31 мамыр – Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні
2020 жылы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссия туралы» Жарлыққа қол қойған еді. Содан кейін барлық облыста арнайы өңірлік комиссиялар жасақталып, жұмыс топтары құрылды. Комиссияның басты міндеті – кеңестік кезеңдегі саяси қуғын-сүргін құрбандарының барлық санатына қатысты тарихи әділеттілікті толық қалпына келтіру. Біздің облыста құрылған комиссияның 7 жұмыс тобы ғылыми-зерттеу жүргізді.
Былтыр желтоқсан айында Астанада мемлекеттік кеңесші Ерлан Қариннің төрағалығымен Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссияның қорытынды отырысы өтті. Сонда осы жоба аясында қызмет еткен бір топ маманға ҚР Президенті Қ. Тоқаевтың атынан алғысхаттар табыстады. Басқосуда Батыс Қазақстан облысындағы ХХ ғасырдағы саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау бойынша жұмыс тобының жетекшісі, «DANA» орталығының басшысы Жантас Сафуллин де марапатталды. Біз 31 мамыр – Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні қарсаңында Жантас Набиоллаұлымен жүздесіп, атқарылған жұмыс жөнінде білген едік.
– Жантас Набиоллаұлы, саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтауды мемлекеттік тұрғыдан зерттеу, талқылау және жаңаша тарихи баға беру – бүгінгі ұрпаққа жүктелген ауқымды міндет. Осы маңызды да мазмұнды жоба қалай басталды?
– Біздің облыста саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау бағытындағы жұмыстар 2021 жылы қолға алынды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2020 жылы 24 қарашада №456 «Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссия туралы» Жарлыққа қол қойды. Соған сай облыс әкімінің қаулысы шығып, өңірлік комиссия құрылды, жұмыс топтары жасақталды. Саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау жөніндегі облыстық комиссияның жұмыс тобы нәтижелі еңбек етті. Премьер-министрдің өкімімен құрылған, С. Қасымовтың жетекшілігімен қызмет еткен саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссияның астанадағы жобалық офисі өңірлердегі мамандардың тиянақты, нәтижелі жұмыс істеуіне қолдау білдірді. «DANA» орталығы облыста «Баспасөз тарихы», «Ғұмар Қараш», «Құлпытастану», «Метірке» секілді жобалар аясында саяси қуғын-сүргін тақырыбымен тығыз байланысты зерттеулер жүргізуге үлес қосып келеді. Сондықтан біз бұл тақырыпты зерттеуге белгілі бір дайындықпен келдік деп айта аламыз. Оқырманға түсінікті болу үшін атқарған жұмысымыздың бірсыпырасын айта кеткенім жөн.
2012 жылы жарияланған тарихи-танымдық «DANA» журналының алғашқы нөмірі 17 жасында «Қазақ халқын қорғаушылар одағын» құрып, Совет өкіметіне қарсылық көрсеткен Ғұбайдолла Әнес пен оның жақтастарына арналды. Осы Ғұбайдолла Әнесті үйінен келіп тұтқындағанын көзімен көрген туған інісі Нығметолла Көшековпен 2012 жылы сұхбаттасып, журналға жарияладық. Кездесуімізді бейнетаспаға жазып алғанбыз. Одан әрі ХХ ғасырда Батыс Қазақстан облысында саяси қуғын-сүргін құрбандары болған тұлғалар туралы зерттеушілердің материалдары тұрақты жарияланды. Саяси қуғынға ұшыраған Хамза Есенжанов, Ахмет Мәметов, Дәулетшах Күсепқалиев, Нұғман Сарбөпин, Сахи Дүйсенғалиев, Мәжит Шомбалов, Ғұбайдолла Ахметұлы, Ғұбайдолла Бердиев және басқалар туралы мақалалар жарық көрді. Бұдан бөлек Құныскерей Қожахметов, Шахзада Шонанова, Ғұмар Қараш, Жаһанша Досмұхамедов, Жетісудағы Мамания мектебі туралы материалдар топтамасы шықты. Ғұмар Қараштың Мәскеуде тұратын немересі Надежда Қарашеваны тауып, арнайы барып жолықтық. Ол кісі атасына қатысты жинаған барлық құжатты берді. Сұхбат ақпарат құралдарында жарияланды. Алты жыл Ғұмар Қараштың еңбектерін жинақтай жүріп, 2018 жылы үш томдық жинағын шығардық. Атқарған еңбектерімізді ескеріп, қоғамдық даму басқармасы Батыс Қазақстан облысы бойынша ХХ ғасырдың 20-50-ші жылдарындағы саяси қуғын-сүргінге ғылыми-зерттеу жұмысын ұйымдастыруды тапсырды.
– Ғылыми-зерттеу барысында шаң басқан архивтердің талай сыр жасырғанына куә болдыңыздар. Үш жылда кімдер жайлы біліп, қандай құпия құжаттармен таныстыңыздар? Қысқаша айтып өтсеңіз.
– Батыс Қазақстан облысы бойынша архив құжаттары арқылы бірнеше істің құпиялығын жоюға және адамдарды ақтауға ұсындық. Мәселен, 2021 жылы 992 дін қайраткері, екінші дүниежүзілік соғыста айыптылар ротасында болған – 22 адам, ату жазасына кесілген – 44, соғыс тұтқыны болған – 285 адам, кәмпескеленіп, жер аударылған 71 адам ақтауға ұсынылды. Ал 2022 жылы Президент архивіндегі 136 қылмыстық істің және Орталық мемлекеттік архивтегі 4 істің құпиялығын алу ұсынылды. Сондай-ақ Президент архивіндегі ақталмаған, құпиялығы алынбаған 167 істі прокуратура мамандарымен кеңесіп, ақтауға жататындарын анықтауға, негізсіз тәркіленіп, жер аударылған, айыппұлдар салынған 1214 адамды ақтауға ұсыныс бе-рілді. Былтыр РФ Қорғаныс министрлігіне қатысты сайттардан әскери трибунал үкімдерімен сотталғаны белгілі болған 200 адам, облыстық полиция департаменті архивінен анықталған 284 адам, әскери трибуналмен ату жазасына кесілген 20 адамды ақтау жөнінде құжаттарды жолдадық. Архив «қойнауынан» мүліктері тәркіленіп, жер аударылған 2150 адам, орынсыз алым-салық салынып, әкімшілік жауапкершілікке тартылған 903 адам анықталды (2021, 2022 жылдағы ақтауға ұсынылғандарды қоса алғанда). Бұл тізім әлі де жүйеленуде. Жалпы зерттеу барысында 1928 жылы – 130, 1929 жылы – 60, 1930 жылы – 364, 1931 жылы – 1596, 1932 жылы 109 адамның кәмпескеленіп, жер аударылғаны анықталды. Барлығы – 2150 адам. 1933 жылы 903 адамға түрлі алым-салық салынып, әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Бұл адамдардың бәрі ақталуы тиіс деп есептейміз. Облыстық қоғамдық даму басқармасы басшысының атына тергеу барысында қайтыс болған 74 адамды ақтауға ұсыныс жасауға хат жолданды.
Мәселен, облыстық полиция департаментінің арнайы мемлекеттік архивінен тың деректер табылды. 1930 жылдары Шыңғырлау, Қобда, Жымпиты және Қаратөбе аудандарының аумағында әрекет еткен Беркіневтер «бандалық тобына» (П-3452 іс) қатысты құжаттар анықталды. 1929-1930 жылдары үкіметтің артық астық тапсыру жөніндегі талаптарын орындамаған, мал-мүліктерін тәркілеуге қарсылық танытқан байлар қарулы топ құрып, кеңес өкіметінің саясатына наразылықтарын білдірген. Олар Қаратөбе ауданынан шыққан бай Бисенғали Беркіневтің төңірегіне шоғырланған. Бұрын тарихта тек Жаңақала ауданы айтылса, зерттеу барысында 10 ауданда халық наразылықтары болғаны анықталды. Архив құжаттарына сүйенсек, көтерілістерге қатынасқаны және кеңес өкіметіне қарсы шыққандары үшін 309 адам жазықсыз саяси қудалауға ұшыраған. 1930 жылдары Орал маңындағы аудандардан және Жымпиты ауданынан барлығы 41 адам ату жазасына кесілген. Ғылыми-зерттеу барысында ХХ ғасырдағы саяси қуғын көрген 4471 адамды ақтауға, 307 қылмыстық істі жарыққа шығаруға ұсыныс берілді.
– Өңірлік комисия саяси қуғын-сүргін құрбандарының барша санаты бойынша ақпарат (архив деректері, естеліктер, т. с. с.) жинап қоймай, кітап, жинақ, монография шығаруы керек еді. Осы бағытта қандай еңбектер жарық көрді? Әрқайсысына қысқаша тоқталып өтсеңіз.
– Үш жылға жуық ғылыми-зерттеу жұмысы нәтижесінде саяси қуғын-сүргінге қатысты 10 жинақ баспадан шықты. Астанадағы жобалық офиске 5 жинақ дайындап, баспадан шығаруға ұсындық. Бұл жинақтар Нұрлан Сәдірдің редакторлығымен дайындалды. Айта кету керек, жарық көрген кітаптардың авторлары – өңірлік комиссияның мүшелері. Мәселен, «Сенім үшін сергелдең» жинағына (авт. өлкетанушы Қ. Қабжанов) Ке-ңес үкіметі жылдары (1917-1991) Батыс Қазақстан облысында саяси қуғын-сүргінге ұшыраған дін өкілдері туралы мәлімет жинақталған. Осы автордың тағы бір еңбегі – «Қуғындалған хазіреттер». Бұл жинаққа саяси қуғын-сүргін жылдары (1916-1952) біздің өңірде қудалауға ұшыраған дін өкілдері – хазірет-ишандардың тағдыры арқау болған. Олардың қатарында Қажығали Мәулімбердіұлы, Қайырша Ахметжанұлы, Дәулетияр Айсарыұлы, Ғұбайдолла Ахметұлы және басқалар бар. Ал «Тауқымет тартқан тағдырлар» атты (авт. өлкетанушы А. Батырханов) жинақта 1939-1945 жылдары фашистік Германия, Финляндия және басқа Еуропа елдерінде қолға түсіп, қамауға алынған қазақстандық әскери тұтқындар жайлы мәліметтер бар. Сондай-ақ осы автордың «Тауқымет тартқан тағдырлар» жинағының ІІ бөлімі шықты. Келесі жинақ – «Дәулетшах Күсепқалиев: қоғамдық-саяси қызметі» (авт. тарих ғылымдарының кандидаты, доцент Альфия Байболсынова). ХХ ғасырдың басындағы Алашорда үкіметінің мүшесі, мемлекет және қоғам қайраткері, дәрігер Д. Күсепқалиевтің өмірі мен қызметі туралы құжаттық мағлұматтар берілген. Тағы бір құнды еңбек – «Орал, Бөкей губернияларындағы ашаршылық (1921-1922 ж. ж.)» (құраст. тарих ғылымдарының кандидаты Б. Боранбаева). Мұнда облыстық мемлекеттік архив қорларында сақталған 1921-1922 жылдардағы Орал, Бөкей губернияларындағы ашаршылыққа қатысты тарихи құжаттар енгізілді. Архивтің №19, №28, №40, №313 қорларында ғасырлар бойы сақталған құнды деректер бар. Құпиясыздандырылған бұл құжаттардың басым бөлігі алғаш рет жарияланып отыр. Ал «Батыс Қазақстан облысындағы халық көтерілістері» (1928-1932 ж. ж.) (құраст. тарих ғылымдарының кандидаты Есқайрат Хайдаров) жинағына облыстағы 1928-1932 жылдардағы ұжымдастыру саясатына қарсы халық көтерілістері арқау болды. Тақырып облыстық полиция департаментінің арнайы мемлекеттік архивінің құжаттары негізінде кешенді түрде зерттелген. Кітапта Жаңақала және Ілбішін көтерілісі, Жымпиты көтерілісі, Орал төңірегіндегі селолардағы оқиғалар, Азғыр, Орда, Жәнібек, Шыңғырлау аудандарындағы халық наразылықтары туралы жазылған. Осы автордың «Бөкей және Орал өңірлеріндегі бандитизм. 1921-1931. (ОГПУ хабарламалары бойынша)» атты құжаттар жинағында 1921-1931 жылдардағы Бөкей және Орал өңірлеріндегі бандитизмнің сипаты, таралуы, онымен күрес жолдары, жазалау шаралары туралы архив деректері қамтылған. «Мені елден айырған саясаттың екпіні» («Депортация: Батыс Қазақстан облысы тарихының қайғылы кезеңі, 30-50-ж. ж. ХХ ғ.») атты еңбек (авт. магистр, өлкетанушы А. Құрымбаев) 1930-1950 жылдары облысқа саяси себептермен жер аударылған адамдарға қатысты құжаттар негізінде құрастырылды. Оқырманға тұңғыш рет ұсынылып отыр. Ал «Нарыннан өлі айырылмай, тірі айырылдық...» (құрастырғандар: Ғ. Сейтақ, Ж. Сафуллин, Б. Боранбаева.) деген жинақта ядролық, әскери-ғарыш полигонының ашылуы себебінен тұрғылықты жерінен өзге аймаққа еріксіз көшірілген адамдардың естеліктері мен жекелеген архив құжаттары қамтылды.
– Астанадағы Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссияның жобалық офисіне баспадан шығаруға ұсынған 5 жинаққа тоқталсаңыз.
– «Батыс Қазақстан облысындағы байларды, кулақтарды тәркілеу және жер аудару. 1928-1932 ж. ж.» (құраст. өлкетанушы Ж. Сафуллин) деген архив құжаттарының жинағына облыстағы байларды, кулактарды тәркілеу және жер аударуға (1928-1932 ж. ж.) қатысты тарихи құжаттар топтастырылған. Құпиясыздандырылған бұл құжаттардың басым бөлігі алғаш рет жарияланды. Келесі еңбек – «ХХ ғасырдың 20-50 жылдарына қатысты Батыс Қазақ-стан облысы бойынша архив құжаттарының жинағы». Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі өңірлік комиссиясы жұмыс тобы дайындаған бұл жинаққа Кеңес үкіметі үшін қауіпті саналған азаматтарға қарсы репрессия шаралары, ашаршылық, «бандамен» күрес, күштеп ұжымдастыру және басқа да оқиғалар енді. Ал «ІІ дүниежүзілік соғыстағы батысқазақстандық әскери тұтқындар»(құраст. А. Батырханов) жинағына жау қолына тұтқынға түскен 2910 батысқазақстандық туралы тың мәліметтер қамтылды. «Алашорданың Батыс бөлімі. Архив құжаттары мен библиографиялық анықтамалық» қос бөлімнен тұрады. Біріншісі Батыс Алашордаға қатысты архив құжаттарының жинағы болса, екінші бөлім – Тәуелсіздік үшін күрескен Алаш қайраткерлері мен олардың ниеттестері туралы мағлұмат топтастырылған анықтамалық. «Халық жады» естеліктер жинағына қуғын-сүргінге ұшыраған бай-құлақтар, халық көтерілістеріне қатысушылар, Алаш қозғалысы, Алашордаға қатысты тұлғалар, халық жауы ретінде жазаланғандар және олардың ұрпақтары, туыстары ұсынған естеліктер, мақалалар енді.
– Жантас Набиоллаұлы, саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау бойынша жұмыс тобы өңір тарихымен тығыз байланысты тың деректерді анықтады. Бұл ауқымды жұмыстың жүзеге асуына кімдер үлес қосты?
– Мемлекеттік қолдаудың арқасында көп іс тындырылды. Бұл облыс бойынша осы жоба шеңберінде қызмет атқарғандардың ортақ еңбегінің нәтижесі деп білемін. 2021 жылы облыс әкімінің орынбасары Бақытжан Нарымбетов осы істі ұйымдастыруға ұсыныс айтып, сол кездегі облыс әкімі Ғали Есқалиев қолдау білдірген еді. Сол кезде ішкі саясат басқармасында бөлім басшысы, басшының орынбасары болған, қазір Теректі ауданы әкімінің орынбасары Қалаубек Теміров ерекше жанашырлық танытты. Облыс әкімінің орынбасары Бақытжан Хаберұлының түйткілді мәселелерді уақтылы шешіп, табанды қолдауы біздің ісіміздің нәтижелі болуына сеп болды. Былтыр саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні қарсаңында облыс әкімі Нариман Төреғалиев атқарған істерімізбен танысып, жоғары бағалады.
Әріптестердің кәсіби біліктілігі мен ұйымшылдығы және жанашырлығы арқасында еңбегіміз нәтижелі болды. Бірге қызмет еткен Нұрлан Сәдір, Қазыбек Құттымұратұлы, Альфия Байболсынова, Бақтылы Боранбаева, Дәметкен Сүлейменова, Есқайрат Хайдаров, Ахмедьяр Батырханов, Айболат Құрымбаев, Ақылбек Есеналин, Динара Есеналина, Айжан Қосанова, Аяужан Кереева және batysmura.kz порталын жасақтап, материалдарды жүктеп, бейнесұхбаттар жазып, ютуб каналға жүктеген басқа да барлық әріптесіме риза-шылығымды білдіремін.
Ясипа Рабаева,
«Орал өңірі»