3.02.2017, 18:39
Оқылды: 58

Жартығасырлық тарихы бар

16507239_634102380121183_1779390119_n  Ғарифолла Құрманғалиев атындағы Батыс Қазақстан облыстық филармония 50 жылдығын  атап өтті.

  Салтанатты шарада  50 жылдық аясында арнайы дайындалған бейнефильм көрсетілді. Аталмыш өнер ұжымының тарихына шолу жасалып, мәдениет саласына  ұлы көш  алып келген  саңлақтар туралы мәлімет берілді.


  Мерекелі кешке облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Дәулеткерей Құсайынов, «Мәдениет, спорт және ақпарат қызметкерлерінің республикалық салалық кәсіподағы» қоғамдық бірлестігі облыстық филиалының төрағасы Айдар Батырханов және арнайы шақырылған қонақтар мен жарты ғасырды еңсерген өнер ордасының ұжымы қатысты.  Алыстан ат арытып келген арнайы қонақтардың ішінде Ресей Федерациясы, Астрахан облысы, Володар аудандық  кеңесінің депутаты Абай Илеубайұлы, РФ Астрахан облысының Құрманғазы атындағы мәдениет орталығының директоры Амангелді Геннадийұлы, Астана қаласы филармониясының директоры Сәкен Сейтқалиұлы, Қарағанды қалалық концерттік бірлестігінің директоры Талғат Нәсіпұлы, Маңғыстау облыстық филармониясының директоры Нұрболат Көшкінбайұлы  болды.

  -Өнердің қай саласы болмасын,  ұлттың, мемлекеттің ынтымағын арттыруда зор үлес қосып келеді.  Өнер керуенінде облысымыздың мерейі асқақтап, абырой-мәртебесінің  өсу жолында Ғарифолла Құрманғалиев атындағы облыстық филармонияның еңбегін айтпай кету мүмкін емес.  Жартығасырлық тарихында талай-талай өнер белестерінен өтіп, бүгінгі күні республикамыздағы белді де беделді кәсіби өнер ұжымы болып қалыптасты. Осы кезеңдерде көптеген өнер саңлақтары аталмыш ұжымда қызмет етіп, артына өшпес із қалдырды, - деді салтанатты шарада сөз алған облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Дәулеткерей Құсайынов.

  Ұзақ жылдар бойы филармонияда қызмет етіп, ұжымның қалыптасуына зор үлес қосқан Махамбет Балпейсов, Нұрғали Бужумов, Махамбет Ержанов, Жайғали Исимов, Райхан Қожекешова, Айман Қуатова, Мақсот Омарғалиев секілді өнер майталмандары  Батыс Қазақстан облысы әкімінің алғысхатымен марапатталды.

  Мерекелі кеште «Орал сазы» оркестрінің сүйемелдеуімен  танымал өнерпаздар Қанатқали Қожақов, Жұмағаным Рахимова, Ермек Қазиев, Сағадат Рахметжанов,  Жаңылсын Хасанова, Марат Сарбөпеев, Фархат Оразов, Дастан Есентеміров көпшілік көңілін әнмен көтерсе, халықаралық «Шабыт» жастар фестивалінің жеңімпазы «Назерке» халықтық би ансамблі ұйғыр биімен тәнті етті.

                                                                           Гүлсезім БИЯШЕВА

«Орал өңірі»

www.zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале