Орал қаласы Назарбаев Зияткерлік мектебінде Педагогикалық шеберлік орталығы филиалының ұйымдастырушылық қатысуымен «Жас ұстаз: Табысқа апарар жол» аймақтық форумы өтті.
Жас педагогтер арасында ұстаздық қызметтің жетістіктері үшін нұсқаулар жасау, дамуға ынталандыру мақсатындағы аталған шараға 171 мұғалім және Ж.Досмухамедов атындағы педагогикалық колледждің 20 студенті қатысты.
Білім берудің жаңа тенденцияларымен танысып, кәсіби даму жолдарын айқындауға ұмтылған мамандар форумы үш трек-сесссиядан тұрды. Алдымен, жас ұстаздарға дене белсенділігі мен жоғары көңіл күй тарту ету мақсатында флешмоб ұйымдастырылды. Одан кейін мотивациялық тректе «Шаңырақ Elite» инклюзивті балабақшасы директоры – Гүлнұр Төлеген, стартап тәлімгері, бизнес-кеңесші, гранттар мен бизнес несиелері бойынша сарапшы Венера Мураткалиева, Алматы қаласы Еуразия лицейінің мұғалімі Абылайхан Қуанышев пен «TutorMe» онлайн тілдер орталығының негізін қалаушы Айгерім Қайырғалиева спикер ретінде жеке жұлдызды жолдары туралы әңгіме тарқатты.
Шара барысында ғылым әлеміне ену, жеке жоба бастау, жастарға арналған гранттық мүмкіндіктер тақырыптары қамтылды.
Дебатты стрим бөлімінде «Ерекше білім беруді қажет ететін балалар әдеттегі мектептердегі әдеттегі сыныптарда оқытылуы керек пе?» тақырыбы көтерілді. Сонымен бірге педагогикалық қызмет экологиясы туралы жас мұғалімдердің батлы ұйымдастырылды.
Форум меймандарының өткен жолы мен сөйлеген сөзі жас ұстаздарға шабыт сыйлап, түрлі идеялар тарту еткені сөзсіз. Пікірталас пен ой жарысы қатысушыларға тәжірибе жинақтауға, шыңдала түсуге септігін тигізді.
– Бүгін әр тараптан келген әріптестермен танысып, пікір алмасқан күн болды. Сөз алған әр спикерден жалын мен ерекше ерік-жігер сезілді. Жаман заман мұғалімі үнемі өзін жетілдіріп тұруы тиіс, жаңашылдықты тез сіңіруі қажет. Осы бағытта ұйымдастырылған «Жас ұстаз» форумы барлық жас маманға, расында, табысты жол сыйларына сенемін. Сонымен қоса ой жарыстыратын, миға шабуыл жасатқан пікірталас пен олардың өзекті тақырыптары ерекше есте қалды, – Бәйтерек ауданы Қадыр Мырза Әлі атындағы жалпы білім беретін қазақ орта мектебі мұғалімі Салауатов Бақдәулет.
Орал қаласы Назарбаев Зияткерлік мектебінің баспасөз қызметі