Жақында Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Қазақстан жаңғырудың жаңа кезеңіне қадам басты» атты «Turkistan» газетіне сұхбат бергені белгілі. Онда 2026 жылды «Цифрландыру және жасанды интеллект жылы» деп жариялауы жөнінде «Қазақстан цифрлық державаға айналуы керек. Бұл – қазіргі жаңа технология дәуірінде өркениетті ел болып қалудың бірден-бір жолы» деген пікірді айтқан болатын.

Жасанды интеллект тақырыбы күннен күнге жиі айтылып, ол туралы көпшіліктің түсінігі де, қолдану аясы да кеңейіп келеді. Адамның табиғи, жаратылыстан берілген ақыл-ойы мен санасының моделімен жасалған, миллиондаған ақпараттарды аз уақытта қопара талдап, адамға керегін әп-сәтте ұсына алатын жасанды жүйенің пайда болуы адамзат дамуындағы аса ірі серпіліс болды. Бұл бір жағынан технологиялық төңкеріс болса, екінші жағынан адамның табиғатын, рухани болмысы мен құндылықтарын қайта пайымдау қажеттігі туралы дер кезінде соғылған қоңырауға да ұқсайды. Осыған сай біздің ұсынып отырған тақырыбымыздың мәні – технологиялық серпінді даму кезеңіндегі гуманитарлық ойлаудың өзгерістері мен адамның жаңа мүмкіндіктері туралы ой бөлісу. Ежелгі дәуірден адамның барлық заттың өлшемі екені (Протагор), танымдық құбылыстардың адамнан тыс болмайтыны белгілі. Жасанды интеллектінің қоғамға, білім беру кеңістігіне қарқынды енуі классикалық философиялық ұстанымды жаңа контексте қайта қарау сұранысын тудырып отыр. Бұл жаңа интеллектуалдық кезеңде адам нені жоғалтып алуы, нені жаңадан таба алуы мүмкін деген сұрақтар арқылы жасанды интеллектінің адамға тікелей ықпалын қарастыруды көздейді.
Қоғамдық дискурс аясында цифрлық технологиялар, нейрожелілермен жұмыс техникалық, немесе алгоритмдер мен кодты меңгерген IT саласы мамандарына ғана қатысты деген түсінік те жоқ емес. Техникалық мәселелерде олардың құзіреттіліктері жоғары, соған сай олар бүгінгі цифрлық кезеңде технологиялық міндеттерді атқарады. Сонымен қатар техникалық емес кез келген саланың маманы жасанды интеллектіні қолдануда оның мүмкіндіктерін жете меңгеру арқылы өзінің әлеуетін дамытып, кәсіби биіктіктерге жете алады. Бұндай интеллектуалдық жүйелер қиын бағдарлама, код жасау арқылы емес, тілдік модельдер ретінде құрылған (LLM-model), сондықтан Chat GPT (Open AI), Gemini (Google), Claude (Anthropic), Microsoft Copilot, Grok (xAI), DeepSeek, Meta AI, т. б. чаттарда әр адам еркін жұмыс жасап, тіпті өзінің агенттерін жасап алу арқылы кез келген тапсырмаларды орындай алады.
Цифрлық инфрақұрылымы дамыған елдерге келетін болсақ, жасанды интеллектінің мүмкіндіктері көптеген салада – медицинада, биологияда, экономика мен үлкен деректерді (Big Data) талдауда, білім беруде алға шығып кетті. Оқу орындары интеллектуалық жүйені білім беру платформаларына, бағалау жүйелеріне, университеттік курстарға, жеке оқу траекторияларында жеке оқытуға енгізіп алды. Генеративті жасанды интеллектінің өнімділігі білім беруде бұрын қиындық тудырған жеке траекторияда оқыту мазмұнын жасау, деректерді талдау, курстарды жоспарлау үшін кең мүмкіндік беруде. Ғылыми білім саласы да үлкен технологиялық серпілісті бастан кешіп жатыр, бұрын кітапханалардан картотека арқылы іздейтін әдебиеттер мен түрлі ақпарат көздерінен алынған зерттеулерді тез жинап беретін мүмкіндік туды.
Технологияландыру үдерісі және гуманитарлық сұрақтар
Бір қарағанда, адамның интеллектуалдық қызметін жеңілдететін, когнитивтік ойлау жүйесіне күш түсірмейтін бұл үдерісті таза технологиялық серпін ретінде қабылдауға болады. Алайда осы технологиялық серпіннің тасасында үлкен гуманитарлық сұрақтар тұр. Ең басты сұрақ – бұрын тек адамның ақыл-ой еңбегін жұмсау арқылы атқарылатын қызметті енді жасанды интеллектуалдық жүйе одан да тиімді жасайтын болса, онда адамның рөлі қандай болмақ? Одан әрі туындайтын қосымша сұрақтарды тізбелесек, жасанды интеллект адамның ойлауына, субъектілігіне, танымдық қабілетіне қалай әсер етіп жатыр? Кез келген ақпараттың түсіндіруі, мәтіні, шешімі дайын интеллектуалдық жүйе қолжетімді кезде, адам өзінің ішкі әлеуетін – ойлану, күмәндану, іздену, т. б. іске қосудың маңызын бағалай ма? Жасанды интеллектіні адамға ғана тиесілі субъектілік шекарадан өткізіп алу қаупі туындауы мүмкін бе? Бұл сұрақтардың жауабы пәнаралық тұрғыда – педагогика, психология, этика, философия, әлеуметтік, гуманитарлық және техникалық ғылымдардың тоғысқан тұсында тұрғанын көре аламыз.
Әлемдік сарапшылар өз зерттеулерінде технологияның қарқынды дамуы білім беру жүйесіне жаңа тәуекелдер әкелетініне алаңдаушылық білдіруде. Бұлар негізінен этикалық, адамгершілік, ауторлық құқық, плагиат, академиялық адалдық, т. б. мәселелерді қамтиды. Халықаралық ұйымдар бұл жағдайдың салдарын айтып, оларды реттеуді ұсынды. Атап айтқанда, Еуроодақ күн тәртібінде жасанды интеллектіні енгізуде сапалы деректер болуын, адам қауіпсіздігі мен негізгі құқықтарын қамтамасыз етуі тиіс делінсе, ЮНЕСКО-ның ұсынымдарында цифрлық және этикалық сауаттылықты қалыптастыру білім беру саласында жасанды интеллектіні енгізудің басты шарты деп қарастырылған.
Қазақстанда 2024-2029 жылдарға арналған жасанды интеллектіні дамыту тұжырымдамасындағы этикалық және жауапты түрде пайдалану, адамгершілік құндылықтарға басымдық беру талаптары цифрлық жауапкершілік пен этикалық қағидалардың негізін құрайды.
Жасанды интеллект және білім беру
Енді осы мәселелерді білім беру тұрғысынан қарастырсақ, оқыту үдерісінде білім алушының танымдық қабілеті, ой еңбегі, субъектілік белсенділігі оның жаңа ақпаратты меңгеруінде, жаңа білім қалыптастыруында негізгі рөл атқарады. Осыған қатысты жасанды интеллектіні пайдалануда кері әсерін тигізетін факторлар да бар. Біріншіден, адамның (оқушының, студенттің) күнделікті сабақта өзінің қабілетіне емес, көп ойлауды қажет етпейтін, тез дайындап беретін технологияға шамадан тыс сүйеніп кетуі. Егер білім алушы үнемі дайын шешімдерге сүйенсе, онда оның логикалық, себеп-салдарлық байланыстарды өз бетімен құру, проблемаларды жан-жақты қарастыру дағдылары төмендейді. Білімді игеру барысында адам өзінің когнитивтік ойлау қабілетін, жеке тәжірибесін пайдаланбай, тек дайын нәтиже алуға ұмтылса, онда білім беру тұлғаны дамыту мәнін жоғалтады. Өз бойындағы жаратылыстан берілген ойлау, талдау, іздену, т. б. танымдық қабілеттерін іске қоспай, интеллектуалдық қызметтің бәрін технологияға артып қойған адамның ойлау жүйесі тарылады, мидың кейбір ресурстары шектеледі, бұлар өз кезегінде күрделі ақпараттарды игеруге, жазбаша мәтін, кітап оқуға ынтаның төмендеуіне алып келеді. Бұның әлеуметтік желілерге де қатысы бар. Бәріміз байқап жүрміз, қазір жастар көбіне мазмұны күрделі, көлемі ауқымды ақпараттарды оқудан гөрі қысқа контенттерге құрылған рилс, ролик, тредстерге бейім, тіпті күнделікті WhatsApp чаттарындағы байланыстың жазба түрінен аудио-дыбыстық хабарласу, смайл арқылы эмоция білдіру қалыпты жайға айналуда. Жоғарыда аталған сұхбатта Президент жастардың TikTok, Instagram, Telegram арналарындағы пайдасы аз бейнежазбалар, ақпараттар мен қысқа клиптерді көрумен шектелмей, мән-мағынасы терең ақпаратты білуі қажеттігі туралы алаңдаушылық білдірді. Әрине, өскелең ұрпақтың барлығы да олай ойламайтын, «адамды тығырыққа тірейтін елес-қиял әлемінде өмір сүруді емес, нағыз білім-ғылым жолына түсуді мақсат тұтатын» жастардың барына да Президент күмән келтірмейді. Бірақ бұл алаңдаушылық та негізсіз емес. Екіншіден, жасанды интеллектінің білім алушылардың оқудағы адалдығына әсері. Білім беру саласындағы бақылау, дипломдық, т. б. жұмыстарында академиялық адалдықты сақтау мәселесі бұрын тек өз бетімен орындалуына қатысты болса, енді білім алушы тек өз бетімен емес, жасанды интеллект арқылы да орындай алады және оған тыйым салынбайды. Бұл жағдайда әділ бағалау үшін өзінің жеке орындағанымен қатар, көмекші құрал ретінде интеллектуалдық жүйені қандай жолмен пайдаланғанын, ал қай жерде өзінің ойы дәлелді болғанын түсіндіре алуы маңызды. Өйткені білім берудегі негізгі проблемалар технологияны қолданудан емес, онымен әрекеттесетін адамның ұстанымына тығыз байланысты. Академиялық адалдықтың жасанды интеллектіні пайдалануды реттеуге қатысты жаңа талаптары магистрлер мен докторанттардың диссертациялық жұмыстарын жазуда, ғылыми мақалалар дайындау ережелеріне де енгізілуде. Үшіншіден, жасанды интеллектінің білім беру кеңістігіне енуі білім берудегі субъект пен объект арасындағы дәстүрлі түсінікке қайшы келу қаупін күшейтеді. Педагогика ғылымында білім беру үдерісінің мәнін айқындайтын «субъект» және «объект», «субъектаралық қатынас» категориялары бар. Субъект ретінде оқушы да, мұғалім де есептеледі, оқу үдерісі субъект пен субъект, яғни субъектаралық қатынас негізінде жүргізіледі. Объектіге оқу материалы, білім мазмұны, әдіс-тәсілдер, құралдар, технологиялар жатады, өйткені олар адамсыз әрекет ете алмайды. Алайда, жасанды интеллектіні белсенді қолдану кезінде ол субъектілікке ұқсас адамша «ойлайтындай» немесе «шешім қабылдайтындай» болып көрінеді. Бұл педагогикалық тұрғыдан қауіпті иллюзия тудырып, оқушы оны көмекші объект емес, шешім қабылдайтын саналы субъект ретінде қабылдай бастайды. Осыған қатысты айта кету керек, жасанды интел-лектіні құрастырушылар мен техникалық мамандардың болашақта оның объект ретінде қалмай, «квази-субъектілік» рөлі күшейетініне назар аударуда. Бұлар күнделікті педагогикалық, басқарушылық және жеке тәжірибеде қазірден көріне бастады. Біз жасанды интелектінің чат-боттарымен, агенттерімен сөйлесеміз, кеңес сұраймыз, мәтіндерді, шешімдерді, жоспарларды сеніп жүктейміз. Ол бізге жауап береді, нақтылайды, шешім қабылдауға дәлелді ұсыныстар беріп, өзара субъектаралық диалог әсерін туғызады. Алайда бұл шынайы субъектілік құбылыс емес, жасанды интеллектінің моральдық жауапкершілігі жоқ, сосын да әрбір жауаптың соңынан оны мұқият тексеру қажеттігі туралы ескертулер беріледі. Егер мұғалім, оқушы, басқа да қолданушылар түрлі себептермен адамға тән ойлау, таңдау жасау, шешім қабылдау әрекеттерін алгоритмге беріп қойса, ол өзінің субъектілігімен, тұлғалық дамуымен, адамдық әлеуетімен қайшылыққа келеді. Жасанды интеллект қаншалықты саналы, ақылды көрінсе де, адам қызметінің тек қана объектісі болып қала береді.
Жаңа интеллектуалдық дәуірдегі адамның рөлі
Жасанды интеллект әкелген өзгерістер дәуірі адамның өз өмірінің мәніне үңілуде, қоғамдағы өз рөлін қайта қарауға алып келуі тиіс. Зерттеушілердің айтуынша, жасанды интеллект тек техникалық өнімділікті немесе пайданы ғана емес, сонымен қатар адамның интеллектуалдық әлеуетін жақсартуы керек (Bryson & Theodorou, 2019), ашықтық, сенімділік және адам үшін пайдалы қағидаттар ғана жасанды интеллект пайдаланудың негізіне алынуы тиіс (Akula & Garibay, 2021). Адамзат тарихына шолу жасасақ, мұндай жағдайлар бұрын да болғаны, ғылым мен технология күрт дамыған кезде, адамның құндылығы мен гуманитарлық білімді қайта қарау қолға алынғаны белгілі. Қазіргі кезеңді кейбір әлемдік сарапшылар мен футурологтар жаңа ренессанс, жаңарған қайта өрлеу дәуірі деп те айта бастады. Президенттің аталған сұхбатында да қайта өрлеу дәуірінің бастауында кітап, газет-журналдар, танымдық ақпараттар тұрғанына мән беріледі, өйткені интеллектуалдық орта күрделене түскен сайын, адамнан да терең ойлау, саналы таңдау және жауапкершілік талап етіледі.
Ғылыми-техникалық прогресстің серпінді дамуы кезінде адамның ойлауы жаңа сипатқа ие болып, технологияның алдына шығуы заңдылық. Жасанды интеллектінің рөлін тек қоғамның технологиялық жаңғыруы деп түсіну жеткіліксіз. Айта кетейік, бүгінгі күні нейрожелілердің көмегімен шынайылыққа өте ұқсас, бірақ жалған фото, видео немесе аудио дипфейктер (deepfake), синтетикалық ақпараттарды алгоритмнің өзі жасап шығара алады. Бұлар білім беру, ғылым және шығармашылықта жаңа мүмкіндіктер ашып, оқу материалдарын модельдеуге, дерек жетіспеген жағдайда симуляция жасауға пайдаланылады. Оларды жалған ақпарат ретінде тарату, адамдарға манипуляция жасау үшін қолдану деректерімен кездескенде адам өзінің білімділігі, ақпараттық сауаттылығы, жауапкершілігі, сыни ойлауы арқылы ғана ажырата алады. Технология қаншалықты дамыса да, ол таңдау жасауда, бағыт беруде, шешім қабылдауда адамның орнына жауапкершілік алмайды.
Түйін. Жасанды интеллектінің білім беру кеңістігіне енуі оқыту мазмұны мен әдістерін түбегейлі қайта қарау қажеттігін туындатып тұр. Бұл жағдайда білім беру жүйесінің басты міндеті тек цифрлық құралдарды меңгерту емес, білім алушылардың гуманитарлық ойлауын, сыни пайымын және жауапты шешім қабылдау қабілетін дамыту болады. Сондықтан сынып пен аудиториядағы сабақтың мәні артып, оқыту үдерісі ақпарат беруден диалогқа, дайын білімнен мағыналық талдауға, алгоритмдік әрекеттен рефлексивтік ойлауға бағытталуы тиіс. Практикалық тұрғыдан алғанда, білім беру үдерісінде бірнеше маңызды өзгерістерді жүзеге асыру қажет. Біріншіден, сабақтар пікірталас, кейсталдау, мәтінді интерпретациялау және проблемалық сұрақтар негізінде ұйымдастырылып, оқушының ойлау логикасын дамытуға бағытталуы тиіс. Екіншіден, бағалау жүйесінде жазбаша тапсырмалармен қатар ауызша емтихандар мен сұхбаттық сипатты кеңейту қажет, себебі бұл оқушының білімді түсіну деңгейін, аргументация жасау қабілетін және жасанды интеллект құралдарын саналы қолдануын анықтауға мүмкіндік береді. Үшіншіден, жобалық және рефлексиялық тапсырмалар арқылы гуманитарлық ойлау, құндылықтық бағдар және академиялық адалдық мәдениеті қалыптастырылуы тиіс.
Осы өзгерістерді жүйелі түрде енгізу білім беруді технократиялық модельден адамға бағдарланған гуманитарлық модельге көшіруге мүмкіндік береді. Жасанды интеллект жағдайында білім берудің түпкі нәтижесі – технологияны қолдана алатын ғана емес, оны өз мақсатына сай пайдалану арқылы өзін дамыта алатын тұлға қалыптастыру. Осылайша, гуманитарлық ойлауды бүгінгі білім берудің қосымша бөлігі ретінде емес, оның өн бойына енгізілетін негізгі концептуалдық өзегіне айналдыру маңызды.
Светлана Бахишева,
БҚИТУ-дың педагогика және
психология кафедрасының профессоры,
педагогика ғылымдарының докторы