Адам жанын жаралағаннан ләззат алатын «энергетикалық вампирлер» туралы не білесіз? Адамдармен қарым-қатынаста түрлі оқиғалардың куәсі болып жатамыз. Неше түрлі жағдайда сабырлы болу, үндемей өтіп кету кез келгеннің қолынан келе бермейді. Өзіміз күнделікті көріп, сөйлесіп жүрген адамдардың ішінен психовампирлерді ажырату оңай емес. Күнделікті қарым-қатынаста кез келген адам психовампирге немесе оның құрбанына (жертва) айналуы мүмкін. Психологтардың зерттеуін оқып ұққаным, біз күн сайын бірнеше адаммен сөйлесеміз. «Вампирлер» дегеніміз де, сіз бен біз сияқты адамдар. Әрине, энергетикалық вампиризм деген диагноз жоқ. Бірақ белгілі бір адамдармен сөйлескенде тез шаршап қалсаңыз, көңіл-күйіңіз күрт бұзылатын жағдай бірнеше мәрте қайталанса, ойлануға тура келеді.
«Энергетикалық вампирлерді» қалай ажыратуға болады?
«Энергия вампирі» – басқалардың энергиясын өзіне тартып алатын адам. Психолог-ғалымдардың мәлімдеуінше, «энергетикалық вампирлерді» екі түрге бөлуге болады. Біріншісі өз «дертінен» бейхабар болуы мүмкін, екіншісі саналы түрде басқалардың энергиясымен «қоректенеді». Бірінші түрі – қауіпті емес. Ал саналы түрде сөзбен немесе әртүрлі тәсілмен айналасындағылардың көңіл күйін түсіргісі келіп тұратын адамдардан барынша алыс жүрген дұрыс. «Энергетикалық вампирдің» белгілері адамда бала кезінен тамыр тарта бастайды. Өйткені балалардың энергетикалық өрісі өте әлсіз және қорғалмаған. Ал нәресте ата-анасы мен тәрбиешілерінің энергиясын оңай сіңіреді.
Сондықтан сәби өзіне деген сүйіспеншілікті сезінбей, айналасынан дөрекі, суық сөздерді жиі естісе, есейген кезде ата-анасына жауап ретінде дөрекілік таныта бастайды. Үнемі ашу-ызаға булығып, айналасына көңілі толмай жүретін кейбір жасөспірімдер де «энергетикалық вампир» болуы мүмкін. Кейбір жасөспірім «вампирлердің» жан дүниесі ашу-ызаға толы. Мұндай жасөспірімдер деструктивті әрекеттерден қуат іздейді – олар подъездерді бояйды, пошта жәшіктерін өртеп жібереді, жануарларға қатыгездікпен қарайды. Психологтар осындай жеткіншектерден болашақта залым әкелер, жауыз бастықтар шығатынын айтады.
Кейде тып-тыныш жүріп бара жатқан қоғамдық көлікте егде жастағы адамдардың болмашы нәрседен ілік іздеп, жанжал шығарғанын байқайсыз. Олар солай өздерінің энергетикалық қорын толтырады. Бірақ кей адамдар сондай жандардың шылауына түсіп, босқа жүйкесін жұқартып жатады. Сондықтан мүмкіндігінше аяқ астынан туындаған жанжалға араласпай, тысқары қалған дұрыс деген уәж айтады психологтар.
«Энергия вампирлерінің» сыртқы белгілері жоқ, олардың көздері қызғылт, терісі бозғылт, тістері сүйір емес. Олар қорқынышты кинодағылардай сарымсақ пен күн сәулесінен қорықпайды. Тек әлдекіммен сөйлескенде әлдебір жайсыздық пен мазасыздықты бір емес, бірнеше рет байқасаңыз, өзіңізді тыңдаған жөн. Егер біреумен сөйлескеннен кейін сіздің эмоцияларыңыз толығымен таусылып, күйіп қалу сезімі, себепсіз шаршау пайда болса, «вампир» сізді «сорып алды» деп айтуға болады.
Психологтардың айтуынша, мұндай жағдай бірнеше рет қайталанса, ол адаммен қарым-қатынасты доғарған жөн. Бұл мүмкін болмаса, ондай адаммен кездескенде өз эмоциясын қолға алып, ол адамның сөзіне мән бермеуі керек екен. «Вампирлер» тобырды жақсы көреді. Сондықтан олар үлкен дүкендер, қоғамдық көлік, бюрократиялық кеңселер, пошта бөлімшелері және коммуналдық төлем төлейтін жерлерде, яғни дау-дамай, кикілжің-жанжал ықтималдығы жоғары жерлерде болғанды ұнатады екен. Өйткені жанжал – «вампирлер» үшін қосымша қуат көзі. Негізгі ерекшелігі – олар сөзімен өзгелерді тітіркендіріп, айналасындағылардың ашу-ызасын туғызып жүреді. Олар үшін кез келген түкке тұрмайтын, болмашы нәрсенің өзі жанжалға себеп болуы мүмкін. «Вампирлер» әңгімелесушіні басқалардың көзінше қорлап, кекетіп, ойнаған болып жүйкесіне тию арқылы да өзіне қуат алады. «Энергетикалық вампирлер» қызғаншақ әрі кекшіл болып келеді.
Кейбір қызғаншақ адамдарды «энергетикалық вампирге» жатқызуға болады. Өзінің сенімсіздігімен және күдігімен сүйгенінің күшін тартып алатындар болады. Мұндай адамдар өзінің жеке донорын сыртқы әлемнен қорғайды. Бір қарағанда жарына қамқор, жанашыр жан сияқты көрінгенімен, өз донорын қызғанып, оның жүйкесіне тию арқылы содан қуат алады. Сондықтан психологтар адамдармен қарым-қатынаста сергек болу қажеттігін алға тартады.
«Вампирлер» қандай түрге бөлінеді?
Психологиялық тұрғыдан вампирлердің өзі бірнеше түрге бөлінеді екен. Төменде психологтардың саралауымен көп таралған түрлерін оқырман назарына ұсындық.
Даукес (Браулер) – жағымсыз эмоциялармен қоректенеді. Әңгімелесушінің ашуын, қорқынышын және тітіркенуін тудырып, жанжал шығарғанды жаны қалап тұрады.
Ызылдақ – үнемі бір нәрсеге шағымданатын, түсініксіз, өзіне де беймәлім жайттардан зардап шегіп, ызылдап жүретін адам. Ол ашық түрде жанжал шығармайды. Бірақ адамның күшін біртіндеп, өзіне білдірмей сорып алады.
Тиран – кез келген жағдайда көшбасшылық рөл атқарады. Бірақ ештеңе жасамайды, тек талап етеді. Ол өзін қатал ұстайды. Айналасындағыларды жиі сынайды. Мұндай адамдар айналасындағылардың көз жасымен қоректенгенді жақсы көреді.
Мылжың – ешбір жағдайда ешкімге ренжімейді. Бірақ өзінің бітпейтін, ешкімге қызық емес әңгімелерімен айналасындағылардың жүйкесіне тиеді. Онымен кездескеннен кейін адам шаршайды. Бірақ «мылжың вампир» айналасындағылардың өзі туралы не айтатынына мән бермейді. Бастысы, ел назарында болса болғаны.
Бұл энергетикалық вампирлердің толық классификациясы емес. Тек осы психологиялық әсердің ең көп таралған түрлері болып саналады.
Психолог кеңесі
«Вампирлерден» қалай қорғануға болады?
Өңірімізге белгілі психоаналитикалық бағыттағы психолог, Ботакөз Тасеменова (суретте) соңғы кездері адамдар өзінің жан дүниесіне, психикасына үңіле бастағанын айтады.
– Кез келген адам «вампир» немесе «донор» болуы мүмкін. Мәселен, үнемі өзін өзгелер мәжбүрлеп жүргендей, өзі шешімін таба алмай, өзін зардап шегіп жүрген адам сияқты көрсетіп, шағымданып жүретін адамдар болады. Біреулер оған шырпыр болып, шаруасын шешкісі келеді. Бірақ «вампир адам» оны қаламайды. Өйткені ол солай ыңылдап жүргеннен ләззат алады. Вампирлердің бірінші түрі білдіртпей, сүліктей сорып алса, екінші түрі ашық түрде жанжал шығару арқылы айналасындағы адамдардан күш-қуат алады. Олар солай өзгелердің көңіл күйін түсіру арқылы өз көңіл күйін жақсартады. «Вампирлерден» қалай қорғануға болады? Біздің энергиямыз аяқ-қол арқылы шығады ғой. Сондықтан «вампирмен» байланысуға мәжбүр болған кезде, қолдарыңызды кеудеге айқастырыңыз, аяқтарыңызды біріктіріңіз. Осылайша сіз энергияңызды «жабасыз». Егер сіз энерговампирдің әсерінен шаршап қалсаңыз, күшіңізді тез қалпына келтіруге тырысыңыз. Контрастты душ қабылдаңыз, бұл барлық жағымсыз энергияңыз сумен бірге жуылады деген ойға психологиялық серпін береді. Содан кейін ыстық шөп шай ішіп, саябақта серуендеген дұрыс. Жалпы, бала кезден эмоциялық жарақаты бар адамдар вампирге айналғанын өздері де байқамай қалады. Көбіне эмоционалды, психикасы тұрақсыз адамдар айналасындағы дос-жаран, тума-туысқа жағымсыз эмоциясын жолдау арқылы қоректенеді. Сондықтан бұл жағдайда неғұрлым жабық болған жақсы, – дейді психолог.
Гүлжамал Жолдығали,
zhaikpress.kz