«Пай,пай өмір, өтесің-ау бір күні,
Тыясың-ау риясыз күлкіні.
Өмір деген – бір жалт еткен найзағай,
Өмір деген көк аспанның күркірі» – деп Мұқағали ағамыз айтқандай, 2020 жыл тек қазақ халқы емес, дүние жүзі үшін... Жаназа... Азалы, қаралы күндер, қоштасу, тағы да сөз... Жер бесікке бөлеу, топырақ салу, фатихалы ас... Жұбату сөз... Бәрі көрген түстей, тізбектеліп өтіп жатты, өтіп жатыр.
Жанға бір демеу, көңілге бір медеу, «Елін ойлаған ескерусіз қалмайды» деген бар...
Көшенов Өтеген Еркінұлы «нағыз қазағың, міне, осындай» деп көрсететіндей, өзіндік қазақы мінезі бар, өзіндік «мені» бар, таутұлға болатын. Әрине, өткен шақта жазу оңай болмаса да, бір жылдық садақасы тұсында еске алу жазып, досымыздың елі үшін, жанұясы үшін, достары үшін жасаған адал азаматтық тұлғасын көрсетуді жөн көрдім.

Өтеген – Талдықұдық ауылының тумасы. Ата-ананың, әжесінің, елдің қазақы салт-дәстүрінің тәрбиесін көріп өскен азамат. Сол дәстүрді, тәрбиені өз ұрпақтарына өзінің болмысы, жүріс- тұрысымен, іс-әрекеті, еңбегімен, парасатты біліктілігімен ұстаздан артық жол салып, үйретіп кетті.
Бірде университеттің маңында тұратын ұлының үйіне шақырып: «Түскі асқа келе қал, соғым келді, қуырдақ жейік», – деп телефон соқты. Бардым. Түріктің қарттарындай төрде жардай болып өзі отыр. Жағалай үн жоқ отырмыз. Биссімилла деп тамақ ала бастадық. Бір кезде ұлына қарата: «Соғымың сүйкімді болсын, мынадан басқаларына бөтеке бөлдіңдер ме?», – деді ызғарлы. «Иә, бөліп бердік», – деді Асхат.
Сол жерден шыққасын осы бір «бөтеке бөлу» сөзі, оны осы кезге дейін ұстанып келе жатқан досымның әкелік тәрбиесі, келіннің көңіліне қарамастан, өз шаңырағының дәстүрі мен балалардың аға-қарындас пен іні арасындағы бауырлық қарым-қатынастың күрмеуін нығыздап байлап, туыстық қатынастың ажырамауын бірауыз сөзбен түйіндеп берді. Сол көрініс Өтегеннің аталық, әкелік болмысына одан сайын көзім жетіп, ұстазға лайық бір керемет келбетін көрдім.
Өтеген досым тек жанұясы емес, елі үшін, туған ауылы үшін үлкен еңбек жасады. Ауылының ортасына зор мешіт салып, бір қуантты. «Әлсіреп» отырған отбасыларға ақшалай, тамақтай көмегін аямайтын.
«Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында өткізілген аудандық форумның төрінде халқы, елі ризашылығын білдіріп, зор құрметке бөленгенінің куәсі болдық.
Казталовка ауданының орталығында Өтеген Еркінұлының қаражатымен спорт мектебі бой көтеріп, жас ұрпақтың дене шынықтырып, жаттығуына, дені сау ұрпақтың өсіп-өнуіне пайдаға асып отыр. Сондай-ақ жыл сайын қарттар үйіне, балалар үйіне ақшалай да, заттай да керек-жарақтарымен көмектесіп тұрғанының куәсі болдым. Бұған қоса Талдықұдық ауылының біраз тұрғынына үй алып бергенін, балаларына көмектескенін көрдік.
Досымыздың жарқын жүзін енді көрмейтінімізді, олардың біздің төрімізге төрлемейтінін қатал тағдыр ұқтырса да, мойындай алмай, достар болып жиналғанда, келіп қалардай, кіріп келетіндей болып елеңдеп жүрдік. Амал жоқ, мойындауға тура келді. Жақында бір жылдық садақаң... Сені емес, басыңа барып, құлпытасыңды құшақтап, суреттегі бейнеңді сипаудан басқа ештеңе қолдан келмейді.
Тағдыр деген осы екен! Қимайтын қанша досымыз бақилық болып кетті. Жатқан жерлері жайлы болсын! Арты қайырлы, балалары аман, Нәсібің мен Асхатың өзің тастай қылып құрып кеткен шаңырағыңның отын маздатып, жарқыратып ұстап, қоңыр тірліктерін жалғастыруда. Өзің бар кездегідей тап-тұйнақтай. Сенің жинаған абыройыңды аялап отыр. Сенің балаларың үшін, туған жерің үшін, достарың үшін жасаған еңбегің мен төгілген теріңді, сенің үмітіңді ақтады. Шаруаңды өзің бардағыдай Асхатжан жалғастыруда. Желеп-жебеп жатқайсың.
Дос-жолдастардың қатары сиреп қалды. Оралмас сапарға кеткен дос-жаран, құрбы-құрдас үшін дұға оқып, бет сипау дағдымызға айналды.
Алланың рақымында болыңдар! Жандарың жәннатта кездессін дейміз!
Өтеген досымыз құдаларын құдайдай сыйлайтын. Ал көңілінен шықпаса, бет жүзіне қарамай, дастарқанды төңкеріп, жүре беретін, өзінің мінезін батыл көрсете алатын еркекке тән қаталдығы да досымның өзіне үйлесіп-ақ тұратын-ды. Ондай мінез болмаса, «шағын мемлекетіміз» болбырап, шашылып, келіндер күш алып, шаңырақтың берекеті кетері сөзсіз ғой.
Кім біліпті, «Адам ойлайды, Алла жазады!» дегендей, ауылда өсіп, қалада үлкен-үлкен істер тындырып, сосын туған топырағынан жер бұйырған адам, мүмкін, бақытты шығар. Өтеген өмірде де, бақилықта да бақытты деп ойлаймын. Соңындағы тұяғы Асхатжан әке кәсібін тап-тұйнақтай қылып жалғастыруда.
Өтеген мен Нәсіптің екі бірдей анасын тәрбиелеп, балаша бағып-қаққанын, аялы алақандарын мейірлене тосып, өз қолдарынан бақилыққа тәрбиелеп шығарып салғанын көрдік. Ер-азаматтың басын төрге сүйреп, өмірінің жемісті де жеңісті болуы алған жарына көп байланысты екендігін білеміз. Ақылды жарының ісіне риза болып, Өтеген Нәсіпке өзінің махаббатымен жауап қайтарып жүретінін көрдік. Осы бір жылда досымыздың «бағасының», «бәсінің» биік, асқақ тұлғалы екенін сезіне түстік.
Өтеген досымыз елдің алдында, дос-жаран, жолдастар арасында беделді болды. Ол отырған жер жарқырап сала беретін. Балаларымыздың, қыздарымыздың басынан сипап, шашынан иіскеп, әкесіндей қамқорлығын көрсетті. Жетпей жатса, жетістіріп, аялы алақанын тосты. Осы жақсылығының бәрін Алла Тағала сауапқа жазып, балаларының, жанұясының алдынан шығарсын деген тілектемін.
Тірі адам тірлігін жасайды. Бірді айтып, бірге кетіп, ойым да шашырап жатыр. Кешір, досым, атаңа нәлет індеттің кесірінен сенімен қоштаса да алмадық. Үрейленіп, үркіп, үйден шелпегіңе Құран бағыштап, бақи ғұмыр болса, біз сені жүрегімізде сақтаймыз!
Уақыт жылжуын тоқтатпаса, әлі талай қызыл сөздің тізгінін жіберіп, сені еске алармыз. Бұл күнгі еске алуды достарыңның атынан ел-жұрттың алдына шығаруды өзімнің достық парызым деп есептедім. Бақилы бол, дос!
Өзіңе қойған достарыңның алғашқы ескерткіші деп білерсің!
Еске алуды арнаған
Ұлдай Ержанова,
филология ғылымдарының кандидаты, профессор,
Нұр-Сұлтан қаласы
***
Өтеген екеуміз бала кезден бірге өстік. Бертін келе таратылған Фурманов ауданына қарасты Талдықұдық кеңшарының Бесқұдық бөлімшесінің түлегіміз. Екеуміздің де әкелеріміз Ұлы Отан соғысының ардагерлері, ауыл-аймақтың қадірлі қариялары еді. Әкелеріміз қалай соғысқандарын өздері айтпағасын, бұл тақырып біз үшін жабық болатын. Себебін де білмедік. Бірақ өзіміздің ой-қиялымызбен көз алдымызға елестетіп, әкелеріміз Берлинді алып, арам ойлы, қанқұйлы неміс фашистерін өз қолдарымен құртып келген нағыз қаһарман жауынгерлер сияқты көретінбіз. Өкінішке орай, өмірдің теп-тегіс тура жол емес екенін досым Өтеген бір сәтте-ақ түсінген сияқты. Әкесі Еркін ағамыз өмірден өткен кезден бастап, еркелеп әжесінің бауырында өскен Өтеген ер жігіттің істерін атқара бастады. Алдында Қонақбай ағасы болса да, үй шаруашылығын мойнына алып, анасына тірек бола білді. Жылдар жылжып өте берді. Ер жеткен Өтеген алдына қойған мақсатына қалай да жетемін деген өжет оймен Ақтөбедегі индустриялық техникумды, сосын Оралдағы АШИ-ды тәмамдап, жоғары білімге ие болды. Қай салада қызмет атқарса да, өте тиімді, адал еңбек етті. Әр нәрсенің егжей-тегжейіне жеткенше тыным таппай, қалай да шешімін табатын еді. Өз отбасына, бауырлары мен ағайын-туысқа, жалпы, жәрдемге зәру, көмекке мұқтаж жандарға мейіріммен, жанашырлықпен қараушы еді.
Тұңғыш перзенті Асхат үйленгенде мені бас құда етіп, «елшілікке» жіберді. Тұңғыш немересі Ілияс жарық дүниеге көрінгенде жұбайым екеумізді «кіндік ата, кіндік шеше» мәртебесіне көтерді.
Кіндік қаның тамған жер, алғашқы тәй-тәй басқан топырақ, алғашқы мектеп партасы, алғашқы мөлдір сезім, «Бұл әлде махаббат па?» деп соққан жүрек... Әрине, ешқашан да ұмытылмайды. Өтеген үшін туған жердің, туған ауыл-аймақтың жөні бөлек еді. Жиған-терген жеке қаражатына туған ауылына үлкен мешіт салып берді. 2018 жылы күзде Өтеген досым екеуміз оның үлкен немересі Ілиясты ертіп, Талдықұдықтың орталығына 300 түп тал-терек егіп қайтқанымыз бар. Сол жас көшеттер жайқалған жасыл желекке айналуы үшін екеуміз су құбыры мен насос мәселесін де шешіп бердік. Бұл да Өтеген бауырым ұйытқы болған іргелі істің бірі деп есептеймін өз басым.
Зейнет жасына жетіп, талай жылғы еңбегінің жемісін, өмірдің рақатын көре бастағанда жер-жаһанды жайлаған індет арамыздан Өтегендей досымызды алып кеткеніне де бір жылдың жүзі болды. Жас кезінен туристік саяхатқа құмартып, жыл сайын шет елдерді аралауға тырысатын. Бүкіл Еуропа, Таяу Шығыс, Азия елдерін аралап, отбасымен ел көріп, жер танып жүруші еді. Соңғы сапары да сол сипаттағы саяхаты. Індеттің нағыз өршіп тұрған кезінде оның жер-бетіндегі сапар-саяхаты тәмамдалды.
Жатқан жерің жарық болсын жаны жомарт, мінезі мәрт, досым. Сіздің әулеттің дастарқаны енді тек жақсылыққа жайылсын!
Лұқпан Өтебалиев,
еңбек ардагері,
Орал қаласы