Өңірлерде «Айбын» халықаралық әскери-патриоттық жастар жиынына қатысу үшін іріктеу турлары өтіп жатыр. Бұл туралы ҚР Қорғаныс министрлігі хабарлады.
Жасөспірімдер мен оқушылар 17-23 маусым аралығында Қарағанды облысының «Спасск» оқу-жаттығу орталығында жыл сайын өтетін әскери-патриоттық жиында өз клубтарының намысын қорғау үшін сыналады.
Әскери-спорттық және әскери-қолданбалы спорт түрлерінің жарыстарына дене шынықтыру жаттығулары, әскерилендірілген эстафета, АК-74-ті толық емес бөлшектеу және құрастыру, пневматикалық мылтықтан ату, газтұмылдырық пен жалпы әскери қорғаныс жиынтығын кию нормативтерін орындау кіреді.
Жиын барысында «Айбын дарыны» зияткерлік және «Күшіміз бірлікте» әскери-далалық тактикалық ойындары, сондай-ақ «Айбын жұлдызы» шығармашылық және «Smart Sarbaz – 2023» өнертапқыштар байқаулары өтпек.
Қазіргі кезде жиынға жиырма өңірден келген әскери-патриоттық клубтар, оның ішінде армия генералы Сағадат Нұрмағамбетов атындағы ҚР Қорғаныс министрлігі әскери колледжінің, Шымкент пен Қарағандыдан келген «Жас ұлан» республикалық мектептерінің, Семей мен Павлодардан келген облыстық әскери мектеп-интернаттардың, Қарулы күштердің, басқа әскерлер мен әскери құралымдардың әскери бөлімдері мен мекемелері жанынан құрылған әскери-патриоттық клубтардың тәрбиеленушілері қатысуға дайындық жүргізіп жатыр. Әзербайжан мен Өзбекстан командалары да қатысады деп күтілуде.
«Айбын» жастар жиыны Қазақстан әскерінің имиджін арттыруға, әскери-қолданбалы және техникалық спорт түрлерін танымал етуге, әскери қызмет өткеру кезінде қажетті дағдыларды қазірден қалыптастыруға ықпал етеді.