23.07.2024, 14:45
Оқылды: 55

Жария тыңдау: күдік пен үміт

Oблыстық мәслихаттың үлкен залында Қазақстанда атом электр стансасын (АЭС) салу жоспары талқыланды.

IMG_9953

Іс-шараға облыстық және қалалық мәслихат депутаттары, жергілікті атқарушы билік құрылымдары мен қоғамдық кеңестердің, табиғатты қорғау ұйымдарының өкілдері, энергетика саласындағы жетекші мамандар, ғалымдар мен облыс орталығының белсенді тұрғындары жиналып, АЭС құрылысына қатысты өз пікірлерін білдірді.

Жария тыңдауды ұйымдастырған облыстық қоғамдық кеңес сарапшы ретінде Энергетика министрлігінің, «Қазақстандық атом электр станциялары» ЖШС-ның, Ұлттық ядролық орталық және ядролық физика институтының өкілдерін шақырды.

Олар – ҚР Энергетика министрлігі атом энергетикасы және өнеркәсіп департаменті директорының орынбасары Гүлмира  Мұрсалова, «Қазақстандық атом электр станциялары» ЖШС-ның  бас директоры Тимур  Жантикин,  «Ұлттық ядролық орталығы» РМК атом энергиясы институтының директоры Ерболат Қоянбаев, ядролық физика институтының жетекші ғылыми қызметкері Данияр Жансейітов.

– Мемлекет басшысы 2023 жылғы 1 қыркүйектегі ««Әділетті Қазақстанның экономикалық бағыты» атты Жолдауында осы мәселені халықпен алдын ала жария талқылауды жүргізе отырып, Қазақстанда атом электр стансасын салу мәселесі бойынша жалпыұлттық референдум өткізуге бастамашы болды. Президент: «Қазақстан үшін таза атом энергиясының мәні зор. Бұл – ел экономикасының болашағына тікелей әсер ететін айрықша маңызды мәселе. Біз табиғи уран өндіру көлемі жағынан әлемде бірінші орын аламыз. Ядролық отын компоненттерін де өзіміз өндіреміз. Сол себепті мен еліміздің аумағында АЭС салу жайына айрықша мән беремін. Түптеп келгенде, энергетика қауіпсіздігі мәселесін геосаяси мүдде емес, нақты қажеттілік пен мүмкіндіктер тұрғысынан қарастырып, ғылыми зерттеулер негізінде шешкен жөн. Ел ішінде АЭС құрылысына үзілді-кесілді қарсылық білдіріп жатқандар да бар. Бұл – түсінікті жайт. Көпшілік Семей ядролық полигонының қасіретін ұмыта қойған жоқ. Мұқият назар аударуды қажет ететін басқа да күрделі жайттар бар. Мысалы, жобаның құны мен экологияға әсерін қаперден шығаруға болмайды. Сондықтан бұл бастаманың мән-маңызын ескере отырып, АЭС құрылысына қатысты мәселені жалпыхалықтық референдумға шығаруды ұсындым», – деген болатын. Мұндай жария тыңдаулар Жамбыл, Қарағанды, Ұлытау, Ақтөбе, Атырау өңірлерінде өткізіл-ді, – деді жиынды ашқан облыстық қоғамдық кеңестің төрағасы Ербол Салықов.

Жиында спикерлер атом энергетикасын дамытудың жоспары,  атом электр стансасы құрылысының қауіпсіздігі, экологиялық тазалығы және экономикалық тиімділігі жайында әңгімеледі. ҚР Энергетика министрлігінің атом энергетикасы және өнеркәсіп департаменті директорының орынбасары Гүлмира  Мұрсалова еліміздегі электр энергиясына деген сұраныстың артуы мен СО2 шығарындыларын азайтуға деген ұмтылысты ескере отырып, Қазақстанда атом энергетикасын дамыту қажеттілігіне жиналған қауымның назарын аудартты. «Қазақстанда өндірілген  энергияның 70%-ы көмірмен жұмыс істейтін стансаларда өндіріледі.  Стансалардың тозу деңгейі өте жоғары. Жыл сайын электр энергиясын тұтыну 3%-ға өсуде. Болашақта жаңа стансалар салу керек. Сондықтан Үкімет алдағы 10 жылда, яғни 2035 жылға қарай 26,5 ГВт-тан астам жаңа генерация енгізуді жоспарлады. Оның ішінде қолданыстағы стансаларды жаңарту жұмыстары қарастырылды. Газбен жұмыс істейтін стансалар да салынбақ. Жаңартылған энергия көздері стансаларын салу жоспарланды. Алайда көмірмен жұмыс істейтін стансаларға инвестиция тарту қиын. Өйткені халықаралық қаржы ұйымдары ондай стансаларға қаржы бөлмейді. Сол себепті рефендумның оң нәтижесі болған жағдайда атом электр стансасын салу көзделді. Ол –  екі реакторы бар, үлкен қуатты бір атомдық электр стансасы. Оның қуаттылығы 2200 МВт-қа дейін жетеді», – деді Гүлмира  Дауытқызы.

Атом энергетикасы жөніндегі халықаралық агенттіктің мәліметінше, 2050 жылға қарай барлық елдің АЭС-інен өндірілетін электр энергиясы 792 ГВт-қа дейін, 2 есе өсетініне болжам жасалған.

Қазір әлем елдерінде 416 реактор бар. Бірнеше елде 61 637 МВт қуатты құрайтын 59 реактор салынып жатыр.  «Қазақстандық атом электр станциялары» ЖШС-ның  бас директоры Тимур  Жантикиннің айтуынша, бүгінде атом электр стансасын орналастыру және салу үшін екі жер – Абай облысының Курчатов қаласы  және Алматы облысындағы Үлкен ауылы зерттелді. «Осы екі орын электр стансасын орналастыруға қолайлы. Әсіресе, Үлкеннен еліміздің оңтүстігі мен солтүстігін электр қуатымен қамтуға мүмкіндік мол.

МАГАТЭ қорытындысына сәйкес, Балқаш көлінің маңында атом электр стансасын орналастыруға кедергі келтіретін факторлар жоқ. Бұған дейін атом электр стансасының 13 түрлі жобасы ұсынылған болатын. Олардың төртеуі іріктелді», – деді Тимур Мифтахұлы. Одан әрі спикер АЭС құрылысы басталса, елдің дамуына ықпал ететін бірнеше мультипликативтік әсері бары түсіндірілді. Мәселеге әлеуметтік тұрғыдан қарасақ,  құрылыс жұмысына 8 мыңға дейін адам тартылады. Станса пайдалануға берілетін болса, 2 мыңға жуық адам тұрақты жұмыспен  қамтылады.

«Бізде өндірілетін ядролық отынның барлығы Қытайға кетеді. Біз өзіміздің атом стансасына қажетті отын Қазақстанда өндірілгенін талап етеміз. Отандық экономиканың дамуына оң әсерін тигізетіні даусыз. Еліміздің инвестициялық тартымдылығын арттыруға ықпал етеді. АЭС пайдалануға берілсе, 60 жылдан астам уақыт бойы тұтынушыларды сенімді энергиямен қамтамасыз етеді. Станса жұмысы  80 жылға, одан әрі 100 жылға дейін қызмет етеді. Бүкіл цикл бойынша ел бюджетіне 2,5-3 млрд доллар көлемінде салық түседі», – деп түсіндірді  Тимур  Жантикин.

ҚР «Ұлттық ядролық орталығы» РМК атом энергиясы институтының директоры Ерболат Қоянбаевтың айтуынша, атом электр стансаларын салу үшін қолданылатын технологиялар – 3 немесе 3+ буын реакторлары – қауіпсіздіктің барлық талаптарына жауап береді. Жаңа буын реакторлары экономикалық көрсеткіштері жағынан әлдеқайда жақсартылған. Ал бұл дәстүрлі жылу электр стансаларымен салыстырғанда, атмосфераға CO2 шығарындыларын аз мөлшерде бөлетінін, радиациялық фонның болмайтынын білдіреді.

Жария тыңдауға қатысушы тұрғындар  болашақ атом электр стансасының қауіпсіздігі мен тұрақтылығын қамтамасыз ету мақсатында жобаның барлық кезеңдерін мұқият жоспарлау мен қатаң бақылаудың маңыздылығын  айтты. Ауқымды жобаны жүзеге асыру үшін мамандандырылған кадрлардың даярлау жайы да қозғалды. Кейбір қатысушыларды пайдаланылған ядролық отынды қайта кәдеге жарату және сақтау, АЭС салушы компаниясын таңдау рәсімдерінің ашықтығын қамтамасыз ету және осынау ауқымды жобаны іске асыру аясында туындайтын басқа да әлеуметтік-экономикалық аспектілері қызықтырды. Облыстық ардагерлер кеңесінің мүшесі Қайролла Сабыров әлемдік тәжірибеде атом электр стансаларының энергия өндірудің ең қауіпсіз және ең тиімді көзі екені дәлелденгенін, ондай стансалардағы апаттың ықтималдығы барынша азайтылғанын атап өтті. Ардагер атом электр стансасын салатын елді таңдаудың маңызды фактор екенін айтты.  Қазақстанның еңбек сіңірген энергетигі Жетібай Отарбаев елімізде электр желілері ғана емес, стансалардың да тозғанын, көмірмен жұмыс істейтін электр стансаларының экологияға орны толмас зиян келтіретінін тілге тиек етті.

– Чернобыль атом электр стансасында апат орын алып, жабылғаннан кейінгі қазақстандықтардың үрейін түсінуге болады. Ол қасіреттің себебіне келсек, адами фактор, яғни маман қателік жіберген. 1970 жылдары салынған іргедегі Ресейдің Балаково АЭС-ін алайық. Қазір онда 6 реактор жұмыс істейді. Салынғаннан бері атом электр стансасы тұрақты жұмыс істеп келеді. Біз көршілерімізден электр энергиясын сатып алуға мәжбүрміз. Менің ойымша, қорқудың қажеті жоқ, мен бұл бастаманы толығымен қолдаймын. Бірақ ол үшін білікті мамандарды шетелде даярлау қажет, – деді Жетібай Отарбаев.

Сөйлеушілердің басым көпшілігі атом стансасын салуды қолдайтындарын білдірді. Зейнеткер-журналист Тихон Әліпқали, Жәңгір хан атындағы БҚАТУ-дың оқытушысы Ақбар Серәлі, облыстық мәслихаттың депутаты Борис Лаврентьев және басқа тұрғындар АЭС салу бойынша ой-пікірлерін білдіріп, АЭС-тің еліміз үшін қауіпсіз болуы керек екендігін баса көрсетті. Бірақ қарсы пікір айтушылар да болды. Орал қаласының тұрғыны Татьяна Хан Қазақстанда газ қорының мол екендігін, солай бола тұра газ турбиналық электр стансасын емес, атом электр стансасын салуға неге құштар екенімізді сұрады. Бұл сұраққа Гүлмира Мұрсалова Ақтау, Қызылорда және басқа да қалаларда  газ электр стансаларын салу жоспарланып отырғанын, алайда елімізде  газ қорының соншалықты мол еместігін айтып жауап берді. «Құрылыс материалдары өндірісіне газ, электр қуаттарын көп көлемде пайдаланамыз. Жаңа газ көп деп жатыр, олай емес. Өткен жылы тұтынатын газ көлемін азайтып тастады. Екі айға кәсіпорын жұмысын тоқтатты. Ресейдің газына Еуропа санкция салғаннан кейін ондағылар газды бізге қарай «бұрды».

Сонда ғана газ мәселесі шешілді. Ертең жағдай өзгеріп, ресейліктер газды батысқа сататын болса, біз қайтеміз?»  – деген кәсіпкер Бақытжан

Нұрбаев даму көшінен кейінге қалуға болмайтынын, бай уран қорын пайдаланып,  дамуымыз керек екендігін тілгі тиек етті. М. Өтемісов атындағы БҚУ-дың ғылыми қызметкері, биолог Михаил Шпигельман атом электр стансаларын салу қажеттіліктен туындап отырғанымен келісетінін, алайда  экологиялық биоқауіпсіздік пен биоәртүрлілікті сақтау қажет екенін еске салды. Қоғам белсендісі Әлия Салиева еліміздегі жемқорлықтың «гүлдеп» тұрғанын ескере отырып,  атом электр стансасының құрылысына бағытталатын қаржының арсыз жемқорлардың «жемсауына» түсіп кету ықтималдығына алаңдаушылық білдірді. Бұл сұраққа жауап берген министрлік өкілі атом стансасы құрылысы қаржысының халықаралық ұйымдардың бақылауында болатынын  жеткізді.

Қорыта айтсақ, атом энергетикасын дамытудың жоспарларын талқылау нәтижелі өтті. Қатысушылар өздерін толғандырған сұрақтарға білікті мамандардан жауап алды, атом стансасына қатысты таным көкжиектерін кеңейтті.

Гүлбаршын Әжігереева

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале