Орал қаласындағы №52 жалпы орта білім беретін мектепте қызметтік міндетін атқару кезінде қаза болған милиция қызметкері Байжан Қазиев атындағы «Жас сақшы» полиция сыныбы ашылды. Салтанатты шараға құқық қорғау құрылымдарының өкілдері, ішкі істер саласының ардагерлері, мектеп ұжымы мен оқушылар, батырдың туыстары және жергілікті қоғам белсенділері қатысты.

Ел тыныштығы жолында жанқиярлықпен қаза тапқан азаматтың ерлігін дәріптеу арқылы жас ұрпаққа отансүйгіштік рухын сіңіріп, құқық қорғау саласына оқушылардың қызығушылығын арттыруды мақсат еткен салтанатты іс-шара мемлекеттік Туды ортаға алып шығу мен Қазақстан Республикасы Әнұранының орындалуымен басталды. Жиылғандар бір минуттық үнсіздікпен ер есімін еске алды. Облыстық полиция департаменті бастығының орынбасары, полиция полковнигі Қуат Қарағойшиев, ҚР ІІО ардагерлері мен батырдың туыстары сөз сөйлеп, Байжан Мәулетұлының ерлігі мен адамдық қасиеттері туралы жылы естеліктерімен бөлісті.
Салтанатты рәсім барысында оқушылар ант қабылдап, «Жас сақшы» сыныбының мүшесі Мансұр Тасқали аутомат қаруын шашып-жинау шеберлігін көрсетті. Сонымен қатар мектеп оқушыларының орындауында би мен ән шырқалып, ерлік рухы асқақтатылды.

Байжан Мәулетұлы Қазиев 1950 жылы 26 сәуірде сол кездегі Орал облысындағы Чапаев ауданының Октябрь ауылында дүниеге келген. 1957 жылы Орал қаласында мектепке барып, математика мен физика пәндерін сүйіп оқыған, музыка мен спортқа бейім, алғыр да белсенді жас болған. Қызмет жолында да өз ісіне адалдығымен, қырағылығымен ерекшеленді. Алайда 1972 жылдың 23 қыркүйегінде Ақсай қаласында түнгі кезекшілікте жүрген кезінде қылмыскерді ұстау барысында ауыр жараланып, қызмет бабында қаза тапты. Байжан Қазиевтің ерлігі мемлекет тарапынан жоғары бағаланды. Ол қайтыс болғаннан кейін Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Президиумының Жарлығымен «Қоғамдық тәртіпті қорғаудағы үздік қызметі үшін» медалімен марапатталған. Оның есімі бүгінде Батыс Қазақстан облысы полиция департаментінің музейіндегі естелік тақтаға енгізілген.

«Жас сақшы» сыныбы – жас буынның бойында тәртіп сақшысы болуға деген ынта мен отансүйгіш рухты оятатын ерекше бастама. Бұл сыныпта балалар полиция қызметінің қыр-сырын меңгеріп, патриоттық тәрбие алады. Мектеп қабырғасында Байжан Қазиевтің есімін ұлықтайтын арнайы бұрыш ашылып, батырдың өмірі мен қызметінен сыр шертетін естелік тақта орнатылды. Байжан Мәулетұлының батылдығы мен ержүректілігі кейінгі ұрпаққа мәңгі үлгі болып қала бермек.
Гүлжан Ғалым,
Орал қаласы