15.04.2025, 12:15
Оқылды: 116

Жар. Ана. Ғалым

Оралда ғылым жолында жүрген көпбалалы ана тұрады. Ол ғалым ана – биология ғылымдарының докторы, қауымдастырылған профессор, Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университеті ғылым басқармасының басшысы-сынау орталығының директоры Индира Бейшова. 

Жақында Индира Салтанқызы Қазақстанның талантты жас ғалымдарға арналған стипендиясының иегері атанды. Ғалым бұл стипендияны 2019 жылы да ұтып алған. Біз Ғылым қызметкерлері күні қарсаңында ғалыммен аз-кем сұхбаттасуды жөн көрген едік. Алайда кейіпкеріміз Алматыда іссапарда жүр екен. Шалғайда жүрсе де, сөйлесуге уақыт тапқан ол өмірі мен қызметі жөнінде баяндап берді. WhatsApp Image 2025-04-07 at 14.32.00

Индира Бейшова Қостанай облысының Жангелді ауданындағы Шилі ауылында дүниеге көрінген. Әкесі Салтан Бекұлы мал дәрігері болып қызмет істесе, анасы Күлдір Ізбастықызы өмір бойы ұстаздық еткен. 2002 жылы Әулиекөл ауданында Ұшқарасу орта мектебін аяқтайды. Қостанай мемлекеттік педагогикалық институтына оқуға түсіп, биология және химия мамандығын таңдайды. Кейін А. Байтұрсынов атындағы Қостанай мемлекеттік университеті болып өзгерген білім ордасын 2006 жылы үздік дипломмен тәмамдайды.

– Менің ғылымға деген қызығушылығым дипломдық жұмысымды жазған кезде ояна бастады. Кейін «Қазақ тұлпары» жылқы зауытында ғылыми қызметкер болып істеп жүргенде Қостанай жылқы тұқымының генетикасын зерттедім. 2010 жылы С. Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінде кандидаттық диссертациямды сәтті қорғап шықтым. Негізі, білім қуып, ғылым жолына түсуіме ата-анамның тәрбиесі де сеп болса керек. Жалпы, отбасым көп қолдау көрсетті. Өйткені ғылым жолы – ауыр жол. Жас ғалымдарға арналған стипендияның иегері болуым – тек менің жетістігім емес. Бұл менің әріптестеріммен, ғылыми жетекшілеріммен, шәкірттеріммен бірге қол жеткізген зерттеулеріміздің нәтижесі, ортақ көрсеткіші деп санаймын. Генетика саласын таңдауыма алғашқы ұстазым мұғалжар жылқы тұқымының ауторы, ауыл шаруашылығының докторы, профессор Набидолла Кикебаевтың ықпалы зор болды, – дейді ғалым.

Индира Салтанқызы А. Байтұрсынов атындағы Қостанай мемлекеттік университетінде биотехнология зертханасын ашады. Ірі қара малдың генетикасын зерттеумен, ғылыми жобалар жүргізумен, оларды құжаттау секілді жұмыстармен айналысады. Кейін бұл қызметті Жәңгір хан атындағы БҚАТУ-да киіктердің, бекіре балығының, қойлардың генетикасын зерттеумен жалғастырады. Ғалым әр жылдары түрлі ғылыми жобаға жетекшілік еткен. Мәселен, 2018-2020 жылдары ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің бағдарламалық-нысаналы қаржыландыру конкурсының  «Мал шаруашылығындағы  асылдандыру әдістерінің тиімділігін арттыру» ғылыми- техникалық бағдарламасына қатысқан. Онда «Ірі қара мал шаруашылығында асылдандыру әдістерінің тиімділігін арттыру», «Етті ірі қараның отандық тұқымдарында тұқым қуалайтын летальды мутациялардың болу деңгейін анықтау» жөніндегі тапсырманың орындалуына жауапты болған. Осы ведомствоның бұлардан басқа да ғылыми жобаларына атсалысқан. 2020-2022 жылдары ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің Ғылым комитетінің жас ғалымдарға арналған гранттық қаржыландыру конкурсының «Толық геномдық SNP-чиптеу негізінде әулиекөл және қазақтың ақбас тұқымды ірі қара малының ет өнімділігін тұқымдық айрықша QTL-таңбалау» ғылыми жобасына жетекшілік етеді. Осы ведомствоның «Голштин тұқымды ірі қара малдағы туа біткен иммунитет гендерінің полиморфизмдері бойынша бактериялық инфекцияларға төзімділікті/сезімталдықты бағалау жүйесін әзірлеу» ғылыми жобасын орындайды. 2022-2024 жылдары «Жабы типті қазақ жылқысының өнімділік қасиеттері геномын толық қамту арқылы SNP-генотиптеу негізінде генетикалық таңбалау» ғылыми жобасының жетекшісі, «Айналмалы сумен жабдықтау жүйелерінде өсірілген бекіре тұқымдас балықтардың және олардың будандарының генетикалық құрылымының спецификалық ерекшеліктерін зерттеу» ғылыми жобасының орындаушысы, «Голштин тұқымды ірі қара малының PRL және BLG  гендері бойынша желін ауруына тұрақтылығының генетикалық механизмдері» жобасының ғылыми кеңесшісі болады. Бұл жобалар министрліктің гранттық қаржыландыру конкурсына сай жүргізіледі.

Қызмет барысында түрлі марапаттарға ие болған Индира Салтанқызы Қазақстанның ғылым саласындағы жетістіктері үшін 2023 жылы «Ғылымды  дамытудағы еңбегі үшін» төсбелгісіне ие болған. Бүгінде 176-дан астам ғылыми мақаласы Clarivate Analytics, Web of Science Core Collection, Clari­vate Analytics, Scopus басылымдарында жарық көрген. Сондайақ 24 кітаптың, 5 оқу-әдістемелік құралдың, 6 оқу құралының, молекулалық биология саласындағы 22 инновациялық патенттің ауторы. «Шәкіртсіз ұстаз тұл» деген бар. Жас болса да, бір ғылым докторын, екі ғылым кандидатын, екі философия докторын, 20-дан астам ғылым магистрін даярлап шығарған. Индира Салтанқызы – ҚР Президентінің жанындағы Ұлттық ғылым академиясының жас ғалымдар президиумының мүшесі. Бұл жерде Қазақстанның әр аймағындағы жас ғалымдар жиналған. Олар осы салада күнделікті кездесетін мәселелерді талқылайды. Нормативтік  құжаттарға өзгерістер енгізуге атсалысады.

– Жастарды ғылымға тарту – басты міндеттерімнің бірі. Өйткені еліміздің болашағы жастардың қолында. Ғылым жолындағы жастарға мемлекет тарапынан тиісті жағдайлар жасалған. Жыл сайын ҚР Ауыл шаруашылығы,  Ғылым және жоғары білім министрлігі ғылыми жобалар үшін нысаналы-мақсатты бағдарламалар мен гранттық қаржыландыру конкурстарын ұйымдастырады. Осы гранттардың арқасында ғалымдарға, соның ішінде жастарға көптеген мүмкіндік берілуде. Ғалым болу үшін терең білім, ғылымға деген қызығушылық, ізденімпаздық, шығармашылық, талант, адалдық керек. Шығармашылық жұмыс болғандықтан, жан-жақты ізденіс пен табандылықты талап етеді. Өзім еңбек жолымды жылқы шаруашылығында бастағандықтан бұл сала жаныма жақын. Әрі кандидаттық диссертациям да отандық спорттық Қостанай жылқы тұқымын зерттеуге арналды. Қазіргі таңда БҚО Бәйге федерациясымен тығыз жұмыс істеймін. Бұл федерацияның көтеріп жатқан мәселесі өзекті, атқарып жатқан жұмысының ауқымы кең. Елімізде үш мыңнан астам мініс жылқысы бар. Федерация соларды тіркеу, құжаттау, ат жарыстар ұйымдастыру және оларды өткізу ережелерін жетілдіру секілді мәселелерді көтеріп жүр. Сондықтан бұл ұйымның жұмысына қолымыздан келгенше атсалысудамыз. Біздің міндетіміз – мініс аттары және спорттық жылқыларды ДНҚ құжаттау, – деді жас ғалым.

WhatsApp Image 2025-04-07 at 14.45.02

Индира Салтанқызының айтуынша, Жәңгір хан университетінің Биотехнология және жұқпалы ауруларды диагностикалау зертханасында ІҚМ мен жылқылардың ДНҚ паспорттары жасалады, сот талқылауы кезінде жануардың шығу тегі анықталады және COVID-19 індеті диагностикаланады.  Сондай-ақ зертханада жылқыларды, асыл тұқымды ІҚМ-ның генотиптеу деректерін енгізу үшін ақпараттық талдамалық базаға (ИАС) қосылуға болады. Сондай-ақ зертхана – малдың генотиптерін STR әдісімен анықтау бойынша халықаралық жануарлар генетикасы қоғамының (International Society for Animal Genetics (ISAG) ID number is 5144509) институционалдық мүшесі. Зертхананың патогендігі II-IV топтағы микроорганизмдермен және гельминттермен жұмыс істеуге рұқсаты бар.  Сынау орталығы өзге өңірлердің жетекші мал шаруашылығына, өнеркәсіп және медициналық кәсіпорындарына қызмет көрсетеді.

– «Генерал болуды армандамайтын солдат жоқ» демей ме? Өзім ғылым саласының қазанында қайнап жүрген соң, профессорлық ғылыми атақ алуға құжаттар дайындап жатырмын. Осылайша шәкірт дайындауға, Қазақстанның ғылымын дамытуға үлес қосқым келеді. Отандық мал тұқымдарын әлемдік деңгейге шығарсақ, бұл еліміздің имиджін көтеріп, Қазақстанның байлығы, мақтанышы болар еді. Десе де, әйел адамның басты миссиясы ана болу ғой. Мен – көпбалалы анамын. Тұңғыш ұлым менің жолымды қуып, Ресейдің Мәскеу қаласындағы Ломоносов атындағы мемлекеттік университетте халықаралық қатынастар мамандығының 1-курсында оқып жүр. Қос ұлым мектеп оқушылары болса, қызым балалабақшаға барады, – дейді Индира Салтанқызы. «Инемен құдық қазған» жас ғалым мемлекеттің кірпіші болып қаланып, ғылымды дамытуға, білімді жастар тәрбиелеуге бел буып отыр.

Ясипа Рабаева,

«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале