Жасанды интеллект (ЖИ) - жаһандық ғылым мен технологиялық дамудың ең үздік туындыларының бірі. Соңғы онжылдықта өміріміздің барлық саласында белең алған аталмыш сала жаңа дәуірдің есігін ашқандай. Негізінен ЖИ туралы пікір екіге бөлінеді. Бір бөлігі ЖИ-ді адамзаттың көмекші құралы, түрлі қызметтерді аутоматтандыратын мүмкіндік деп алға тартса, екінші бөлігі оны ақыл иелеріне бәсекелес болатын әрі ойлануды тежейтін кесел деп қарастыруда.

ЖИ қолданылу саласына қарай бірнеше түрге бөлінеді:
Медицина, бизнес, білім беру салаларында ЖИ-дің мән-маңызы жоғары. Мысалы, медицинада ЖИ дертті дәл анықтау (диагноз қою), оған қарсы емдеу әдістерін әзірлеуде, тіпті кәсіби деңгейде ауруларды анықтауда және деректерді өңдеу мен талдауда жетекші орында. Жоғары деңгейдегі сыни ойлау қабілеті мен ақпаратқа деген қолжетімділігі арқасында ол кәсіпкерлікте де мекеме-кәсіпорындар мен тұтынушылардың келісіміне әсер етуде. Оқу жүйесінде де мұғалімдер мен оқытушыларға ЖИ-дің мүмкіндіктерін қолдана отырып, сабақты жаңа деңгейде өткізуге әрі тиімдірек етуге жол ашылды. SDU университетінің жаратылыстану ғылымдары және инженерия факультетінің 2-курс студенті Сағын Әлихан (суретте) ЖИ туралы былай дейді, – «IT саласында ЖИ-дің үш негізгі пайдасын айта аламын. Ең алдымен жылдамдық, екінші креативтілік, үшінші жаңашылдық. Оның көмегімен мен өз саламдағы белгілі бір алгоритмдерді оңай шешудемін. Жасанды интеллект түрлерінің арасынан ең жиі қолданатыным – ChatGPT. Бұл қолданба маған ақпаратты кодтауда, математикалық тақырыптарды түсінуде, есеп шығаруда көмектесетін көмекшіме айналды. Әрине, оның тек көмекші құрал екенін ескеріп, этикалық қағидаларды ұмытпауымыз керек».
«Meta» компаниясының негізін қалаушы Марк Цукерберг ЖИ туралы «Мен жасанды интеллекттен қорқудың қажеті жоқ деп ойлаймын. Оның мүмкіндіктері көп және ол біздің қоғамды жақсартуға бағытталуы керек», - деп пікір білдірген. Бұл оның оптимистік көзқараста екенін аңғартады. Әйтсе де, ЖИ-дің артықшылықтарымен қатар қауіп-қатері де бар. Аутоматизациялану салдарынан жұмыс орындары мен жұмыскерлердің қажеттілігі төмендеп, жұмыссыздық деңгейі артуы мүмкін. Оған қоса, ЖИ жүйелерінің теріс бағытта қолданылуы адамдардың жеке деректеріне залал келтіріп, құпиялылыққа кері әсерін тигізеді деген қауіп бар. Бұл одан әрі әдеп-этика мен жауапкершілік мәселесін туындатады.
«Тесла» және «SpaceX» компанияларының негізін қалаушы Илон Маск бұл туралы былай дейді: «Жасанды интеллект адамзатқа қауіп төндіретін деңгейге жетуі мүмкін. Сондықтан оның дамуын мұқият қадағалау керек. Егер бақылаусыз қалатын болса, ЖИ біздің ең үлкен қатерімізге айналуы ықтимал».
Жасанды интеллект – қоғам үшін, бір жағынан, мол мүмкіндіктер, екінші жағынан, қатер туғызатын технология. Оның дамуы өнімділіктің артуына әкеледі, бірақ бұл жерде этикалық, әлеуметтік, қауіпсіздік сияқты мәселелерді назарда ұстау міндетті. ЖИ-ді әдеп пен жауапкершілікті сақтай отыра пайдалану арқылы, оның әлеуетін адамзат игілігі жолына тура бағыттаймыз. Ғылыми ортада әдеп қағидаларын (этикалық стандарттарды) бекіту, ЖИ-дің әлеуетін туралау жолымен ғана біз ЖИ-ді болашақта тиімді әрі қауіпсіз түрде пайдалана аламыз.
Ақбота Қапиет,
Әбу Насыр әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың журналистика
факультетінің ІІ курс студенті