16.05.2023, 12:31
Оқылды: 45

Жаны жайсаң, жүрегі дархан еді...

Ақжайық ауданының әкімі болған Абай Иманғалиевтің келместің кемесіне мініп кеткеніне он  жыл  болды. 

3460ac93-ab98-4e4b-860d-09e0ef9c13ea

«Өмір – өзен, уақыт – толқын» демекші, өмір, шіркін, зымырап өтіп жатыр. Атпал азамат саналы ғұмырын мемлекеттік қызметке, тәуелсіз Қазақстанның өркендеп дамуына арнады. Аудан басшысы болып келген күнінен-ақ Жайықтың қос қапталына жағалай қонған ауылдық округтердегі тұрғындардың мәдени-тұрмыстық деңгейін жақсартуға көңіл бөлді, ел-жұрттың көңілінен шығатын іс тындырды. Әттең, тек ғұмыры қысқа болды, не бары 62 жыл ғана өмір сүрді. Ғұмыры қысқа болғанымен, артында өнегесі, «елім» деп емірене еткен қызметінің нәтижесі қалды. Айналасындағы адамдарға жасаған жақсылығы мен жанына жақын тарта білетін жан жылуы, шапағаты есімізде. Әріптес әрі замандасымыз, марқұм Абай Сәтиұлы  Ақжайық ауданының әкімі қызметін 2006-2012 жылдары, алты жыл бойы атқарды. Ол жаны жайсаң, жүрегі дархан азамат еді. Сонысымен еріксіз ойға орала береді. Үлкенді сыйлай білетін, кішіге ізетті, қиналғанға қамқоршы, ізденушіге ізгілік таныта білген ардақты жан-тұғын. Жылы шырайлы жүзімен кез келген адамды жанына жақын тарта білетін, салмақты да, салиқалы сөзімен аудиторияны баурап алатын. Халық тілімен айтсақ, елді екі тізгін, бір шылбырын қолына ұстап, биліктің биігінде жүрсе де, қиянатқа бармай, кісіліктің көркем келбетіне қылау түсірмеді. Қуанышты кезде де, көлеңкелі сәттерде де өзін бірқалыпты ұстайтын, асығып, аптықпайтын. Жеке басының қасиеті елдік мүддемен ұштасып жататын, елі үшін шыбын жанын от пен суға салып жүретін, арманы асқақ, жүрегі таза, сезімі мөлдір жігіттерді қазақ халқы атпал азамат деген ғой. Абай Сәтиұлы  дәл сондай азаматтың өзі болатын. Басшылық қызмет атқарған кезде ауданның экономикасы мен мәдениеті қарыштап дамып, алға басты. Ауыл шаруашылығы, құрылыс орындарының әр жылғы көрсеткіштерін қатаң қадағалап отыратын. Әрине, аудан негізінен ауыл шаруашылығымен айналысқандықтан, осы саланың жетістіктері қомақты болды. Мал тұқымын асылдандыру жұмыстары қолға алынды. Малдың басын өз төлі есебінен көбейтуге ерекше назар аударылды. Абай Сәтиұлы ауданды экономикалық жағынан алға бастырумен қатар, рухани өрлеу бағытында да қомақты істерімен көзге түсті. Білім беру, медицина, мәдениет салаларына көп көңіл бөлді. Ажары кетіп, азып-тозған он шақты мәдениет, білім нысанын күрделі жөндеуден өткізуге, тұрғындардың игілігіне қызмет жасауына өзіндік үлес қосты. Аудан орталығында М.Әуезов атындағы орта мектеп және аудандық аурухананың емдеу ғимараттары жаңадан бой көтерді. Ауылдық округтерге табиғи  газ, таза су құбырлары тартылды.

2010 жылы ақын Жұбан Молдағалиевтің 90 жылдық тойы аудан көлемінде атап өтілді.  Осы шараны өткізуде Абай Сәтиұлы орасан зор ұйымдастырушылық қабілетімен, мақсатты іске халықты жұмылдыра білудегі көшбасшылық қасиетімен тағы бір ерекшеленді. Сайқұдық ауылында «Тәуелсіздік тұғыры», аудан орталығында Жұбан ақынға ескерткіштері орнатылды. Іс-шараға зиялылар, атақты жерлестеріміз көп жиналды. «Мен ауданды Чапаев, Тайпақ жағы деп бөлмеймін. Ауданның атауын болашақта Жұбан деп өзгертуге атсалысамын»,  – дейтін ол. Елге сіңірген еңбегі ескеріліп, 2011 жылдың желтоқсан айында «Құрмет» орденімен марапатталды.

Қарауылтөбе ауылдық округінің әкімі қызметін 18 жыл атқардым. Соның 6 жылын Абай Сәтиұлының басшылығымен өткердім. Ол кісі әріптестерінің баршасына бөліп-жармай қарайтын. Ауылдық округ әкімдерінің, бөлім басшыларының құзырындағы мәселелерге көп араласпайтын. Әрине, бақылаусыз жібермейтін, қадағалап отыратын. Ақжайық еліне адал қызмет еткен Абай Сәтиұлының өнегелі өмірі  жадымызда мәңгіге қалды. Оның есімін әріптестері, замандастары үнемі ауызға алып, адами қасиеттерін үлгі етіп, жаңғыртып отырары хақ. «Жақсының аты өлмейді, ғалымның хаты өлмейді» деген. Абай Сәтиұлының мейірімді, аяулы бейнесі ақжайықтықтардың, халықтың жадынан өшпейді.

Ғизат  Құжатұлы,

еңбек ардагері,

Ақжайық ауданының құрметті азаматы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале