Ақ Жайық өңірінің жасөспірім волейболшылар командасы ҚР чемпионатында жеңімпаз атанды. Сейсенбіде Орал қаласындағы «Атлант» спорт кешенінде қала әкімі Абат Шыныбеков жеңімпаздармен кездесіп, спорттағы жетістіктерімен құттықтады.
Наурыздың 22-28 күндері аралығында қаламызда 2004-2005 жылғы жасөспірімдер арасында волейболдан ҚР чемпионаты өтті. Оған еліміздің әр өңірінен 13 команда қатысты. Осындай дүбірлі додада жерлестеріміз чемпион атанды. Жеңімпаз командамен ұйымдастырылған кездесуде қала әкімі жас спортшыларды құттықтап, өңірде волейболды дамыту, балалар-жасөспірімдер спортын қолдау жалғасатынын атап көрсетті.
– Волейбол спортында жоғары жетістікке жеткендеріңіз үшін қуаныштымыз. Өңірде бұл спорт түрі жақсы дамып келеді. Әр жастағы жеткіншектердің спортпен белсенді айналысатыны құптарлық іс. Түрлі сайыстар мен турнирлерде облысымыздың намысын қорғап, биік дәрежеден түсірмеуге күш салып келесіздер. Қазіргі волейболдан ерлер мен әйелдер және жасөспірімдер командаларының жетістіктеріне қарап, волейбол спортын дамыту жолға қойылғанын байқауға болады. Осының өзі біздің жанкүйрелердің сенімін нығайтып, үміт шоғын маздатады. Ел Президенті, өңір басшысы балалар-жасөспірімдер спортын дамытуға мән беріп келеді. Өйткені негіз қаланбай, резерв болмай даму мүмкін емес. Сондықтан алдағы уақытта да қолдау көрсету тоқтамайды, – деді Абат Шыныбеков.
Жеңімпаз команданың бас жаттықтырушысы Сергей Казактың айтуынша, чемпионаттың алғашқы ойындары төрт топ бойынша өткізілген. Біздің команда өз тобындағы қарсыластарын 3:0 есебімен ұтып, одан кейін Шымкент қаласының командасынан 3:0 есебімен басым түскен. Осылайша Жамбыл облысының Тараз қаласы командасымен финалда кездесіп, бұл кездесуде де ұпай санымен алға шықты.
– Осындай нәтижелі ойын көрсетіп, жасөспірім волейболшылар чемпион атанды. Сондай-ақ осы кезеңде Талдықорған қаласында 2006 жылғы жасөспірімдер арасында чемпионат өтті. Біздің командамыз жергілікті Алматы облысының командасын ғана алға шығарып, екінші орынды иеленді. Сондай-ақ 2008-2009 жылғы жасөспірімдеріміздің командасы Түркістандағы чемпионатта финалға өтіп, төртінші орын иеленді, – деді Сергей Казак.
Гүлбаршын Әжігереева,
zhaikpress.kz