Қамысты ауылының 2014 жылғы футболшылары намысты  қолдан  бермеді.

Үш күнге созылған турнирде қамыстылық ойыншылар қола жүлдегер атанса, команданың лидері Дияс Мерғали турнирдің «Үздік ойыншысы» атанды.

Қазақ елі футболшыларының ойынына таңдай қаққан ресейліктер 2010 және 2012 жылдары туған футболшылар бәсекесін үлкен қызығушылықпен тамашалады. Әп дегеннен қарсыласының апшысын қуырған 2010 жылғы жәнібектік футболшылар ешкімге дес бермей, бірінші орынды жеңіп алды. Ал Даниял Қаршыға «Үздік ойыншы»  аталымын  иеленді.

2014 жылғы інілері мен 2010 жылғы ағаларының жеңісінен қанаттанған «Жәнібек-Искра 2012» ойыншылары да тек жеңіс үшін келгенін көрсете алды. Астраханнан келген «Спарта» да, саратовтық «Спутник» командасы да жәнібектік ойыншылардың тегеурініне төтеп бере алмады. Қарсыластарының қақпасына гол топырлатқан «Жәнібек-Искра 2012» командасы да турнирдің үздігі атанды. Қазақстандық жас футболшылардың шеберлігіне таңдай қаққан ұйымдастырушылар тағы бір жерлес футболшы Әлихан Тұяқовты «Үздік ойыншы» деп таныды.

«Жәнібек-Искра» футбол командасының құрылғанына көп бола қоймады. АҚШ-та тұратын «ІnDriver» такси қосымшасын ашып, негізін қалаған Арсен Томскийдің қолдауымен ауданда ашылған команданы №1 мектеп-лицейінің дене шынықтыру пәні мұғалімі Дастан Әбдірешев, Жәнібек аудандық БЖСМ жаттықтырушысы Аманжол Есенов жаттықтырады. Ал Қамысты командасының бапкері – Марал Төлешев.

Түгелбай Бисен

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале