Бүгінде жаңалыққа жаны үйір адамдардың қолы босаса, газет-журнал қарайтыны, содан рухани күш алатыны шындық. Сол әдетпен «Орал өңірі» газетін қолыма алып, не жазғанын, қандай жаңалық бар екен деп оқи бастадым. Көзіме бір бетте жазылған қазанама түсті. Ойпырай, әріптесім Темір Құсайын марқұм болған екен. Көңілім құлазып, ол жас еді ғой деп, таңғалдым. Иә, Темір інімді, әріптесімді білетінмін, қаламы жүйрік, жаны жайсаң, ақкөңіл азамат еді. Еліміздің белді газеті «Егемен Қазақстанда» ұзақ жыл еңбек еткен журналисті кім білмейді.
Оның шапағаты тиген, көмегін көрген оқырмандар Ақ Жайық өңірінде аз болмас.
Бір жылдары ол сол газетке «Мұхиттың шөбересі жатақханада тұрып жатыр» деген сын мақала жазды. Расымен де, Ақсай қаласындағы кәсіптік-техникалық колледждің іші астан-кестен, құлап жатқан ескі жатақхананың бір бөлмесінде ұл-қызымен Мұхиттың шөбересі тұратын. Сол мақала аудан, болмаса, облыс басшылығының құлағына тиді ме, көп кешікпей қаланың қақ ортасынан, теміржол бекетіне жақын, ішінде газы, суы кіріп тұрған бір бөлмелі пәтер берілді. Тағы бір өзімнің басымнан кешкен әңгімені айтатын. Бір кездері жер-су, ауыл аттары орыстанып кеткені белгілі. Мұндай саясат Бөрлі ауданында да болды. Шыңғырлау өзенінің суын ішкен, жағасындағы шөбін шауып малға берген, талынан шиесін тоқыған өзен қалайша «Утва» атанып кеткен деп ойланып жүрдім. Жазбаған, бармаған жерім қалмады. Жазғандарыма жалған жалтарма жауаптар келіп жатты. Не істеймін деп жүргенде, «Егемен Қазақстан» газетіне жазайыншы деп маған ақыл айтты. Өзім мақаласын күн сайын оқып жүрген Темір Құсайынмен хабарластым. Ылғи іссапарда жүретін онымен үйінде кездестім. Барлықжағдайды түсіндіріп, облыстық «Орал өңірі» газетінде жарияланған материалды көрсеттім. «Жарайды, жазамын, мына газеттерді тастап кетіңіз» деді ол. Содан не керек, көп кешікпей «Өзеннің өз атауын қайтарайық» деген көлемді мақала жарқ ете қалды. Содан бастап-ақ іс қозғала бастады. Әйтеуір, аудан ақсақалдарының айтқаны орындалды-ау. Міне, Темір Құсайынның ауданға, облысқа көрсеткен көмегі, шарапаты көп болғанын жазуға тура келді. Амал нешік, жақсы еді, ақ көңіл, адамдарға жақын жүретін азамат еді. Темірдің Ақтөбеге ауысып кеткенін де газетке шыққан мақалалары арқылы білдім.
«Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» дейді ғой. Марқұм Темір әріптесім туралы талай жақсы сөз айтылар-ау, талай жазыларда. Рухы риза болсын, артында қалған ұрпағына шапағаты тиер деген шын ағалық ниетімді білдіруді өзімнің азаматтық борышым деп санаймын. Биыл күзге жақын Бөрлі ауданындағы Қарашығанақ кен орны туралы, тұрғындарға газ тартылып, халыққа жасалып жатқан әлеуметтік бетбұрыстар туралы жақсы жазған. Бір кезде осы Қарашығанақ кен орнынан уланып, жапа шегіп жатқан Березовка ауылының тұрғындары туралы ашық, терең талданып, таразыланып жазған марқұм Темірдің мақаласы да «Егемен Қазақстанда» жарық көрген. Бұл да тәжірибелі қаламгер журналистің халыққа жаны ашып, терең зерделенген, талданған мақала екенін анық білемін. Қалай десек те, оқырмандар атынан тек жатқан жері жайлы, топырағы торқа, жаны жәннатта болсын деген шын ниет қана.
Қуанышқали Ғұсманов,
Бөрлі ауданының құрметті азаматы, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі