26.03.2022, 12:20
Оқылды: 84

Жастар неге шетелге кеткісі келеді?

Бүгінде екі адым аттасаң, шекара асуға мүмкіндік көп. Әлемнің үздік оқу орындарында білім алып жатқан, өзге елдерде саяхаттап жүрген жиһангер қазақстандықтар қаншама? Әрине, шетелде тәжірибе жинақтаған білікті мамандарымыздың қатары көп болғаны жақсы. Бірақ Отанға оралуға  құштарлығы жоқтардың да қарасы аз емес.  Жастар неге шет мемлекетте өмір сүруге құмар? Олардың өзге елде білім алуы елімізге қаншалықты қажет? Жастар көбіне еліміздің білім сапасын, соның ішінде ұлттық бірыңғай тестілеуді сынға алады. Бұл сынақтан орташа балл жинай алмаған жағдайда еліміздегі оқу ақысының қымбатшылығы ата-ана қалтасына ауырлық түсіреді екен. Ал шетелдік оқу орындарында тілдік кедергі болмайды және ҰҰБТ сертификатын қажет етпейді.Оқу ақысы еліміздің білім ордаларына қарағанда арзан және кей мемлекеттер жыл сайын қазақстандықтар үшін арнайы білім грантын қарастырады. Дегенмен жуырда «Шетелге неге кеткің келеді?» деген сұрақпен жастарды әңгімеге тарттық.

IMG-20220326-WA0003

Фотосурет: tengrinews.kz

Ернұр Ізімов, М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан университетінің IV курс студенті:

IMG-20220326-WA0013

– Ең басты себептердің бірі –  ел аралап, жер көріп, таным көкжиегімді кеңейту. Өркениетті елдердің экономикалық ахуалы елең еткізбей қоймайды. Ол жақта табыс көзі біздікіне қарағанда әлдеқайда жоғары. Жай өмір сүру деңгейі де, халыққа, қарапайым адамдарға деген қарым-қатынас та жас буынды қызықтырады. Бұлардың ешқайсысы Қазақстанда жоқ деп айтуға болмайды. Тек бізге қарағанда олардың тұрмыстық жағдайы жоғары деңгейде. Сонымен қатар еркіндік бар. Бізде «ұят болады» деген қалыптасып қалған қағида жастардың өзіндік ішкі ойының жоғалуына әкеліп жатады. Ал шетелде әр адамды жеке тұлға ретінде бағалайды. Біздегідей киім, телефон брендтерімен жарысу атымен жоқ. Алайда шетелдің де біз білмейтін жағымсыз  тұстары көп  екенін  естен  шығармаған жөн.

Гүлсезім Қайырғалиева, Батыс Қазақстан инновациялық-технологиялық университетінің IV курс студенті:

IMG-20220326-WA0015

– Мәселен, АҚШ-та жыл сайын 500 мыңға жуық шетелдік студент жоғары білім алып, ғылыммен айналысуға және халықаралық мансап құруға мүмкіндік алады. Жоғары оқу орындарының студенттері индустрия көшбасшылары – Google, Apple, Facebook, Procter & Gamble, Ford немесе Coca-Cola-дан тағылымдамадан өтеді. Көптеген университеттерде бакалавр және магистратураға оқуға түсетін шетелдік студенттерге арналған дайындық бағдарламалары бар. Олар екі-үш семестрде тіл үйретіп, академиялық пәндер бойынша білімдерін шыңдауға көмектеседі. Оның үстіне, Америкалық университеттің дипломы бар мамандар халықаралық еңбек нарығында жоғары бағаланады және бірден жоғары лауазымға  ие бола алады. Сол себепті мен шетелде білім алып, мүмкіндік болса, біліктілігімді де сол  жақта арттырғым келеді.

Аружан Сағынова,

Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінің II курс студенті:

IMG-20220326-WA0016

– Қазіргі таңда шетел көру, шетелге шығу – әр адамның көңіл төрінен орын алған армандардың бірі. Кейбіреулері үшін қала көру маңызды болса, кейбірі үшін «шетелге барған» деген атақ-абырой маңызды екені анық. Мен үшін іргелі шетел білімге, жарқын болашаққа бастар жол секілді. Туған елдің білімі сапасыз емес. Бірақ шетелдік университеттердің деңгейі, білімі өте жоғары дәрежеде. Шетелдік оқу орнын бітіріп, елге оралып, қызмет табу қиындау. Жұмыс жоқ емес, бар ғой. Бірақ жалақысы көңіл көншітпейді. Сондықтан шетелде табыс тауып, тәжірибелі мамандармен иық теңестіре қызмет істегім келеді.

Диана Ерғалиева, Қазақстан инновациялық және телекоммуникациялық жүйелер университетінің ІІ курс студенті:

IMG-20220326-WA0014

– Біздің елде құқықтық негіз (база) өте төмен. Ақшасы бар адам сотта жеңіп шығады, ақшасы аз адам айыпты болады. Біздің қоғамға әділет жетіспейді. Бізде, яғни жастарда рухани дағдарыс бар. Елімізде әр мамандық иесі өз орнында отырмайды. Инженердің орнында экономист, министрдің орнында әншілер жүр. Ал шетелде әр адам – жеке тұлға. Қарым-қатынас кезінде қандай болсаң, соған лайық сый-құрметке ие боласың. Мен де шетелге  кетіп, мамандығыма  сай  еңбек  еткім  келеді.

Түйін: Қорыта айтқанда, өз біліктілігін арттырғысы келетін жастардың таңдауына қойылатын шек жоқ. Тек сол жастар теория мен тәжірибені ұштастырғаннан кейін туған елге оралып, Қазақстанның қарыштап дамуы үшін еңбек етіп, тер төксе, құба-құп. «Өз елімнің басы болмасам да, сайының тасы болайын»  дейтін  жастарымыз  азаймаса  екен.

Кәмила Омарова,

Орал қаласы

zhaikpress.kz 

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале