26.04.2022, 9:00
Оқылды: 63

«Жанымның мелодиясы...»

Осындай атаумен 22 сәуір күні «Атамекен» өнер ордасында айтыскер ақын Орынбек Меңдіқұлдың шығармашылық кеші өтті. 1000-ға жуық адам жиналған кеш қалалық мәдени-ағарту бірлестігінің құрылғанына 30 жыл толуына орай өткізілді.

3DE3B052-8F7A-47D1-852A-7E5CDEA883A2

Концертте ән шырқалып, өлең оқылды. Өңіріміздегі ақындар «Құлмамбет айтыс» жасады. Үш  сағаттан астам уақытқа созылған кешті көрермендер тапжылмай отырып тамашалады. Жалғас Исмағұлов «Айдарханның палуандары», «Орамалды қыз», Құдайберген мен Арайлым «Келеді шын ғашықтар», Айзат Айдосұлы «Қаратөбе қызы», «Ағылшын апай», Әділ Ахметов «Тағдырымнан кездесу сұрап тағы бір», Ердәулет Есмурзин «Қызыл орамалды қыз», «Аға мен қарындас» әндерін орындады. «Сүмбіле» бірлестігі мен «Жұлдыз» комьюнити орталығына қарасты «Жас ақындар» үйірмесінің тәрбиеленушілері Әлішер Сүндетов, Айсәуле Шынболат, Мерей Мәліков, Айару Асланбекқызы кеш иесінің өлеңдерін нақышына келтіре оқыды. Қонақтардың эстрада жұлдызы Әбдіжаппар Әлқожаға деген ықыласы ерекше болды. Орынбектің алғашқы ұстазы Балхия Сиражқызы бейнесәлемдеме жолдаса, өнердегі ұстазы, ақын Бауыржан Халиолла жас талантқа сәттілік тілеп, шапан жапты.

–  Орынбекті студент күнінен білемін. Қадыр орталығында жемісті еңбек етті. Басқа жұмысқа ауысса да, байланысымыз үзілген жоқ. Зәулім сарайда кеш өткізу – үлкен ерлік. Орынбек – таза шығармашылықтың адамы, табиғи ақын. Осы кештен түскен қаражаттың бір бөлігі қала тұрғынының үйіне көгілдір отын кіргізіп беруге жұмсалады екен. Бұдан ақын жүрегінің дүниеге байланбағанын байқаймыз,  – деді Бауыржан Ергенұлы.

Сонымен қатар  «Құндылыққа толы өнер ордасына – 30 жыл» жобасы аясында оздырылған кеште қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Серік Қайрлиев пен Жаңақала ауданы әкімінің орынбасары Ақнұрлы Еслямғалиева жас ақынға алғысхат табыстап, сый-сияпат көрсетті. Кеш бірлестіктің 30 жылдығына арналған әнмен аяқталды.

 Марлен Ғилымхан,

 zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале