Оралдағы жас каратэшілер ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына тамаша тарту жасады. Мектептен тыс жұмыс орталығының №44 мектептің негізіндегі «Каратэ-до» үйірмесінің тәрбиеленушілері дәстүрлі каратэ бойынша Өзбекстанда өткен ашық Азия чемпионатында жүлделі орындарды иеленді.
Ашық чемпионат болғандықтан, оған Америка, Еуропа, Африка және Азия құрлықтарынан 760 спортшы қатысты. Жекелей сында Ката бағдарламасы бойынша Абылай Өтеулі алтын, Шұғыла Сағындық күміс, Нұртас Нұрболат қола медальға ие болды. Ал командалық ката бойынша 12-14 жасар жасөспірімдер арасында Абылай Өтеулі, Әлихан Шоханов, Нұртас Нұрболат қола медальды қанжығаға байлады. 12-14 жастағы қыздар арасында Шұғыла Сағындық, Дана Ибрашева және Нұрай Әзимұратовалар алтыннан алқа тақты. Балғын спортшыларды баптаған бапкер Тарас Қуанғалиев шәкірттерінің алар биігі әлі алда екеніне сенімді.
Гүлнәр Шәңгерей,
zhaikpress.kz