12.03.2024, 12:00
Оқылды: 84

Жанының жарық сәулесі

 

Ұстаз, жұбантанушы Үзілдік Елеубайқызының 70 жасқа толуына орай

Қазақ әдебиетінің мұғалімі болу оңай деп пікір айтатын адамдардың көзіне ұзақ қарағың келер еді. Олар мұны қалай, қандай мағынада айтып тұр, бұл қазақ әдебиетін жай сыдыртып өте шығатын сабақ деп ұққаны ма, әлде жүрекпен бере алсаң, бала жанына сәуле құю оңай дегені ме, соны түсінгің келеді. Өкінішке қарай, солай дейтіндердің көбінде: «Cөйлей білсең, әйтеуір, сабақ беріп шығасың ғой» деген түсінік бар.

f77dd175-3285-48b4-be9f-c6e605cceb59

Жоқ, бұл олай емес. Қазақ әдебиеті пәнінің мұғалімі болу үшін мұғалімнің өзінің көкірек көзі бұлтсыз күндей ашық, белгілі бір кісілік қағидаттары жетілген, мейірімді болуы тиіс. Ол жаны нәзік, дүниеге сеніп қарайтын адам болмаса, онда шығарма табиғатын түсіне алмайды, ал бұдан кейін балаға әсер етем деуі бекер. Біз кезінде апамыз Үзілдік Елеубайқызының сабаққа қалай әзірленгенін, әсіресе, әдебиет сабағында бүкіл жан дүниесімен оқытатынын көре қалдық. Мұндай мұғалімдер көркем дүниенің табиғатын тануға бейім бола отырып, мейірім мен әділдік ұғымдарын жарқыратып ашуға күш салады, осыдан келіп алдындағы оқушыларына қарапайым, сонымен бірге өзгенің мұқтажына келгенде иілуге шамасы жететіндей қазақы мінез дарытқан шығар дейміз. Өйткені бұл мұғалімдер адамның жүрегінде ардың мөрі басылған болса, жанында ожданның өрті болса, ондай адамның еш уақытта қиянатқа бармайтынын біледі. Осы тұрғыдан келгенде, ұстаздың бала бойында әдебиетке құштарлықты оятуы деген үлкен нәрсе. Өйткені шын білім миын неше түрлі ақпаратқа сықастырып алған адамда емес қой (сөйтіп шатысып жүрміз көбіміз), оқығанын жүрекке тоқып, шын кемелділікке жетуге ниеттенген адамда. Ондай адамдар тәрбиелі, ізетті, парасатты келеді және еш уақытта тоқмейілсімей, өз артықшылығын түсінген сайын жетіле береді.

Көбіне анау жоқ, мынау жоқ деп көңіліміз толмай жүретініміз бар ғой, біз өзіміздің тик-токтары жоқ уақытта ес жиып, шама-шарқынша шығарма оқыған, көркем әдебиетті кәусар сезімдер бастауы, жосылған, ағыл-тегіл, көл-көсір болып құйылған сөз тасқыны деп қана емес, Рух деп түсініп өскен ұрпақ екенімізді ойлай бермейді екенбіз. Ал шынында, бізді әдебиетке құштар қылған – өмірге, сұлулыққа іңкәр, ғажайыптарға сенетін, шетінен романтик, әр сабағын эмоциямен беретін Үзілдік апай сияқты ұстаздар еді. Бұлар бүгінгідей интерактивті тақтаны қолданып, слайдтар арқылы сабақ беретін, бала танымына ауыр болмасын деп оңайлатылған оқулық жүйесіне үйренген мұғалімдер  емес, олар басқаша  сабақ беретін, форманы талдап барып оның мазмұнын барынша ашқанша тыным көрмейтін, өйткені шығарманың терең мәні, бүкіл ізгілікке тән биік өресі мазмұнда тұрғанына титтей күмән келтірмейтін мұғалімдер  еді.

Мысалы, Үзілдік апамыз өзі мұғалім бола жүріп, өлең жазды, айтысқа қатысты, қаншама мақалалары да шықты баспасөз беттерінде. Жазуды көбі меңгере алады, бірақ мәселе онда емес. Қаншама том-том кітаптар қалды ешкім оқымаған, қаншама қағаздар текке ысырап болды. Біздің елбасыға арнаған, жолдаулар мен саяси науқандарға қатысты жазғандарымыздың өзін он вагонға тиесең де таусылмайтын шығар, мәселе басқа да, жазылғанның нәтижесінде біздің түсініктерімізде, ойларымызда қозғалыс болуы, идеялардың жалғастығы  болуы  керек.

Қоғам өзгеріп жатқан мазасыз шақта сергек адам керек. Сергек, қажырлы адамдар мүмкін, осы кезеңді, оның бағытын ішкі сүзгісі қатты жұмыс істейтін өте сезімтал адамдар сияқты тани бермес, бірақ әйтеуір, енжарлыққа салынып, ұйықтап-оянып, маужырап жүрмейді. Олар әр уақытта айналасына қозғау салады. Өзінше әсер етеді.  Елгезек, ширақ адамдарға қызығасың. Үзілдік Елеубайқызы – сондай адам. Жанының сергектігінен де сол тоқсаныншы жылдары бүкіл ауылды жинап, ұйымдастырып, сценарийін жазып, сол кезде ел жаңа танып жатқан қазақтың батырын, би-шешенін, ән-күйін, ұлттық ойындарын, қолөнері мен ұлттық асына дейін қамтып, ойластырып, үлкен Наурыз ұйымдастырды, сол сергектігінен де түкпірдегі Сайқұдыққа өнерпаздарды
шақырып, елмен қауыштырып отырды. Сайқұдықтың сол кездегі ескі клубының сахнасында облыстың, республиканың айтулы өнерпаздарының ән салып, айтысып, өлең оқып тұрғаны есте. Осылай бүтін бір  мәдениет бөлімінің жұмысын атқарғаны – ұстаздың бөлек қажырын көрсетпей ме! Өзі айтысқа қатысып, өнер көрсетіп жүріп, тек өзімен болып кетпей, жаңадан сөз құрап үйреніп жүрген жас талапкерлердің шумақтарын әспеттеп, суретімен қабырға газетіне салып, кейде аудандық газетке жолдап, талабын ұштаған ұстаздың еңбегі көлкөсір. Үзілдік апамыз әлі күнге Жұбан деп келе жатыр. Ұлт намысы, санасының еркіндігі үшін сыналатын шақта азаматтың сөзін айта алған Жұбан сияқты адамның шығармаларын қал-қадерінше насихаттап, жалпы жұртқа қадір-құрметін арттыруға ықпал еткені анық. Әлі күнге «Ақын Халық Қаһарманы деген атаққа әбден лайық» деп, арасын суытпай билікке хат жолдаумен жүр. Бұл шаруа оның өзіне емес, кейінгі ұрпақ үшін деп түсінгеннен де тыным көрмейді. Біздіңше мұның мәні – Үзілдік апамыз өзінің алдынан сабақ алған өскелең ұрпақтың, ең алдымен, рухани тәрбие алмаса, онда оның өмір жайлы білімі де үстірт болатынын түсінген адам. Өйткені пәндік білім көбіне кейбір нәрсені дәлелдеу үшін ғана керек болып қалады, ал рухани жағынан жетілген адам әр уақытта әділеттің, ізгіліктің жағында болмақ. Міне, осы жерде айтайық, ҚР Білім беру ісінің үздігі, ардақты мұғалім Үзілдік Елеубайқызының 36 шәкіртінің тек қазақ тілі пәнінің мұғалімдігін таңдауы – бұл еселі еңбектің, ұстаздың шәкіртке деген ықыласының, шәкірттің ұстазға деген махаббатының нәтижесі. Үзілдік апамыздың 36 шәкірті облыста, республиканың түкпір-түкпірінде еңбек етіп, қоғамға адал қызмет етіп жүр және олардың арасында жемқорлық статьясымен істі болғандары жоқ. Мұны неге айтып отырмыз, осы күні мемлекет қаражатына келгенде адалдық сақтай алудың өзі мораль мәселесіне, гуманизмге қатысты болып  қалды.

Ұстаз, жұбантанушы Үзілдік Елеубайқызының еңбектеріне үңілген кезде әдебиеттің канондарына жауап беретін теорияға сүйенбей, көркемдік жағынан емес, ғұмырын мектепке, қажыры мен қайратын туған жеріне арнаған ұстаз-ақынның адал жүрегінен өріліп түскен ой шынайылығын көріп, бағалай отырып талдауды мақсат еткенімізді  ескерте  кетейік.

Міне, Үзілдік Елеубайқызының:

Адалдығым  танылды   бала  алдында,

Аласардым  әрдайым аға  алдында.

Ауылдан  алысқа  ұзап шыға  алмадым,

Білмеймін, қарлығаш боп жаралдым ба? – деген өлең жолдары автордың өз бейнесін анық берген.

Ешқайда көшіп бармадым,

Ел деген алтын тұғырым.

Болса да қанша арманым,

Ауылда менің ғұмырым, – деп ауылынан қозғалмай;

Ауылым сенде жоқ тыным,

Өзіңнен қалай кетемін.

Жырларын жаттап мықтының,

Ардақтап сені өтемін, – деп ғұмырын Жұбан жырын тануға арнап келетін ұстаз келбеті осындай.

Сөзімізді түйіндесек, бұл өлең жолдары арқылы автордың жұрты мен жерінің алдындағы парызын сезінгені көрініп, әр жазғанында туған жерге деген мейір тұнып тұр (кезінде бұл кісіні Орынбордағы Қазақ тілі қоғамына аттай қалап қызметке шақырғанда да бармай қалғанын білеміз). Және мына қоғамның қисайып кеткен тегершігі түзелсінші дейтін ниеті де анық.

Шама келсе, жақсыны аялау керек. Дәл қазіргідей уақытты аяусыз ысырап қылатын, бос сөзбен, құр мақтанмен күн өткізетін кезеңге қазақ бұрын-соңды тап келді ме, жоқ па, бұл қашанға дейін жалғасары белгісіз, бірақ анығы – осы кезеңде келер күндер үшін игілігі бар шаруа жасап, ең болмаса,  жақсы ойды жеткізіп кету керегін  айтатын  адам көп емес.

Жадыра Шамұратова,

журналист,

Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале