Әкеміз Жақсығали Нығметов – Ұлы Отан соғысының ардагері. Соғыстың сұрапыл кезінде Нығмет Әлжановтың әулетінде он ұл-қыз тәрбиеленген. Менің әкем Жақсығали атамыздың тұңғышы екен. Ол 1921 жылы 10 тамызда Чапаев ауданының, Балықшы ауылында өмірге келген. Соғысқа аттанғанға дейін ауылдық орта мектепте мұғалімдік қызмет атқарған. Ұлы Отан соғысы кезінде Украинадағы майданда болыпты. Ол Қызыл Жұлдыз ордені, «Ерлігі үшін» және «Ұлы Отан соғысы кезінде Германияны жеңгені үшін» медальдарымен марапатталған.
Жақсығали Нығметов соғыстан оралғасын біразырақ уақыт мектепте мұғалім болып, сабақ берген. Одан кейін шаруашылық саласында түрлі қызмет атқарды. Бала кезінен есепке жүйрік болған әкем есепші болып та біраз жыл қызмет атқарған. Әр әке баласына жамандық тілемейді ғой. Әкем марқұм бізге «Жақсы азамат болып өсіңдер» деп айтып отыратыны еміс-еміс есімде қалыпты. Еңбекқор жан екені жадымда. Әкем балықты жақсы көретін. Қыстыгүні балық аулайды. Бізді өзен-көлге балық аулауға бірге алып барып, дәмді етіп балық сорпасын пісіріп беруші еді. Әкем өмірден өткенде 12-13 жасар бала болсам да, оны еске алсам, мейірімді жүзі санамда жаңғырады. Ол Ұлы Отан соғысынан гвардия лейтенанты дәрежесінде елге оралып, отбасын құрып, аянбай еңбек етіп жүріп, 1973 жылы өмірден өтті. Анам мақпал Мұқашева машина-трактор шеберханасында кіші қыз-меткер болып жасады. Әкеміз өмірден өткен соң, анамыз бе-сеуімізді жалғыз өсірді. Асыл анамыз осыдан он жыл бұрын өмірден озды.
Атамыз Нығмет пен әжеміз Бакизаны аңқатылықтар «Бақытты адамдар ғой» дейтін. Олар ғасырға жуық ғұмыр кешіп, немере-шөберелерінің тәрбиесіне де үлестерін қосты.
Атамыз өмір бойы балық шаруашылығымен айналысқан. Он баласын балықпен асырап өсіріпті. 1987 жылы атамыз 100 жасында, әжеміз 1994 жылы 94 жасында дүние салды. Адал еңбекпен ұл-қызын жетілдіріп, олардың өмірден өз орнын табуына ықпал еткен ата-әжеміз біздің өмір бойы жадымызда.
Иә, Нығмет қарттың әулетінде барлығы 63 жан бар. Бұл – өзінің он баласының ұрпағы 45 немере, он шақты шөбереден тұратын әулет. Әкеміз Жақсығалидан тараған бес ұл, бір қыз да бүгіндері ата мен әже болды. Өзімнің бір ұл, үш қызым бар. Қазіргі күнде олар да отбасылы. Жыл сайын Жеңіс күні мерекесі қарсаңында мәңгілік алауға барып, гүл шоғын қойып, бүгінгі ашық аспан, бейбіт заман үшін мерт болған боздақтардың рухына тағзым ету – біздің парызымыз. Соңында қалған ұрпағы әкеміз Жақсығалидың жарқын бейнесін сағынышпен жиі еске аламыз.
Марат Жақсығалиұлы,
Орал қаласы