Көп қабатты үйлердің қабырғаларында, дуалдарда түсініксіз жазылған жазуларды, хэштегтер мен сызбаларды талай көрген шығарсыз... Бұл – суретшілердің сызбасы емес, ажал сататын адамдардың әрекеті. Қапелімде «Ажал сатқаны несі? Ажал Алладан келмей ме?» деуіңіз мүмкін. Бірақ анаша сатып, нанын тапқан жауыздар (солай демеске амал жоқ) талай адамды ажал аузына жөнелтіп жатыр емес пе?! Иә, жоғарыда айтқан сызбалар, түсініксіз жазулар – нашақорларға арналған нұсқама, жарнама. Соған орай елімізде былтыр Қылмыстық кодекске жаңа бап енгізіліп, есірткіні насихаттап, жарнамалағаны үшін үш жылға дейін, топтасып қылмыс жасағандарға он жылдан он бес жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Соның арқасында көп қабатты үйлердің қабырғаларындағы жарнамалар жойылуда. Жалпы, есірткіге елтудің алдын алу бойынша түрлі іс-шаралар жүргізілуде. Алайда өңіріміздегі нашақорлар саны азаяр емес. Нақтырақ айтсақ, былтыр Орал қаласында есірткі сатуға қатысты 13 қылмыстық іс тіркелсе, биылғы сегіз айда олардың саны 23-ке жеткен. Бұл туралы облыстық полиция департаменті есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының аса маңызды істер жөніндегі аға жедел уәкілі, полиция подполковнигі Жәнібек Беріктен білген едік.
Оның айтуынша, биыл облыс бойынша есірткі айналымына байланысты 180 құқықбұзушылық анықталған. Оның 66-сы қылмыстық іс, 114-і қылмыстық теріс қылықтар. Яғни қалтасында немесе үйінде аз мөлшерде есірткі тәркіленсе, ол адам ҚР Қылмыстық кодекстегі теріс қылықтар туралы баптары бойынша жауап береді. Сондай-ақ биыл сегіз айда облыста есірткі сату, тасымалдау, сақтаумен айналысқан 70 қылмыскер сотталған. Соның біреуі - Оңтүстік Қазақстан облысының тұрғыны. Ол біздің облысқа есірткі әкеліп сатқан. Ұсталған кезде одан 20 келі кептірілген марихуана және 938,38 грамм гашиш тәркіленіп, ол 10 жылға бас бостандығынан айырылған.
– Есірткі мен психотропты заттарды жарнамалауға қарсы қылмыстық жауапкершілік қарастырылғалы, көшеде жарнама, граффити сызбалар жазылмайтын болды. Көшедегі сайт жарнамаларын жасаушылардың барлығы бүгінде заң қатайғасын әрі кейбіреулері әшкере болғаннан кейін «жұмыс тәсілдерін» өзгерткен. Есесіне әлеуметтік желі арқылы, әсіресе телеграмм боттармен есірткі қылмысы күшейді. Биыл синтетикалық есірткі сатумен айналысқан бір жас-өспірім ұсталды. Қылмыс үстінде ұсталған кезде 17 жаста еді. Қазір ол сотталып кетті. Қылмыскерлер есірткі саудасына жастар мен жасөспірімдерді жиі тартады. Оған жастар білместіктен барады деп айта алмаймын. Өйткені олар жіберілген нұсқаулық бойынша көпшіліктің ортасында қалай жүріп-тұру қажеттігін, киім киісін, полиция ұстаған жағдайда өзін қалай ұстау керектігін үйренеді. Қолға түссе, темір торға қамалатынын біліп тұрып, ақша үшін сол жолды таңдайды. Біздің телефонымыздың бұғатталу коды төрт таңбалы саннан немесе саусақ таңбасы арқылы ашылатын болса, оларда штрих код қойылады. Штрих кодты дұрыс баспай, бір саннан қателессе, телефондағы барлық дерек өшіріліп қалуы мүмкін. Сондықтан есірткі тасымалымен айналысып жүріп, ұсталып қалған жағдайда олар телефонын сындырып тастауға немесе штрих кодты қате басуға тырысып жатады. Мұндай әрекеттің алдын алу үшін жедел қимылдаймыз, – дейді Жәнібек Аманғалиұлы.
«Трамадол» тағдырды талқандайды
Елімізде «синтетикалық есірткі» дейтін ұғым осыдан жеті-сегіз жыл бұрын пайда болған. Алғашында Қазақстанға темекі қоспалары бар «спайс» келді, уақыт өте түтіні жоқ темекі – «снюс» саудаға шыға бастады. Кейіннен есірткі әлемін «кристалл», «жылдамдық», «тұз» деген түрлі бүркеншік аттар жамылған синтетикалық заттар тез жаулап алды. Ең сорақысы – бұл дерттің тырнағына ең бірінші болып жаны жаңалыққа құмар жастар ілігуде.
Синтетикалық есірткімен күресу құзырлы құрылымдар үшін қаншалықты қиын болса, химиялық қоспаларға қол жеткізу соншалықты оңай болып барады. Жәнібек Аманғалиұлының айтуынша,
«синтетиканың» барлық компоненті былай қарағанда, заңды және қолжетімді. Мәселен, жеке органикалық қосылыстар, ацетон, этил спирті және сірке қышқылы арқылы есірткі қоспасын жасап шығаруға болады. Қолдану әдістері де ерекше бір дайындық пен дағдыны талап етпейді. Себебі «синтетиканы» әдетте темекі секілді шегеді, дем алады немесе ішке қабылдайды. Сондықтан олар жастар арасында үлкен сұранысқа ие. Ал бұдан туындайтын ең басты қауіп – мұндай химиялық қоспалар ұлттың гендік қорына үлкен зиянын тигізеді. «Синтетиканың» дәмін бір рет татып көрген жастардың болашағы ондаған жылға созылған тәуелділік пен ауыр азапқа айналады. Сондай-ақ буыны бекімеген жеткіншектердің дені бұл дерттің торына әлеуметтік желі арқылы ілігуде. Себебі синтетикалық есірткілер, негізінен, ғаламтор арқылы сатылады. Ал елімізде кез келген азамат үшін онлайн дүкендер қолжетімді екені бесенеден белгілі. Яғни сатып алушы мен саудагер бір-бірімен бетпе-бет кездеспейді. Тауар онлайн таңдалып алынады, төлем де онлайн жасалады. Кейіннен сатып алушы мен саудагер түрлі мессенджерлер арқылы байланысқа шығып, тауарды қай жерден, қай уақытта алып кете алатындығы жөнінде нұсқаулықтармен алмасады. Осылайша барлық іс белгісіз арақашықтықта жасалады екен.
– Қазір жастар мен жасөспірімдер дәрі-дәрмектің кейбір түрін есірткі ретінде қолдануды әдетке айналдыруда. Соның бірі – дәріханаларда тек рецептімен сатылуы тиіс трамадол дәрісі. Трамадол – онкологиялық ауруға қарсы пайдаланылатын психотропты анальгетик. Жалпы, мұндай дәрі дәріханаларда рецепт бойынша сатылуы тиіс. Өкінішке орай, бұған көз жұма қарап отырғандар да бар. Соның кесірінен аталған зиянды препаратқа тәуелділік шамадан тыс артуда. Қазір синтетикалық есірткіге әуес жастар «Бұл әрекетімді ешкім білмейді, анононимді тұтынып жүрмін» деп ойлауы мүмкін. Бірақ олар ұзаққа созылмай, әшкереленеді. Өйткені олар есірткі ағзаға таралып, зиянын тигізе бастағанда дәрігерге қаралуға мәжбүр болады. Сол кезде есепке алынады. Есірткі қолданатындар қатты азып, арықтайды. Бірнеше жыл героин есірткісін тұтынған на-
шақорлармен тілдесіп, есірт-кіні қалай тұтына бастағанын сұраймыз ғой. Сонда олар бұл азапты жолға түсуде, ең бірінші, достарының, араласатын ортасының ықпалы болғанын айтады. Саған бірінші-екінші дозаны тегін беріп, «Мә дәмін татып көр, ештеңе болмайды» дейді. Ол кезде есірткінің әсерін сезінбейсің. Үшіншісін татып көресің, ләззат ала бастайсың. Одан қызығып, тағы сұрасаң, қыруар қаржыға сатып алуыңа тура келеді. Әрі кеткенде төрт-бес дозаға дейін ләззат алдым деп жүруіңіз мүмкін. Одан кейін жаныңыздың қиналатыны соншалық, есірткі тұтынбасаңыз, өліп кететіндей күй кешесіз. Бара-бара ләззат алмақ түгілі, жаның шырқырап, көзіңе көрінеді. Енді соны басу үшін аласұрып, үйдегі тұрмыстық заттардың бәрін сатсаң да, есірткі алуға тырысасың» дейді нашақорлар. Мұндай азапты бастан өткеретіндерін наркологиялық диспансерге
барғанда біз де байқадық. Нашақорлардың қиналатыны соншалық өз денелерін тістеп, кесуге дейін барады. Кейде ата-аналар балаларының есірткі тұтынғанын біліп, оларды үйге қамап қойса, өздеріне қол жұмсайтындары да бар. Нашақорлар есірткі табу үшін үйіндегі барлық затты сатуға даяр. Тіпті 100 мың теңге тұратын тұрмыстық техниканы үш мың теңгеге сатып жібереді. «Не де болса, дәл қазір есірткімен денемді емдеуім керек, әйтпесе өліп кетемін» деп ойлайды. Ерік-жігері жеткен адам ғана есірткіден сауыға алады, – дейді полиция подполковнигі Жәнібек Берік.
Есірткіге есі кеткен 600 нашақор
– Өңірімізде 600-ден астам нашақор тіркелген. Олардың 20-дан астамы – жасөспірім. Бұл – облыстық наркологиялық диспансердің есебіне тіркелгендердің саны. Алайда облыс аумағында синтетикалық есірткі тұтынатындардың саны бұдан 2 есе көп, – дейді облыстық наркологиялық диспансердің психиатр-наркологы Майра Медетова. Оның айтуынша, нашақорлардың дені толыққанды, әлеуметтік жағдайы жақсы отбасында тәрбиеленгендер. Нашақорлар инъекциялық және инъекциялық емес деп бөлінеді. Соған сәйкес ем-дом шаралары тағайындалады. Есірткі тұтынушылардың көбі алкогольдік ішімдікке қарсы сот медициналық сараптама тапсыруға келгенде анықталып жатады. Содан олар бір жыл бойы қан талдамасын тапсырып, тексеріліп тұрады. Егер бір жыл аралығында есірткі тұтынбаса, есептен алынады. Бұрын облыстық наркологиялық диспансердің есебінде ол адам туралы ақпар бес жылға дейін сақталатын. Бес жылдан бір жылға қысқарғаны – сүрініп кетіп, бүлініп жүрген тағдыр иелерінің қайта аяғына тұрып, жұмыс істеп, отбасын асырауы үшін жасалған жеңілдік.
– Осыдан 10 жыл бұрын Орал қаласындағы дәріханаларда психотропты дәрілердің рецептісіз босатылып жатқанын, еркін саудада сатылымда екендігін айтып, баспасөзге жариялаған едік. Қазір сол «синтетикаға» тәуелді жасөспірімдер көп. Әсіресе олар есірткінің тәуелділік тудырып, ажалға апаратынын біліп тұрса да, трамадол тұтынады. Ал ата-аналары балаларының тәулігіне 20-25 таблеткадан ішіп, агрессивті мінез-құлық көрсеткенде немесе есірткіге ақша сұрағанда бір-ақ біліп жатады. Ал баладан сұрасақ, екі-үш жылдан бері есірткі тұтынып жүргенін айтады. Ата-анасына «Балаңызды қадағаламадыңыз ба?» десек, «Әкесі де, мен де жұмысқа таңертең кеткеннен кеште бір келеміз. Үйге келгенде баламыз ұйықтап жатады. Мұндай жаман жолға түскенін сезбей қалдық» дейді жылап-сықтап. Облыстық наркологиялық диспансерде анонимді түрде емдейтін ақылы бөлім бар. Емделген адамның аты-жөнін, мекенжайын білмейміз. Есепке алынбайды. Көбі жасырын түрде емделеді немесе Ресейге, көршілес облыстарға барып, ем-дом қабылдайды. Өңіріміздегі нашақорлардың саны ресми тіркелгеннен екі есе көп деп айтатынымыз сондықтан. Анонимді емделу қыруар қаржыны талап ететіндіктен, нашақорлар диспансерде 10 күн немесе бір ай жатып, емделуі мүмкін. Психологиялық қолдау көрсетіледі. Бірақ бұл мерзім нашақорды емдеу үшін аздық етеді. Басында жасырын келіп, кейін тіркеліп, кешенді ем-дом қабылдайтындар жетерлік. Сондай-ақ бір алаңдататын мәселе – толыққанды, тәрбиелі отбасының балалары қараусыз қалатындығы. Өйткені нашақор жасөспірімдердің арасында дәрігерлердің, мұғалімдердің де балалары бар. Есірткі тұтынатындар психоз ауруына ұшырайды. Агрессия, галюцинация пайда болады. Олардың арасында гепатит, ВИЧ инфекциясын жұқтырғандар да аз емес. Қазіргі синтетикалық есірткілер бір тұтынғаннан тәуелділік туындатады. Араласатын ортасында, сыныбында бір адам есірткі тұтынса, жанындағыларды үгіттейді деген сөз. Сол себепті ата-аналарға айтарым, перзенттеріңіздің кіммен араласатынын, достарының кім екенін біліп жүріңіздер. Өздеріне көрсетпей телефондарын да тексеріп, қалталарын да қарау артық етпейді. «Сеніңіз, бірақ тексеріңіз». Егер балаңыз түнгі уақытта себепсіз көшеге шығып кетсе, қолында көп ақша пайда болып, қымбат заттар алса, үйде ас үй таразысы, изолент, пакеттер пайда болса – балаңыздың есірткімен айналыса бастағаны. Сол себепті ата-аналар балаларына көңіл аударуы керек. Еркелетіңіз, әңімелесіңіз, ақыл-кеңесін тыңдаңыз. Балаңызды жақсы көретініңізді сезіндіріңіз, – дейді Майра Маратқызы.
Қыршынынан қиылуда
Мамандардың айтуынша, нашақорларда сіңірлердің түйілуі, буынның, сүйектің сырқырауы, ұйқысыздық, беймаза күй арта түсетіндіктен, олар есірткі арқылы ем іздеуге тырысады. Нағыз мазасыздық күй соңғы дозаны қабылдағаннан соң, 4-24 сағатта орын алады да нашақордың бұл затқа тәуелділігі күрт артады. Кейін одан да көп дозаны қабылдағысы келіп тұрады. Есірткі тұтынғандардың көбі инфарктан, инсульттан көз жұмады. Себебі есірткі ең бірінші жүрек-қан тамыр жүйесін зақымдайды. Тағы бір өлімге алып келетін себеп– орталық жүйке жүйесін әрдайым ынталандыруға итермелейтін есірткіні шамадан тыс қолдану.
– Бұл өмірдегі тағдырдың «тозағын» көрдім. Осыдан алты жыл бұрын анашаның арбауында болдым. Түрмеге де түстім. Сол кездегі тіршілігімді ойлап кетсем, жаным түршігеді. Есірткіге ақша іздеумен таңды атырып, қажет мөлшерін сатып алып қабылдап, күнді батыратынмын. Тонау, төбелес дегендер күнделікті әдетіме айналып еді. Есірткінің соңында есіріп жүргенде, са-
налы ғұмырым өте шығыпты. Отбасы, тума-туыс, дос-жаран жәрдемдесу былай тұрсын, сәлемдесуден қалды. Өмірден мән кетті, өзіме қол жұмсауға жүрек дауаламады. Араласатын замандастарым есірткінің кесірінен өмірден өтті. «Қажет дозаны қабылдап үлгермей қалсам, не болады?» деген қорқынышпен өмір сүру де адамды қажытады екен. Содан дәрігерлер мен психолог мамандардың көмегіне жүгіндім. Ажалым есірткіден болмасын деп өз-өзімді қолға алдым. Былтырдан бері есірткі тұтынбаймын. Жар сүйіп, үйлендім. Ұрпақ сүйдім. Алайда ұлым сал ауруымен дүниеге келді. Бұл менің жасаған күнәларымның жазасы шығар, – дейді Сергей есімді оралдық тұрғын. Өңірімізде мұндай тағдырлар қаншама?!
Осы орайда ата-аналар баласының есірткі қабылдай бастағанын қандай белгілер арқылы анықтауға болатынын нарколог маманнан білген едік. «Дабыл қағатын» белгілердің бірқатарына тоқталып өтсек.
– Есірткі тұтынғанда көз сығырайып, жарыққа серпілісі әлсізденеді немесе көздері алақ-жұлақ етіп, бір нүктеге тұрақтамайды.
– Өзін «масаю» жағдайында ұстап, аузынан спецификалық иіс сезілуі мүмкін.
– Көңіл күйлері құбылмалы болып, жүріс-тұрысы өзгереді. Мінезі тұйықтала түседі.
– Денсаулығы нашарлайды. Арықтап кетеді. Жиі жөтеле береді. Ұйқысыздыққа тап болады. Есірткіні ұзақ уақыт қолданса, ойлау қабілеті төмендейді.
– Тамырларында ине іздері немесе көгерген жерлер пайда болады (есірткіні тамыр ішіне жіберу арқылы пайдаланғанда). Нашақорлар инені қолдарына ғана емес, басқа дене мүшелеріне де енгізеді.
– Сізден үнемі ақша сұрайды. Жасырын сатып жіберетіндіктен үйден бағалы заттар жоғалуы да мүмкін.
– Бөлмесінен ұйқысыздық пен ауруды басатын дәрілердің қораптары, шприцтер, кішкене қасықтар, шағын құтылар, жылтыр қағаздың қиықтары, полиэтилен мен қағаздардың төртбұрыш қиындылары, сірке суы, сода тапсаңыз, міндетті түрде дәрігерге жолыққаныңыз абзал.
Есің болса, есірткіге елірме
Қоғамда, қала берді, өңірімізде нашақорлар саны күннен-күнге көбеюде. Психолог, нарколог мамандардың кеңесіне сүйенсек, оның бірден-бір себебі бала тәрбиесіне көңіл бөлінбеуінде. Жасыратыны жоқ, көптеген ата-ана баласымен тек қана күнделікті қарның тоқ па, көйлегің көк пе дегендей тақырыпта ғана әнгімелесумен шектеледі. Перзентімен әнгімелесуге, оны не толғандырып жүргенін, оның ортасы қандай, достары кім екенін білуге, жасөспірімнің бос уақытын қайда, қалай, кіммен өткізетіндігін білуге, сырласуға уақыт таппайтынымыз да жасырын емес. Осы орайда «Тамағы тоқтық, жұмысы жоқтық аздырар адам баласын» деген ұлы Абайдың орынды тауып айтқан өлең шумағы еске түседі. Жас кезінде адам әуесқой келетіндіктен, қызық көріп, біреулері есірткінің дәмін татып көруден бастап, ал екінші біреулері, біреулердің мәжбүрлеуімен теріс жолға түсуі мүмкін. Есірткіні таратушылар қызық көріп жүрген жастарды «Инемен қабылдамасаң болды, нашақор емессің, иіскеп қана көресің» деп алдауы да ғажап емес. Ал шындығында, жас ағза есірткінің дәмін бір рет татқан соң тәуелді болып шыға келеді. Сондықтан көзі дуалы Қадыр Мырза Әли айтқандай, «Баланы әке тәрбиелемесе, кафе тәрбиелейді, қызды шеше тәрбиелемесе, көше тәрбиелейдінің» кебін киіп қалмайық! «Трамадол» жастардың түбіне жетіп жүрмесін!
Гүлсезім Бияшева,
zhaikpress.kz