29.10.2021, 10:27
Оқылды: 80

«Жәрдемақы алу үшін мүгедектікті қимайтындар да бар»

Жыл сайын қазан айының соңғы жексенбісінде Әлеуметтік қызметкерлер күні аталып өтіледі. Кәсіби мереке қарсаңында ҚР Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитеті БҚО бойынша департаментінің басшысы Сатқан Төлегеновпен тілдескен болатынбыз. 

0264AF25-FD3A-4A20-8815-A7732E8FD9F1

Сатқан Досмұханбетұлының айтуынша, департамент әлеуметтік сала бойынша мемлекеттік қызметтің 14 түрін көрсетеді. Оның бірқатарына тоқталсақ. Біріншісі – жәрдемақы мен зейнетақы тағайындау. Зейнетақы, жәрдемақы алушылардың ХҚКО арқылы жіберген өтініштері, құжаттары «ЕMaket» жүйесі арқылы департаментке түседі. Кейін олар тексеріліп бекітіледі. Содан дәрігерлер комиссиясының қорытындысымен мүгедектік тағайындалады. Облыста 240 мың адам жәрдемақы мен зейнетақы алады. Оларға айына 10 млрд теңге төленуде. Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитеті облыстық департаментінде медициналық-әлеуметтік сараптама жүргізіледі. Департаментте 31  қызметкер болса, оның 15-і дәрігер. Сондай-ақ өңірде мүмкіндігі шектеулі 24 мың жан бар. Оларға мүгедектікті тағайындау мерзімі әр түрлі. Ауру деңгейіне байланысты бес-алты жылға дейін денсаулығы оңалмаса, мүгедектік өмір бойына  тағайындалады.

–  Қазір  тұрғындар жүрек-қан тамыр, онкологиялық және көз аурулары бойынша мүгедектікке жиі ұшырайды. Жол апаты салдарынан да мүмкіндігі шектеліп қалатын жандар аз емес. Мүгедектікке душар ететін дерттер туралы сараптама жасап, облыстық денсаулық сақтау басқармасына жолдаймыз. Олар сол сырқаттың алдын алу бағытында жұмыстанады. Бір толғандыратын мәселе – қазір жасөспірімдерде жүре пайда болатын суқараңғылықтың көбейгені. Бұған бірден-бірсебеп – ұялы телефон мен компьютерді жиі тұтыну. Мектеп оқушыларының дені бүгінде көз ауруына шалдыққан. Телефон қолынан түспейтін балалардың ата-аналары перзентінің көзін дер кезінде қаратуы керек. Екінші мәселе – тұрғындардың уақтылы скринингтен өтпеуі. Дерті жанына батып, әбден титықтағаннан кейін дәрігерге қаралады. Тағайындаған топқа (группаға) келіспей, арызданатындар бар. Мүгедектіктің екінші тобынан денсаулық жағдайының оңалуына байланысты дәрігерлер үшінші топқа ауыстырса, «Ақшам азайып кетті» деп айқай шығаратындар да кездеседі. «Сауығып келемін. Еңбекке араласып, зейнетақы алмайтын болдым» деп қуанатындар бірен-саран. Айта кететін мәселе, медициналық-әлеуметтік сараптама жүргізу комиссиясының шешімін сот та себепсіз бұза алмайды. Бүгінде Таулы Қарабақтағы ұрыс-қимылдарына қатыстым  деушілер арасында жәрдемақыға қатысты арыз-шағымдар  жиі түсуде. Олардың кейбірі жәрдемақы алса, бірқатарына берілмейді. Өйткені олардың ҚР Қорғаныс министрлігі берген әскери құжатында Таулы Қарабақта емес, Бакуде немесе Әзірбайжан Республикасының өзге аймақтарында болғандығы жазылған. Ал біз «Таулы Қарабақтағы ұрыс қимылдарына қатысты» деген құжаты болған жағдайда ғана жәрдемақы тағайындаймыз,– дейді Сатқан Досмұханбетұлы.

Облыстық медициналық-әлеуметтік сараптама комиссиясы жылына 80 мәрте облыс аудандарына іссапармен шығып, мүмкіндігі шектеулі жандарды тексерістен өткізеді екен. Болашақта бұл жүйені сырттай куәландыру негізінде жүзеге асыру жоспарлану-да. Яғни мүгедектер тұрғылықты жері бойынша емханадан, аудандық ауруханадағы дәрігерлер комиссиясынан тексеріліп, олардың жазып берген қорытындысы ҚР Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитеті дайындаған порталға жолданады. Онда науқастардың диагнозы ғана жазылып, аты-жөндері көрсетілмейді. Сол бойынша сырттай куәландырылып, мүгедектік тобы тағайындалмақ. Департамент көрсететін келесі қызмет – мүмкіндігі шектеулі жандардың қоғамда жүріп-тұруы үшін жағдай жасау. Әсіресе әлеуметтік, мәдени, спорттық, тамақтану орындарына қамкөңіл жандар кедергісіз кіріп-шығуы керек. Кедергісіз орта қалыптастыру мақсатында былтыр мүгедектерге арналған көліктер үшін аутотұрақ қарастырылмаған, пандустар қойылмаған мемлекеттік, жеке кәсіпкерлік нысандарына 9 млн.  теңгеден астам айыппұл салынған.

Гүлсезім Бияшева,

zhaikpress.kz

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале