Төрт түлігін баптап бағып, асылдандырып, өрісін малға толтырған Жаңақала өңірінде ауыл шаруашылығы құрылымдарының қатары артып келеді. Жасампаз еңбекпен жаңарған өңірдің бүгінгі тыныс-тіршілігі туралы жақында аудан әкімі Наурызбай Қарағойшинмен сұқбаттасқан едік.
– Наурызбай Қадырбайұлы, ауданның негізгі экономикалық даму бағыты мал шаруашылығы екені белгілі. Осы бағытты өркендете түсу мақсатында қандай ауқымды жобалар қолға алынуда? Жалпы, шаруа күйттеген жандар мемлекеттік бағдарламалардың игілігін көріп жүр ме?
– Күні бүгінге аудандағы 9 ауылдық округте 518 шаруа қо-жалығы жұмыс жасауда. Жалпы, аудан бойынша мал басы тұрақты өсіп келеді. Соңғы үш жылда ірі қара малы 110%-ға, қой мен ешкі 101,4%-ға, жылқы 112,8%-ға өсіп отыр. Мал шаруашылығын дамытудағы алға қойған басты мақсаттардың бірі – мал тұқымын асылдандыру. Бұл бағыттағы жұмыстар қарқынды жүргізілуде. 2016 жылы асыл тұқымды мал өсірумен айналысатын 25 шаруа қожалығы болса, қазіргі таңда олардың саны 43-ке жетті. Аталған шаруашылықтар 2016-2019 жылдары шетелдік және отандық селекциялық асыл тұқымды 2309, тауарлы 1252 ірі қара, асыл тұқымды 1713, тауарлы 4857 қой сатып алды. Сонымен қатар соңғы үш жылда мемлекеттік қолдаулардың нәтижесінде шаруа қожалықтарына 1,6 млрд. теңге субсидия төленіп, 3,3 млрд. теңге жеңілдетілген несие, 202 бірлік ауыл шаруашылығы техникасы, 182 панельды күн батареясы алынды. Өткен жылдары жеке инвестициялар есебінен 1000 және 400 басқа арналған екі мал бордақылау алаңы салынды.
– Соңғы жылдары аудан-ауылдардағы ирригациялық құрылымдар жүйесін жаңарту, сол арқылы мал баққан шаруаларға оңтайлы жағдай туғызу мықтап қолға алынуда. Сіздің аудан-да бұл бағытта қандай жұмыстар атқарылуда?
– Аудан аумағында 48 мың гектар көлтабандар бар. Алайда 70-80-жылдары салынған суландыру жүйелерінің (каналдар мен су реттегіш қақпаларының) тозуына және әр жылдары су көлемінің жеткіліксіз болуына байланысты шаруа қожалықтары 28 мың гектар көлтабандарды ғана пайдалануда. Аудан бойынша мал қыстағына қажетті жемшөп мөлшері 130-135 мың тонна болса, аталған көлтабандардан алынатын мал азығы осы қажеттіліктің 25-30% құрайтынын атап өту қажет. Суландыру жүйелерін жөндеу мақсатында өткен жылы облыстық бюджет есебінен 63,2 млн. теңгеге «Төртқұлақ», «Қарасу» лимандарын күрделі жөндеу жұмыстары басталып, биылғы күзде аяқтау жоспарланып отыр.
Осы жұмыстардың жалғасы ретінде аудандық бюджет есебінен №42 лиманды күрделі жөндеуге жобалау-сметалық құжаттама жасақталып, облыстық табиғат қорғау басқармасына ұсынылды. Жоба құны – 17,4 млн. теңге. Сондай-ақ облыстық құрылыс басқармасы «Қызылжар» бөгетін реконструкциялауға жобалау-сметалық құжаттама жасақтап, мемлекеттік сараптамадан өтуде. Жобаның құны шамамен 360 млн. теңге болмақ.
2020-2022 жылдары Көшім өзені мен Қарақұдық каналын механикалық тазарту, «Қазсушар» РМК теңгеріміндегі Сәңкібай магистральды каналы бойындағы су реттегіш қақпаларды жөндеу жұмыстарын жүргізу қажет. Болашақта көлтабандарының мүмкіндігіне қарай көп жылдық екпе шөптер егуді ұйымдастыру жоспарда бар. Бұл өз кезегінде мал шаруашылығымен айналысатын шаруашылықтарға сапалы мал азығын дайындауға мүмкіндік беретін болады.
Елбасымыз «100 нақты қадам» Ұлт жоспарында ауыл шаруашылығы жерлерін тиімді пайдалану, кәдеге аспай, яғни өз мақсатында пайдаланбай жатқан жерлерді мемлекеттік қорға алып, оларды нарықтық айналымға енгізу міндетін қойған болатын. Бұл бағытта аудан бойынша жүргізілген мониторинг қорытындысымен тиімсіз пайдаланып жатқан жалпы аумағы 28,7 мың гектар жер учаскелері анықталды. Тексеріс нәтижесінде 26,8 мың гектар жер учаскесін пайдаланушыларға бір жыл мерзімге тиісті ескертулер беріліп, 1854 гектар жер учаскелері мемлекет меншігіне қайтарылды. Қайтарылған жерлер конкурстар арқылы шаруа қожалықтарына жалға берілетін болады.
– Жергілікті халықты жұмыспен қамту, кәсіпкерлікті өркен-дету бағытында атқарылған іс-терге тоқталсаңыз?
– Қазіргі таңда аудан бойынша 1089 кәсіпкерлік субъектісі тіркелген, соның ішінде 518 мал шаруашылығымен, 359 сауда-сат-тықпен, 212 қызмет көрсетумен айналысуда. 2016-2018 жылдары кәсіпкерлік субъектілері 13,5 млрд. теңгенің өнімін өндіріп, тауар ай-налымы 4,5 млрд. теңгеге өсіп, өсім 15 пайызды құрады.
Соңғы үш жылда аудан бойынша кәсіпкерлік субъектілері түрлі несиелік ұйымдар арқылы 2,6 млрд. теңге несие алды. «Бастау Бизнес» бойынша 2017-2019 жылдары 437 адам оқытылып, несиелерін алуда. Мемлекеттік қолдаулардың нәтижесінде соңғы екі жылда 12 кәсіпкерлік нысаны пайдалануға беріліп, халыққа қызмет көрсетуде. «Zhas project» жастар корпусын дамыту жобасы аясында Жаңақала ауданы бойынша жастар 20 грант ұтып алды. 20 жобада 67 қатысушы адам, әр жобаға 1 млн. теңге қайтарымсыз қаражат берілді. Сонымен қатар әр қатысушы 6 ай бойы 40-60 мың теңге аралығында шәкіртақы алып отырады. Жастарды еңбекке баулу мақсатында «Жасыл ел» бағдарламасы аясында 2018-2019 жылдары 120 жас жұмысқа тартылды.
2019 жылдың 1 қазанына жұмыссыздық деңгейі 5,9%-ды құрап, биыл 657 адам жұмыспен қамтылды. Соңғы 3 жылда 2919 адам тұрақты және уақытша жұмыстарға орналастырылған болса, 359 адам қайта оқыту курстарынан өтті. 208 адам өз кәсіптерін ашу және кеңейту мақсатында 913 млн. теңге несие алды.
Биылғы жылы төрт адамға 1 010,0 мың теңге беріліп, шілде айынан бастап 25 грант (20 грант жастарға және 5 грант көп балалы отбасыларға) 12 млн. теңге берілді.
Халықтың осал топтарын қолдау мақсатында тамыз айына дейін 774 отбасына (4134 адам, соның ішінде 2615 бала) 287,4 млн. теңге жаңа үлгідегі атаулы әлеуметтік көмек көрсетілді.
– Аудан тұрғындарының өмір сүру деңгейін арттыруға бағытталған таза ауыз сумен, көгілдір отынмен, сапалы жолмен қамту, мұқтаж жандарға баспана беру жұмыстарының жайы қандай?
– Қазіргі таңда аудан тұрғын-дарын орталықтандырылған таза ауыз сумен қамту деңгейі 54%-дан 82%-ға өсіп отыр. 2017-2018 жылдары аудан бойынша 3486,8 млн. теңгеге 10 елді мекен орталықтандырылған таза ауыз сумен қамтамасыз етілді. Аудан тұрғындарын сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету бағытындағы ең ірі жобалардың бірі – Жаңақала топтық су құбырының құрылысы. Қазіргі кезде Қырқопа және Қызылоба ауылдарындағы су құбырларын қайта құру жұмыстарына жобалау-сметалық құжаттамалар жасақталып, облыстық құрылыс басқармасына бюджеттік өтінімдері тапсырылды.
Алдағы жылдары Кіші Айдархан, Айтпай, Жангелді, Ақбалшық, Үшкемпір, Борық, Плантация, Салтанат, Саралжын секілді сегіз кіші елді мекенге сапалы ауыз су құбырын тарту жұмыстары жүргізілетін болады. Жалпы, қаржыландыру мәселесінің шешілуіне қарай 2023 жылға дейін ауданды ауыз сумен қамту көрсеткішін 95%-ға дейін жеткізу көзделіп отыр.
Өткен жылы 147,0 млн. теңгеге Жаңақала ауданының Жуалыой, Мұқыр, Сарыкөл, Жангелді секілді төрт елді мекеніне газ құбыры тартылып, 11 әлеуметтік нысан мен 316 аула табиғи газ желісіне қосылды.
Биыл Салтанат, Саралжын, Борық, Плантация елді мекендерін газдандыру бойынша жобалау-сметалық құжаттама әзірленіп, мемлекеттік сараптама қорытындысы күтілуде. Қазіргі таңда аудан бойынша көгілдір отынмен қамту көрсеткіші 95%-ды құрап отыр.
Облыстық маңызы бар жолдардың 46,5%-ы, аудандық маңызы бар жолдардың 5,8%-ы асфальт жабынымен қамтылған. Аудан орталығында 66 көше болса, соның тек 11 көшесі асфальтталған. 2017-2018 жылдары 174 млн. теңгеге 5,7 шақырым жолдар орташа жөндеуден өтті. Қазіргі таңда аудан орталығындағы 6,2 шақырым көше жолы құрылысын салуға жобалау-сметалық құжаттама жасақталып, облыстық құрылыс басқармасына бюджеттік өтінім жолданды. Жоба құны 759 млн. теңгені құрап отыр. Сонымен қатар өткен жылы жаяу жүргіншілердің, әсіресе, балалардың жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында аудан орталығында жалпы ұзындығы 3,5 шақырым болатын жаяу жүргіншілер жолын салуға жобалау-сметалық құжаттама әзірленді.
Күні бүгінге аудан бойынша 9 ауылдық округ орталықтарына кірме жолдардың барлығы да күрделі немесе орташа жөндеуді қажет етеді. Соның ішінде аудандық маңызы бар жолдарды орташа жөндеуден өткізу бойынша Көпжасар және Пятимар ауылдарының кірме жолдары облыстық жоспарға енді. Көктемгі және күзгі мезгілдерде аталған ауылдарға жол қатынасы үлкен қиындықтар туғызып келеді. Бұл жол учаскелерін жөндеу жұмыстары облыстық бюджеттен қаражат мәселесінің шешілуіне қарай жүзеге асатын болады. Сондай-ақ биылғы жылы республикалық бюджет есебінен Чапаев–Жаңақала–Сайқын облыстық маңызы бар аутомобиль жолдарының 113-130 км учаскесінде, ұзындығы 17 шақырым жолға орташа жөндеу жұмыстары жүргізілуде. 2021-2023 жылдарда Чапаев–Жаңақала–Сайқын облыстық маңызы бар аутомобиль жолының 130-191 км (61 шақырым) жол учаскесін қайта жаңғыртуға жобалау-сметалық құ-жаттама жасақтауға мемлекеттік сатып алу конкурсы өткізілуде.
Құрылыс саласына келер болсақ, 2016 жылы Жаңақала ауданында мемлекеттік бағдарлама аясында 106,8 млн. теңгеге аумағы 1628 шаршы метр 19 коммуналдық тұрғын үй құрылысы салынып, пайдалануға берілген болатын. Сондай-ақ жеке тұрғын үй құрылысын салушылар есебінен 5526 шаршы метр тұрғын үй алаңы іске қосылды. Биыл аудан орталығында 182,0 млн. теңгеге үш қабатты 24 пәтерлік жалдамалы тұрғын үй пайдалануға берілді. Аудан орталығында 160 орындық дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы (441 млн. тг.) «ҚПО б.в.» қаражаты есебінен салынуда. Кезекте тұрған азамат-тарды тұрғын үймен қамту үшін 2020 жылы аудан орталығынан үш қабатты 21 пәтерлік (224 млн. тг.), 2021 жылы екі пәтерлік 40 тұрғын үйдің (1072 млн. тг.) құрылыстарын салу жоспарлануда. Жеке тұрғын үй құрылысын салу үшін жер учаскесін алуға кезекте тұрғандардың сұраныстарын қанағаттандыру мақсатында аудан орталығына 204 учаскеге инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым өткізу жоспарда тұр.
– Білім беру, денсаулық сақтау секілді маңызды салалар-дағы тың өзгерістер турасында айтсаңыз?
– «Мектепке дейінгі білім беру сапасын түбегейлі жақсарту керек», – деп Елбасымыз өз Жолдауында атап өткен болатын. Қазіргі таңда аудан бойынша 3 жастан 6 жасқа дейінгі балаларды мектепке дейінгі біліммен қамту 100%-ды құрайды. «Мектепке дейінгі ұйымдарға кезекке қою және жолдама беру» мемлекеттік қызметі толықтай аутоматтандырылды. Білім беру саласында ақпарат алмасудың тиімділігін арттыру мақсатында 14 мектеп «Күнделік.kz» бірыңғай ақпараттық жүйесіне қосылып, жұмыс жасауда.
Аудан бойынша 8 мектеп заманауи роботтық техника кабинеттерімен жасақталды. Жергілікті бюджеттен 2,4 млн. теңге қаржы бөлініп, Жаңақала мектеп-гимназиясында IT сыныбы ашылды. Биыл №3 қазақ мектебіне IT сыныбы ашылады деп жоспарланып
отыр. Мектептер компьютерлік техникалармен жабдықталуда. Ақпарат көздеріне қолжетімді болу үшін ауданымыздың 21 мектебінің барлығы толықтай интернетпен
қамтамасыз етілген. Биылғы жылы интернет сапасын жақсарту мақсатында Көпжасар және Жаңажол ауылдарына талшықты-оптикалық байланысын тарту жоспарланып отыр.
Балалар қауіпсіздігінің маңыздылығын ескере отырып, аудан бойынша 7 балабақша мен 14 жалпы білім беретін мектептің бар-лығына бейнебақылау жүйесі орнатылған.
Балалардың денсаулығын нығайту, спортқа қызығушылығын арттыру мақсатында аудандық бюджет есебінен өткен жылдары Жаңақазан, Мәстексай, Жаңажол, Жаңақала ауылдарында төрт шағын спорт алаңы, биыл Көпжасар, Қырқопа, Пятимар, Бірлік, Қызыл-оба ауылдарынан бес спорт алаңдары салынды.
Жалпы аудан бойынша жалпы орта білім беретін 8 мектеп күрделі жөндеуді қажет етеді. Аталған мектептерді жөндеу жұмыстарын облыстың 2020-2024 жылдарға арналған қаржыландыру жоспары аясында рет-ретімен іске асыру көзделіп отыр.
Денсаулық сақтау саласына келер болсақ, биылғы жылдың 1 қаңтарына жүрек қан айналым ауруларынан өлім көрсеткіші 19,5%-ға төмендесе, соғылу мен уланудан
3 есеге азайды.
Өткен жылы аурухана медици-налық құжаттарды қағазсыз рәсімдеу қызметіне толықтай көшті, дәрігерлерге жазылу «К-врачу» мобильдік қосымшасы арқылы жүзеге асырылуда. Сондай-ақ Жапон елшілігінің «Шөп Тамыры» қайтарылымсыз гранттық бағдарламасы бойынша аудандық аурухананың қажеттілігіне «Видеогастроскоп» және жүйелі видеоэндоскопиялық аппаратын алу үшін екі елдің елшілігі арасында гранттық келісімге қол қойылды. 25 млн. теңге көлемінде гранттық қаражат алынды. Қазіргі таңда аталған аппарат жеткізіліп пайдаланылуда.
2016-2019 жылдары облыстық бюджет есебінен ауданның денсаулық саласына төрт жаңа ауто-көлік сатып алынды.
Биыл облыстық бюджет есебінен 74,0 млн. теңге қаржыға Көпжасар дәрігерлік амбулаториясына күрделі жөндеу жұмыстары басталып, жақын күндері пайдалануға беру жоспарлануда.
– Сұхбатыңызға рақмет. Жоспарланған жобалар жүзеге асып, ауыл-елдеріңіз көркейе бергей!
Нұрбек Оразаев
Молдағали Тәжиев, зейнеткер, еңбек ардагері:
– Ауданымыз – жылдан-жылға жаңарып, күннен-күнге көркейіп келе жатқан өңіріміздегі алдыңғы қатарлы аудандардың бірі. Айтатын болсам, Елбасымыздың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасының аясында біршама шаралар атқарылуда. Солардың бірі – ауданның жас жеткіншектері үшін ауданға және барлық ауылдық округтерде су жаңа спорттық алаңдардың салынуы. Әлеуметтің әлеуетін жақсарту жолында аудан жұртшылығын көгілдір отынмен қамтамасыз ету ешқашан күн тәртібінен түскен емес. Сондықтан да ауыл-аймақтарды газдандыру жұмыстарына өңір басшылығы баса назар аударып, халықтың көгілдір отынмен қамтамасыз етілуіне айрықша көңіл бөлініп, елді мекендердің барлығы дерлік газбен қамтылды. Ауданаралық оңалту орталығы тұрақты жұмысын жасап тұр. Ардагерлер мен зейнеткерлер жан-жақтан келіп, емдерін қабылдайды. Жаңақала мектеп-гимназиясы күні кеше ғана салынған сияқты еді, бүгінде жас жеткіншектер сол мектептен сапалы білім алып, үлкен өмірге жолдама алуда. Ауыз су мен жол кезек күттірмейтін мәселе ретінде үнемі назарда тұр. Айта кетейік, Орал қаласы мен аудан орталығын жалғайтын жолдың да жағдайы едәуір жақсарып, біраз жері жөнделіп, тақтайдай асфальт төселіп қалды. Жыл сайын жөндеу жұмыстарын жүргізіп тұрады. Сондай-ақ біраз жыл бұрын «Ақбұлақ» бағдарламасымен ауыз су тартылса, ауылдық округтерге «Құлшыққұм» елді мекенінен таза ауыз су тартылып, жергілікті халық үшін ауыз су мәселесі оңтайлы шешілді. Бұл да болса егемендіктің, мемлекетіміздің біртұтастығының арқасы. Осының бәрі Елбасының сарабдал саясатының, Президентіміздің және ат тізгінін ұстаған әр түрлі сала басшыларының жұмыла жасаған нәтижелі жұмыстарының арқасы деп білемін.
Едіге Текебаев, шаруа қожалығының иесі:
– Ауданымыздың негізгі күн көрісі мал шаруашылығы болып табылады. Бүгінгі таңда ауданда мал саны артып, өсіп келеді. Біз де мал басының арта түсуіне барымызша өз үлесімізді қосудамыз. Заман талабына сай қазір малдың санына емес, сапасына көңіл бөлу керектігін біз жақсы түсінеміз. Осыған байланысты өткен жылдары Елбасы мал басын асылдандыру туралы айтып, нақты тапсырмалар бергендігін бұқаралық ақпарат құралдарынан оқып, біліп жатырмыз. Бұл өте дұрыс шешім деп ойлаймын. Осы орайда біз де көштен қалмай, малдарымызды асылдандыру жұмысын бастап кеттік. Қазіргі таңда мал шаруашылығына Үкімет тарапынан көптеген қолдау білдірілуде. Әр мал басына субсидия төлейді, ауыл шаруашылығы техникаларын алуда жеңілдіктер беріледі. Мемлекет тарапынан демеуқаржы мен жеңілдетілген несиелер алып, шаруашылықтарын дөңгелетіп жатқан ауылдастарымыз қаншама?! Ауыл тұрғындарына, соның ішінде шаруаларға қолдау білдіріп отырған үкіметке, өңір басшысы мен аудан басшыларына алғыстан басқа айтарымыз жоқ. Өрісіміз төрт түлікке, үйіміз қуанышқа толы болсын. Еліміз көркейіп, бай- қуатты болайық!
Балауса Бисенова, көп балалы ана:
– Мен көп балалы анамын. Жұбайым көлік жүргізушісі болып қызмет атқарады. «Ішер астан жатар орын» деп дана халқымыз текке айтпаған ғой. Бұрын үкімет берген ескі ғимаратта тұрдық. Қазір көптен армандаған тұрғын үйімізге қол жеткізіп, төбеміз қуаныштан көкке жетті. Салынып бітіп, қолданысқа берілген пәтердің сапасында мін жоқ. Соңғы үлгіде салынған, жанға жайлы екен. Осындай мүмкіндікті беріп отырған мемлекетімізге, ел тізгінін ұстаған ауданымыздағы азаматтарға өзімнің және отбасымның атынан алғыс айтамын. Көп балалы аналарға жасалған қамқорлық жақсы жолға қойылып келеді. Соның бірі біздің отбасының тұрғын үй алуы дер едім. Осындай игілікті бастамалар мен жақсы істер ауданымызда арта берсін дегім келеді.