Жапония мен Тайвань ғалымдары ұнтақ түріндегі жасыл матча шай бауырды майлы әрі тәтті тағамнан келетін зақымнан қорғайтынын анықтады. Зерттеу нәтижелері Nutrients журналында жарияланды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Газета.Ru-ға сілтеме жасап.

Фото: pixabay.com
Зерттеу аясында зат алмасу бұзылған егеуқұйрықтарға әртүрлі мөлшерде матча қоспасы берілген. Шай ұнтағын қабылдаған жануарларда бауырдағы май айтарлықтай аз жиналған, инсулинге сезімталдық жақсарған және қабыну процестері төмендеген.
Әсіресе жоғары доза берілгендерде айқын нәтиже байқалған: мұндай егеуқұйрықтардың қанында және бауырында триглицерид деңгейі төмендеген. Сондай-ақ ағзаларында қабынудың дамуына қатысатын цитокиндердің концентрациясы азайған.
Сонымен қатар матчаның ішек микробиомына әсері анықталды. Атап айтқанда, пайдалы бактериялар – Akkermansia және Faecalibacterium саны артқан. Олар зат алмасу денсаулығын және қабынуға қарсы тепе-теңдікті сақтауда маңызды рөл атқарады.
Ғалымдардың айтуынша, матчаны тұрақты түрде ішу бауырдың алкогольсіз майлы ауруының дамуын баяулатудың тиімді тәсілі болуы мүмкін. Сондай-ақ бұл сусын қандағы қант пен май деңгейін қалыпқа келтіруге ықпал етеді.