Оралдағы А.Островский атындағы драма театрда қазіргі қоғамның дерті – сыбайлас жемқорлық көрінісін шынайы суреттеген «Жартас» әлеуметтік драмасы қойылды.
Шыны керек, біз «Жемқорлық – індет, жою – міндет» деген сөзді жиі естиміз, тіпті құр ұранға айналғандай. Әйтсе де, жең ұшынан жалғасқан сыбайластықпен күресті шенеуніктер қалғып отыратын жиындармен әлде болмаса бір сарынды баяндамалармен емес, өнер құдіретімен ширататын сәт туған секілді. «Жартас» драмасын көріп отырғанда, көкейге осындай ой келді.
Әкім, әкімнің орынбасары және бас маманның арасында өрбитін сюжетте олардың әрқайсысының ел, жер, халық, қызмет жөніндегі пайым-түсінігі сарапқа салынады. Диалогтар арасындағы әуен де тақырыпқа үн қосып тұрғандай. Мәселен, әкімнің орынбасары Тимур Ерғалиұлы – қолынан келсе, қонышынан басып жүрген лауазым иесі. Ол шетелден елге оралғысы келетін қызына: «Мұнда не қыласың, одан да сол жақта оқы. Қаражатың бітсе, менен сұра. Әкең мұнда отырғанда ештеңеден тарықпа», – деп жайма-шуақ күйде қарқ-қарқ күледі. Бас маманды жеке шаруасына «жегіп», өктемсіген орынбасар ауыл тұрғындарымен сөйлесуді өзіне ар санайды. «Сіз әкімдікте қарапайым халықтың мұң-зарын тыңдамасаңыз, оған жауап бере алмасаңыз, мұнда не үшін отырсыз? Біз сонда кім үшін, не үшін қызмет етіп жүрміз?» – деген маманына: «Қызметке кеше ғана келіп, мені үйреткің келе ме?» деп «аузын жабады».
Ал әкім Болат Асқарұлының «халық үшін, ел үшін деп жүріп, отбасын аш қалдырғысы жоқ». Сондықтан ел игілігі үшін бөлінген қаражатты жымқыруға кет әрі емес. Қос лауазым иесі Болашақ деген ауылға жол салынуы керек екенін біледі. Бірақ жол қағаз жүзінде «салынған». Ақша бөлінді, жол жоқ. Әкім осы шындықты айтамын деп шырылдап жүрген бас маман – Алтынбек Қазбекұлын жұмыстан қуып жібереді. Ал қызметке жақында орналасқан Алтынбектің арман-мақсаты не еді? Ашкөздіктен көзін шел басқан шенділердің әрекетіне налыған ол: «Менің бала күнгі арманым – елімнің көркеюіне септігімді тигізу еді. Әкем ылғи адал жолмен тапқан нанның дәмі тәтті әрі бойыңа сіңімді болады дейтін. Ешкімге қиянат жасамай, ешкімнің ала жібін аттамай өмір сүргенге не жетсін!», – деп әке рухымен тілдесіп, асқар тауының үмітін ақтамағанына өкінеді. «Атаңа не қылсаң, алдыңа сол келеді» деуші еді ғой дана қазақ, соны естен шығармайықшы, менің құрметті шенділерім» деп, шен-шекпенділерді дұрыс жолға, қанағат етуге шақырды.
Әкім мен орынбасардың бар былығы, бармақ басты, көз қысты тірлігі әшкереленіп, абақтыға қамалады. Әйтсе де, қол қойылған іс-қағаздардың жойылуына байланысты сот процесі тоқтатылады. Осылайша қос шенді мәз-мейрам болып бостандыққа шығады. Олар тағы да осындай тірлік жасай ма, кім білсін?!.
Х. Бөкеева атындағы облыстық қазақ драма театрының актерлері қоғамның жегі құртына айналған дертті сахна төрінде түсінікті тілмен жеткізді. Олар жемқорлықтың кесір-кесапатын өнермен паш етті. Әкімнің рөлінде халықаралық дәрежедегі кәсіби театр актері Азат Мыңбаев, әкім орынбасарының рөлінде аталмыш драманың авторы, ҚР Мәдениет саласының үздігі, кәсіби актер Нұржігіт Сейтмаханбетов, бас маманның рөлінде кәсіби театр актері Ринат Сабырғалиев ойнады. Қойылымның режиссері – Алмат Шарипов.
– «Жартас» драмасы – менің театрдағы қызметімнен тыс дайындаған жеке туынды. Қойылымның кімге, қалай әсер еткенін білмеймін. Бірақ ақиқат дәмі әрқашан ащы ғой. Бір айтарым, «Жаңа Қазақстан» құратын болсақ, өзіміз соған лайық болайық. Мақсатқа жету үшін амал істеп, қадам жасайық. Себебі қазір сөз жүзінде бәрі керемет, ал өзгеріп жатқан дүние жоқ. Жемқорлық – елде ушығып тұрған мәселенің бірі. Ақты ақ, қараны қара деу керек. Біз шындықты айтпай, қашанға дейін үндемей жүре береміз? Теледидарды қосып қалсақ, күн сайын жемқорлықпен ұсталып жатқандарды көреміз. Өкінішке орай, солардың арасында жауапқа тартылып жатқандар жоқтың қасы. Елімнің дамуына, көркеюіне мамандығым арқылы аз да болса үлесімді қосқым келеді. Менің ойымша, кәсіби театрлар бұл мәселені тап бүгінгі біз сияқты айта алмайды. Себебі ол жерде қысым болады. Пьесаның ұнамаған тұсын кесіп тастайды. Ал бұл менің театрдан тыс жеке шығармашылығым болғандықтан, өзімді еркін сөйлеуге құқылымын деп есептедім. Туындының өмірі ұзақ болады, әлі талай сахналанады деген ойдамын. Қойылымның сюжеті шынайы өмірден алынды. Бұл – менің ішкі жанайқайым. Қазақта «Баяғы жартас – сол жартас» деген сөз бар. Міне, қойылымды «Жартас» деп атауым да содан. Шенділерге айтар сөзім: «Саған дейін де басшы болған. Сенен кейін де басшы келеді. Тақтың және табыттың иесі болмайды екен. Халық қызметтен кеткеннен кейін сен туралы не айтады? Абыроймен кетесің бе немесе жер боп қаласың ба? Сен соны ойладың ба?». Біз кейбір лауазымдылардың жағымсыз тірлігін барынша жинақтап көрсетуге тырыстық, – деді Нұржігіт Амалбекұлы.
Нұржігіт Сейтмаханбетов қойылымды аудандарда да сахналауды жоспарлап отыр. Тіпті республикалық деңгейге де шығару ойында бар. Сондықтан драманың сахнадағы өмірі ұзақ болсын деп тілейді. Біз де тілекшіміз.
Ясипа Рахимқызы,
«Орал өңірі»