Сағызбай Есенғалиұлы Серекешевтің есімі Ақ Жайық атырабына, әсіресе, Тайпақ, Қаратөбе, Жымпиты өңірлеріне жақсы таныс. Аталмыш аймақтардың жұртшылығы оны Ұлы Отан соғысының ардагері, кейін тыныштықтың күзетшісі – милиция қызметкері ретінде біледі.
Барлық саналы ғұмыры Батыс Қазақстан облысында өткен Сағызбай Есенғалиұлы 1924 жылы 30 шілдеде бұрынғы Гурьев (қазір Атырау) облысында дүниеге келіпті. Ал 1942 жылы сол кездегі Тайпақ ауданының (қазір Ақжайық ауданы) Калмыков орта мектебін тәмамдайды. Сол жылы тамыз айында әскер қатарына шақырылып, көп ұзамай, қазақтың бір топ жас жігіттерімен бірге әскери байланыс училищесіне оқуға жолданады. Осы оқуды бітірмей жатып, жылдың аяғына таман жас жігіт Сағызбайды майданға жөнелтеді. Бұл кезде Сталинград түбінде қырғын шайқас жүріп жатқан. Осы қырғынға түссе, кім біледі, жас жігіт аман қалар ма еді, қалмас па еді?.. Бірақ енді шайқасқа кірейін деп жатқан-ды, оны әуелі Чкалов (Орынбор облысындағы) қаласына бір айға, соңынан Уфаға 23-атқыштар полкіне курсант етіп жібереді. Көп кешікпей І Украин майданының 57-полкі құрамында соғысқа кіреді. Содан бастап әлі жиырмаға толмаған жас жігіт талай ауыр шайқастарға қатысады. Украинаның бірнеше қалаларын фашистерден тазартқан ірі ұрыстардың алғы шебінде жүрді. Екі жаққа да орасан шығын әкелген Киев үшін болған шайқаста бұлар жауды қаладан түріп, айдап шығады. Әуелі взвод командирінің көмекшісі, кейін взвод басқарып, жүрек жұтқан батылдығымен көзге түседі. Сол кезде бірнеше рет әскери медаль-марапаттарға ие болыпты. Сол Украина жерін жаудан азат етіп бара жатқан қырғын ұрыстардың бірінде ауыр жараланады. Әуелі дала госпиталінде емделеді, бірақ жарақат зардабы қайтпайды. Оның ауырлығы сондай, кейін талай госпитальда емделуге мәжбүр болған. Соңынан Сібірдегі (сол кездегі Сталинск қаласы) госпитальда ұзақ емделіп, 1944 жылдың наурыз айында әскерге жарамсыз деп танылып, елге қайтарылады.
Сағызбай Есенғалиұлы Серекешевті елге келген бойда Тайпақ аудандық партия және комсомол комитеттері шақырып алып, аудандық паспорт үстелінің бастығы қызметіне тағайындайды. Бір айта кетерлігі, жас жігіт ауыр жарақатына қарамастан, соғысқа қайта барғысы келіп, талай талпынады. Бірақ әскери комиссариат оған рұқсат бермейді.
Сағызбай ағаның бұдан кейінгі өмірі ішкі істер органдарымен тығыз байланысты. 1944 жылы Батыс Қазақстан облыстық НКВД-ға жұмысқа шақырылады. Көп ұзамай милицияның арнайы мектебіне оқуға түсіп, бітіріп алады. Қаратөбе ауданында жедел уәкіл болып басталған жұмыс бара-бара Жымпиты ауданында жалғасты. Ал арада тағы біраз уақыт өткенде Сағызбай Есенғалиұлы осы екі ауданда да ішкі істер бөлімін басқарды. Талай шәкірттер тәрбиеледі. Аудандық ішкі істер бөлімінің бастығы болып жүріп, зор абыроймен доғарысқа шықты. Бірақ демалысқа шыққаннан кейін де еңбектен қалмады. Қаратөбе аудандық қорғаныс штабын басқарды. Сол жұмысында жүріп, ардагерлер ұйымына да жетекшілік етті. Осынау алқаусыз еңбегінің арқасы шығар, Қаратөбе өңірінің жұртшылығы оған «Қаратөбе ауданының құрметті азаматы» деген атақ берді.
Сағызбай аға марқұм аяулы жары Ғалия апаймен бір ұл, бір қыз тәрбиелеп өсірді. Олардан немере, шөбере, жиеншар сүйген. Бүгінде қарт майдангер, полковник Сағызбай Серекешевті қызы Динара әлпештеп, бағып отыр.
Биылғы 9 мамыр – Жеңіс күнінің қарсаңында «Орал өңірі» және «Приуралье» газеттерінен арамыздағы жеңімпаздардың өмір дерегін, қан майдандағы жанқиярлық ерлігі мен бейбіт күнгі жасампаз еңбегі жайлы оқи жүріңіздер. Газеттерімізге ардагерлер жайлы мақалалар мен құттықтаулар берулеріңізге болады.
Есенжол Қыстаубаев,
zhaikpress